Аудан орталығында көрген адамның көз тоймайтын әсем ғимараттар аз емес. Олардың қатары жыл сайын толыға түседі. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық тойы қарсаңында Ахаң мен Жақаңның жаңа ескерткіші бой көтерді. Қос арыстың әдеби мұражайы қайта жаңартылды. Жалпы, Торғайды музейлер қаласы деп бекерге айтпаса керек, бір өзінде жеті мұражай жұмыс істеп тұр. Біз солардың біріне бас сұқтық. “Торғайдың топжарғаны” атанған халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің музей-үйі 1983 жылы ашылған. Ұрпақтары ақынның тұтынған заттарын, қолжазбаларын, кітаптарын, сирек кездесетін фотосуреттерін жинақтап, екі басты үйдің бір жағын музей етіп жабдықтады. Бүгінде Н.Ахметбеков музейі қала қонақтарының жиі келетін орнына айналған.
–Музей атамыздың 80 жылдығы қарсаңында ашылды. Содан бері қура қырық жыл өтіпті. Үйдің бір басында өзім тұрамын, Музейге екі рет күрделі жөндеу жүргіздік. Атамыздың бар мұрасын жинастырып қойдық. Қазір шамамен мыңнан астам жәдігер бар. Олардың ішінде ақынның ұстаған ат әбзелдері, киім-кешегі, ыдыс-аяғы, қолжазбалары, кітаптары бар. Мұны әжеміз бен менің анам-Тұрағұл өле-өлгенше көзінің қарашығындай сақтап, бізге жеткізді. Атамыздың музейіне келушілер өте көп,–дейді халық ақының немересі Сейітбаттал Мәлікзадаұлы.
Бір сөзбен айтқанда, “Ішіне оқиғаны тиеп-сықап, тарихтың қойып кеткен арбасындай”, – деп ақын Ғафу Қайырбеков жырлаған қарт Торғайдың бүгінгі жүрек лүпілінің уақыт көшінен қалмай соғуы – ертеңге иек артқан батыл қадамның баспалдағы іспетті.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Жанкелдин ауданы