Облыста биыл 500 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтереді. Соңғы сегіз айтың қорытындысына сүйенсек, 2 723 пәтер пайдалануға берілген. Ең көп үйлер Қостанай, Рудный қалалары мен Қостанай ауданында салынған. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиында құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Динара Ихласова айтты.
Жалпы облыста орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 115,2 млрд теңге. Аудандар бойынша Бейімбет Майлин, Жанкелдин және Қамысты ауданында құрылыс көлемі төмендеген.
– “Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері” ұлттық жобасы және “Аманат” партиясы арқылы жыл сайын жеке тұрғын үй құрылысына арналған 634 жер учаскесін инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз ету көзделген. Алайда, Рудный, Жітіқара және Лисаков қалаларының әкімдерінен басқа аудан мен қала басшылары бұл бағытта жұмыстар атқарып отырған жоқ. Бұлай жалғаса берсе қойылған межеге қол жеткізе алмау қаупі бар, – деді басқарма басшысы.
Айта кету керек, облыста жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімі кезегінде 60 209 адам тұр. Мысалы, Қостанай ауданында 19 194 адам жер кезегінде. Бұл аудан жыл соңына дейін 53 мың шаршы метр тұрғын үйді тапсыруды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда 37,5 мың шаршы метрі пайдалануға берілген.
– Тобыл қаласында “Астана” және “Бәйтерек” шағын аудандары бой көтереді. Құрылыстың жалпы ауданы 176 гектар. Бұл 60 мың адамды үймен қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, осы аумақта 3 балабақша, 1200 орындық мектеп, көпбейінді аурухана мен перинатарлық орталық және көпфункциялы спорт кешенін, сауда ойын-сауық орталығы салынады. Келер жылы 300 мың шаршы метр болатын көп қабатты 49 үйдің құрылысын бастаймыз, – деді Қостанай ауданының әкімі Берік Таңжарықов.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жекеменшік компаниялардың жұмысына назар аударды. Олар бос аумақтың тапшылығынан көп қабатты тұрғын үйлердің тығыздығына қарамастан құрылыс жұмыстарын жүргізуде.
– Қостанайда бос аумақтардың тапшылығына байланысты жекеменшік компаниялар жылдар бойы көпқабатты тұрғын үйлердің арасына сыналап, құрылыс салып жатыр. Жергілікті билік өкілдеріне прокуратурамен бірлесіп құрылысқа барлық құжаттардың берілуіне талдау жүргізуді тапсырамын. Мұндай құрылысқа бұдан былай рұқсат қағаздарын беруге тыйым саламын. Сондай-ақ, үйлерді салу кезінде аумақты абаттандыруға ерекше назар аудару қажет. Аула инфрақұрылымы абаттандыру ережелерінің барлық нормаларына сәйкес келуі керек. Салынып жатқан нысандар мен аулаларды аралау барысында алаңдардың сапасыз жабдықталғанын көріп жүрмін. Бұдан былай арзан және сапасыз балалар ойын құралдарын орнатуға тыйым саламын. Балалар мен спорт алаңдары тек сапалы материалдардан жасалуы керек. Барлық конструкциялар берік және сенімді орнатылуы керек, адамдардың қауіпсіздігі бәрінен жоғары тұруға тиіс, – деді Құмар Ақсақалов.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ