Қостанай ауданының Мәскеу ауылында техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Оның себебін Қостанай ауданының әкімі Берік Таңжарықов түсіндіріп берді.
Әкімнің айтуынша, Мәскеу ауылына су құбырын тарту жұмыстарын аяқтау үшін ТЖ жариялауға тура келген. Ауылға су құбырын тарту жұмысы 3 жыл бұрын басталған, мердігер соңғы 4 айда мүлдем жұмыс жүргізбеген.
– Су құбырын құрылыс-монтаждау жұмыстары үш жылдан бері тұралап тұр. Негізінде осы жылдың шілде айында толық аяқталуы керек еді. Шығыс Қазақстан облысынан келген “QazConstructions” ЖШС соңғы 4 айда жұмыс жүргізбеген. Әкімдікке 55 адам қол қойған өтініш келіп түсті. Мәскеу ауылының тұрғындары жұмысты жедел аяқтау шараларын қабылдауды сұрады. Осыны ескеріп, ТЖ жөнідегі кезектен тыс комиссия отырысын өткіздік. Яғни, ТЖ режимі әкімдікке орындалған жұмыстарды тексеруге мүмкіндік бердеді, – деді аудан әкімі Б.Таңжарықов.
ТЖ жарияланбағанда құрылысы 2018 жылы басталған жобаға түзетулер енгізіп, жаңа мердігер табуға байқау жариялау ісі ұзап кетер еді деп түсіндірді жергілікті әкімдік.
– Шамамен жұмыстың 75-80 пайызы бітіп тұр. ТЖ режимін енгізу арқылы мердігерді дереу анықтап, жұмысты желтоқсан айына дейін бітіруді көздеп отырмыз. Сапасына да мән беруіміз қажет. Мердігер ұйымға қосымша қаржы бөлінген жоқ, қалған ақшаға жұмыс жүргізетін болады, – деді Б.Таңжарықов.
Жоба құны – 859,6 млн теңге. Биыл мердігер 250 млн теңгенің жұмысын орындауы керек еді, бірақ шамамен 18 млн ғана игерілген.
– Бұрынғы мердігер менің қабылдауымда екі рет болды. Жұмысты ары қарай жалғастыруға қаржысы жоқ екенін айтты. Ал біз әлі орындалмаған жұмыс үшін қаражат төлей алмаймыз, – деді аудан әкімі.
Мәскеу ауылында 1500 адам тұрады. Уәде етілген мерзімде су құбыры тартылмаса, әкімдік жұмыс аяқталғанша суды уақытша тасымалдап жеткізу шарасын ұйымдастырмақ.
Сералы МЫРЗАБАЙ