“Тобыл” ӘКК АҚ “Ауыл аманаты” бағдарламасына республикалық бюджеттен бөлінген жалпы сомасы 1,6 млрд теңге екі траншты игеруді аяқтады. Қаражат кірістерді ұлғайту мақсатында ауыл тұрғындарына қарыз беруге бағытталған. Бұл бағдарлама жергілікті тұрғындар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Яғни, осы кезге дейін “Ауыл аманатына” 788 өтініш түскен. Кредиттік комиссия 280 өтінішті мақұлдап, оларға 1 млрд 600 млн теңге несие берді. 2,5% пайыздық жеңілдетілген несиеге атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жұмыссыздар, өзін- өзі жұмыспен қамтығандар, зәкірлік кооперация қол жеткізді. Қалған сома жаңадан іс бастаған кәсіпкерлерге тиді.
Мамандардың айтуынша, несиенің басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысқысы келетін ауыл тұрғындарына берілді. Алдағы уақытта тұрмыстық қызмет көрсету саласында 29 жоба, құс шаруашылығында 5 жоба, көкөніс шаруашылығында 2 жоба және балық шаруашылығында 1 жоба ел игілігіне айналмақ.
Жаңа жобалар жүзеге асқанда кемінде 300 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қазіргі уақытта ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті органдармен бірлесіп “Ауыл аманаты” бағдарламасына қатысуға үміткер азаматтардың санаттары мен кредиттеу бағыттарын айқындау үшін алдын ала жұмыс жүргізіп жатыр. Айта кету керек, бағдарлама шеңберінде үміткерлерге барлығы 4 млрд 816 млн теңге несие бөлу қарастырылған.
Әлібек ЫБЫРАЙ