Ауыл мектептерін өркендетуге бағытталған жиын республика ұстаздарын елордаға жинады

Ауыл мектептерін өркендетуге бағытталған жиын республика ұстаздарын елордаға жинады

«Ауыл мектебінің өркендеуі – қоғам игілігінің кепілі» атты халықаралық ғылыми-тәжірбиелік конференцияға  ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева, NIS Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Басқарма төрағасының орынбасары Ляззат Шыңғысбаева, Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев қатысты.

Назарбаев Зияткерлік мектептері ұйымдастырған педагогикалық жиын «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында ұйымдастырылып отыр. Конференцияға еліміздің 80 ауылдың тірек мектебінен 330-дан астам мұғалім жиналса, оның ішінде Қостанай облысынан 30-ға жуық делегат қатысты.

– Халықаралық конференцияда сапалы білімге қол жеткізетін тұлға қалыптастырудың негізгі нүктелерін анықтауға тырыстым. Командасыз көшбасшының дамуы және мектептің дамуы мүмкін емес. Бізге серпін берген шабытты импульс болды. Тың идеялармен қанаттанып қайттық, – дейді Рудный қаласындағы  Бейімбет Майлин атындағы №7 тірек мектеп-гимназиясының директоры Қымбат Бірманова.

Конференцияда ұстаздарға Ұлыбританиядағы Кембридж университетінің құрметті профессоры Колин Маклафлин, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Күләш Шәмшидинова, Нидерландтағы Халықаралық Мектептер Кеңесінің (CIS) атқарушы директоры Джейн Ларссон, Ұлыбританиядағы Anglian Learning Multi Academy Trust компаниясының негізін қалаушы Кейт Эванс, литвалық психиатр Дарюс Радкявичиюс, норвегиялық суретші-карикатурашы Ойстейн Кристиансен және білім беру саласының өзге де танымал шетелдік және отандық сарапшылары өз зерттеулері мен баяндамаларын ортаға салды.

Халықаралық конференцияның секциялық отырыстарында шетелдік және отандық білім беру сарапшыларымен бірге ең өзекті тақырыптарды талдауға мүмкіндік алды.

Қостанайдағы NIS директордың орынбасарлары Рашит Тәтімбеков пен Елена Ващенко цифрлық құралдарды пайдалана отырып, оқу тәжірибесін жетілдірудің тиімді шешімдері бойынша шеберлік сыныбын өткізді. Ондағы шешімдер мен хабарландырулары бар сабақты бақылаудың цифрлық жүйесін енгізу үшін  рубрикаторды әзірлеу, белгілі бір ақпараттарды тиімді өңдеу мен талдауға  деректер қорын пайдалану ұсынылды. Тақырып бойынша жағдаяттар мен оларды шешу жолдары талданды. Семинарда цифрлық құралдардың басқару тиімділігін арттыру мен мектепте оқыту тәжірибесін жақсарту жолдары көрсетілді.

“Бұл конференция Қазақстан Республикасындағы білім сапасын арттыру мақсатында Зияткерлік және ауылдық тірек мектептер арасындағы ынтымақтастық мәселелерінің толық кешенін талқылауға мүмкіндік берді. Салауаттылық, ұстаздарға қолдау көрсету, белсенді оқыту әдістері, мектептерде жағдай жасау – үздік халықаралық және отандық спикерлер айтқан білім беру қызметінің қазіргі бағыттарының бір бөлігі ғана”, –  дейді Қостанайдағы NIS директоры Гүлнара Досқазиева.

Жаңалықтармен бөлісу