1 қазаннан бастап облыста тұмауға қарсы иммундау науқаны басталған еді. Бұл шара 15 қарашаға дейін жалғасатын болады. Тіркелген жері бойынша емханада тегін негізде вакцинациялау қауіп тобына жататын адамдарға жүргізіліп жатыр. Облыста 85000 адамды немесе 9,9% егу жоспарлануда. ДДҰ ұсынған жағдайда кемінде 10%. Вакцинация А типті (H1N1, H3N2) және В типті тұмаудан қорғайтын ресейлік үш валентті “Гриппол плюс” вакцинасымен жүзеге асырылады.
–Бүгінгі таңда 14637 адам тұмауға қарсы вакцинамен егілді. Оның ішінде медицина қызметкерлері, мектеп оқушылары, жүкті әйелдер мен созылмалы аурулары және эпидемиологиялық көрсеткіштері бар азаматтар бар. Тұмауға қарсы вакцинациямен жоғары қамту ұжымдық иммунитетті қалыптастырып, эпидемияның пайда болуына жол бермейді, – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ермұханбет Даулетбаев.
Тұмау қозатын күз айларында үнемі қолды жуып, құрамында С дәрумені бар тағамдарды мүмкіндігінше көп жеген абзал дейді мамандар.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА