Республика күні – Тәуелсіздігіміздің алтын тұғыры. Мереке қарсаңында ел дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға алғыс хаттар мен құрмет грамоталары табыс етілді.
«1990 жылы қабылданған декларация біздің еліміздің іргетасын қалады. Сол уақыттан бері еліміз де, облысымыз да дамып, өнеркәсіп орталығына айналды. Ел мен жер үшін бар күшін салып жатқан азаматтарға құрмет көрсетіп, алғыс айту борышымыз», –деді облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Абылай-хан Кәкенов.
Облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қалқаман Жақып ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдымызға қойған мақсат-міндеттері мүлтіксіз орындалатына сенімді екенін айтты.
«Бізге керегі әділетті, экономикасы дамыған Қазақстан. Мінекей, осы бағытта, облысымызда Қазақстан халқы ассамблеясы біраз жұмыстарды атқарып жатыр», – дейді Қалқаман Хасенұлы.
“Қостанай таңы” газетінің бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы еліміздің дамуына үлес қосып келе жатқан қайырымды да жомарт жандарды марапаттады.
“Республика күні – әр қазақтың санасында жаңғыратын мереке. Бұл күннің қазақ елі үшін мәні зор. Жастарымыз да елдің өркендеуіне үлес қоса келеді. Алдағы жылдарда да жетістіктерге жете берейік», – деген ақ тілегін айтты.
Диана Батырбек
Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев