Арқалықта Республика күніне орай спорт нысаны есігін айқара ашты

   Арқалықта Республика күніне орай спорт нысаны есігін айқара ашты

 Шақшақ Жәнібек көшесіндегі  күрделі жөндеуден өткізілген бұл нысан волейбол және теннис ойындарына арналған. Жоба құны – 93 млн теңге.

Бос тұрған ғимаратқа қайта құру жұмыстары жүргізіліп, инженерлік желілер тартылды, келушілердің шынығуына қажетті  спорттық құрылғылар орнатылды.

 Қала әкімі Әмірхан Асанов аталмыш жобаның қала тұрғындары мен жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, бұқаралық спорттың дамуына зор үлес қосатынына сенім білдірді.

 Бұған дейін тұрғындарының салауатты өмір салтын сақтап, спортпен шұғылдануларына жағдай жасау үшін  19 спорт алаңы мен көше тренажерлары орнатылды. Қала басшылығы жылдың қай мезгілінде болмасын, спортпен шынығуын қамтамасыз етуге бағытталған тағы екі бірдей дене шынықтыру – сауықтыру кешендерін ашуды жоспарлап отыр.

ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Абай Сарыбаев пен қалалық спорт мектебі басшысының орынбасары Жұлдыз Рахимова нысанның лентасын қиды.

Шашу шашылып, айтыскер ақын Ернұр Әуезхан арнау жырын айтты.

   «Қаламызда спортқа деген бетбұрыс өте қарқынды түрде жүзеге асып келеді. Теннис залының ашылуы өте жақсы мүмкіндік. Кезінде спорттың осы түрінен қаламыз еліміз бойынша жоғары үштіктің қатарына енген болатын. Енді, сол үздік нәтижелерге қол жеткізуге тағы да мүмкіндік туып отыр», – дейді спорт ардагері Жұлдыз Шұғайқызы.

   Ұзақ жылдар бойы бос тұрған ғимараттың қала тіршілігін жандандыруға үлес қосып жатқанына арқалықтықтар дән риза. Қуанышты еселеген жаңа нысанда еліміздің мәртебелі мерекесі Республика күніне арналып үстел теннисінен ашық қалалық турнир өтіп жатыр.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы

                              

   

Жаңалықтармен бөлісу