Серікбай Оспанұлы республикалық әдеби байқаудың жеңімпазы атанды

Серікбай Оспанұлы республикалық әдеби байқаудың жеңімпазы атанды

Ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, мақтаныш тұтар жерлесіміз Серікбай Оспанұлы «Әдебиет. Рух. Қоғам» республикалық әдеби байқауының жеңімпазы атанды.

Ақтөбедегі дәстүрлі әдеби байқауға биыл ұзын саны 179 қаламгер қатысқан. Әдебиеттің сан түрлі жанрында сынға түскен ақын-жазушылардың үздіктері 11 аталым бойынша іріктелді. Бұл додада әйгілі ақын Серікбай Оспанұлы да жеңімпаздар қатарынан көрінді. Ол Өтежан Нұрғалиев атындағы номинация бойынша топ жарып, 1 млн теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Ағамыз байқауға «Өтежан жұмбағы» атты бірнеше бөлімнен тұратын циклді балладаларын қатыстырған. Жүлдегер шығарманы назарларыңызға ұсынамыз!

ӨТЕЖАН   ЖҰМБАҒЫ

         (БАЛЛАДАЛАР)

 СЫР-АҒАҢ  ШЕРТКЕН СЫР

Өтежан алда көрмегі көп, келешегі мол ақын.

                                                                                    Сырбай Мәуленов, 1969.

Өлең-өмір,

Өмір – толы тағдырға,

Ақындар да – сансыз өзен, сан жылға…

Сырбай ойлы.

Сыр іздейді әр сөзден,

Өтежанның  жатыр жыры алдында.

 

Еркін неткен?!

Ерекше екен өлеңі,

Қайта-қайта маржанына төнеді.

Тахауидың түсті есіне

Ол жайлы

«Өлеңдері сұлу,

Мөлдір!»- дегені.

 

Өнбойында тазалық бар

Бұл ақын

Бозбала еді өмір сырын ұғатын.

Соңғы кезде сергек қарап,

Болып жүр

Өлеңдерін оқиғаға құратын.

 

«Тракторшы ақын» алғаш атанған,

Өсіп енді,

Келеді озып қатардан.

Жырлары ұнап,

Адуынды, арынды

Әбділдәдай ірі ақыннан бата алған.

 

Ерекше деп қабылдаған ел үнін,

Сол Өтежан қыздырып жыр көрігін,

Соны соқпақ,

Таба алды ма жол жаңа,

Ақтады ма ағалардың сенімін?!

 

Ол жайында жаздым талай мақала,

Мақала да, еді оларым бата да!

Қалай алып келе жатыр

Аудармай

Артқан жүкті Алла өзі арқаға?!

 

«Түскендей қалқып көктен гүл,

Жан едің қызық неткен бір.

Неткен бір қызық жан едің,

Аспаннан келді-ау әлегім.

 

Әлегім келді-ау аспаннан,

Бар екен сенде басқа арман.

Басқа арман сенде бар екен,

Болмай қалды мерекем».

 

Жауа берсін көктен гүлдер себелеп,

Тамаша ғой!

Жазған нықтап шегелеп!

Өлеңінде

Қайта-қайта бір сөзді

Кері қарай қайталауы -керемет!

 

Қайталауда –ырғағы өлең түрленіп,

Әрлендіріп,

Қуат- күш те тұр беріп.

Сөз ойнату, құбылтуы – жаңалық,

Алуан түс тұрғандаймын гүл көріп…

 

«Әндетіп жел, дөңгелейді қалқып күн,

Қалай берем нәзік сырын көкейдің?

Отан-Әке!

Қай ұлыңнан артықпын,

Қайтсем ғана борышымды өтеймін?!».

 

Бұл – тапқырлық!

Жаңа ашылған бұл – кеніш!

Әр жолыңда – тебіреніс, ізденіс!

Тұр өлеңде қасиеті ақынның,

Тоғышарлық,

Жоқ амалы күнкөріс.

 

Ақындығы, жан байлығы, жан нұры… –

Жырларында атойлап тұр бар қыры!

«Қырсық» дейді,

Қырсықтығы Өтежан –

Көрген күні,

Көрген құқай…

Тағдыры!

 

«Сәулем үшін,

Сәулем үшін сүйікті

Арқалаймын кеудемдегі күйікті.

Алтын жатқан аласаны алмаймын,

Биікті бер, сұлу тұрған биікті!».

 

Дәл осылай армандасын барша адам,

Арзандарға алданғандар, шаршаған.

Түбінде бір биіктерге жетеді

Адамдықтың биіктігін аңсаған!

 

Өмірге ақын іңкәрлігі бар мұнда,

Тұлпарлығы,

Сұңқарлығы бар мұнда,

Байқалады жалын, әсер алғыштық,

Тазалығы – махаббаты алдында!

 

Өлеңінен көрем Жемнің толқынын,

Жыр жолында алмай келеді ол тыным.

Жаңа өлеңдер жарыққа әлі шықпаған, –

Таза күміс!

Сыңғырындай шолпының!

 

Асыра да,

Айтылса да ащы да,

Шындық-шынар!

Жарып шығар тасты да!

«Мың тоғыз жүз алпыс тоғыз» деп жазып,

«Басылсын!» – деп қолын қойды ол астына.

 

 ЖАҢА ӨЛЕҢ

 

Ақын қандай болады десе, ақын мынадай болады деп, Өтежанды көрсетуге боларлық.

         Мұқағали Мақатаев.

Ескі жоғалмаса, жаңа аман болады.

                          Өтежан Нұрғалиев.

Сабақ алған Өмір атты ұстаздан,

Нұрғалиев жырға, сырға құштар жан.

Қаламы оның

Сегізінші сыныпта

Жарқамыста, интернатта ұшталған.

 

Ең көрікті интернаттың үйі еді,

Жетімдерді жетілдірді-сүйеді!

Ол бейне бір секілді еді домбыра,

Ал, Өтағаң болды кейін тиегі.

 

Домбыраны шешен етті- сөйлетті,

Шартарапқа жырға айналып ой кетті.

Ұстаз болды, өнер қуды жігіттер,

Өндірқыздар- мөлдір қыздар бойжетті.

 

Әдебиет – мәдениет сабағы,

Айтса әңгіме, қос жанары жанады.

Ұшағына ақ арманның мінгізіп,

Құшағына тартты барлық баланы.

 

Қайталанбас тым ерекше жан еді,

Сонда ақындық!

Афинаның әлемі! (1)

Асыра айтып қоятыны бар еді –

Өтағаңның «өтірігі» де ол әдемі!

 

Асыра айта алмаса ақын ақын ба?!

Бір әңгіме шертейін мен, ал, тыңда.

Жазушылар Одағында жолықты,

Бар қасында Мұқағали –нар тұлға.

  1. Ақынның «Афина мектебі» кітабы – философиялық поэзия.

 

Істеріне таң қаламын, сүйінем,

Ашылғандай болдым сол күн, бұйығы ем.

Алматының астын, үстін аралап,

Бірақ шықтық Өтағаңның үйінен.

 

Самаурындар, сағат, ыдыс, жәшіктер –

Ескі бәрі,

Сыр шертеді ашып көр.

Ертегідей елес беріп есіктер,

Көз арбайды жанға шуақ шашып төр.

 

Мұражайға –

Қазынаға қамалып,

Қарап қалдық.

Мұнда бір сыр бары анық?!

Үй иесі қалды білем түсініп,

Жаңа, қымбат – емес –деді – жаңалық! –

 

Бірақ оны елдің бәрі ұғып па,

Жиһаз жинау жоқ қой біздің ғұрыпта.

Дүкен толы үстел, тұр ғой орындық,

Ал мыналар дейді: «Өткенді ұмытпа!»

 

Бәрі: «Ескі, ескі зат қой!» -деседі,

Ата-анамды көрген бұлар кешегі!

Ғасырлардың,

Асылдардың серігі,

Бәрінен де бір жылы леп еседі.

 

Кешегісіз көре алмаймын бүгінді,

Өткен күнге тізем талай бүгілді!

Бүгінді ойлап – сырласамын өткенмен,

Кейінгіге, біле білсе, бұл – үлгі!

 

Қайран қалам сәулетшілер ісіне,

Көп жайды олар бермейтіндей түсіне.

Бар қалада үйлер бірдей – тас қорап,

Бір-бірінен айнымайды іші де, –

 

Деп Өтағаң өлең оқи жөнелді,

Ешкім байқап, елеместі көреді!

Жамыраған қозы-лақтай секіртіп,

Үміт сөзді үсті-үстіне төгеді:

 

«…Аймағыңа алтын төктік, гүл ектік,

Қыз өсірдік, ұл өсірдік түлек қып.

Саған салқын қарамасын деп айға

Ракета қондырғанбыз жүрек қып.

 

Туған далам, байтақ далам,кең, алып,

Жыл түнінде жатырсың сен дем алып.

Әр сайыңа қашқан уақыт қамалып,

Әр төбеңе шығып жатыр жаңалық …»

 

– Егіз ұғым – ақындық пен даналық, –

Деді Мұқаң – сенде ақындық бары анық!

Жаңа өлең бе?

-Жаңа өлең! – деді ақын,

– Өтешім-ау, әрбір сөзің жаңалық!

 

Бар болмысың – алған демің- тынысың,

Мінез-құлық,

Әр қимылың, жүрісің

Поэзия үшін ғана жаралған,

Шымыр өлең,

Шындығыңмен ұлысың!

 

Терең ой мен образ ғой – бағы өлең,

Шөлім қансын, оқышы отты тағы өлең! –

Деді Мұқаң.

Үйдің іші құлпырып,

Жаңарғандай болды маған бар әлем!

 

Қарамайды ессізің бе, естің бе,

Ілестіріп кетіп жатыр көш күнде…

Еш ақынға ұқсамайтын Өтағаң,

Мінезі де ұқсамайтын ешкімге.

 

Қимай-қимай қоштасқанбыз ағамен –

Құшағына алды «алып, дала кең».

Бірақ оның жазғанының бәрі де

Жаңа лепті,

Жаңа тыныс,

Жаңа өлең!

 

ШАЛБАР ӘНІ

 

 Ерекше күйініп, ерекше сүйініп, ерекше түңілетін Өтежан Нұрғалиев әлі сол өте жұмбақ қалпында.

                                         Әбіш Кекілбайұлы.

 

Өтағаңның өлеңінде сан ырғақ –

Ескі ырғақ,

Жиырма буын жаңа ырғақ!

«Шалбар әнін» жазып еді ол бірде,

Сынады-ай кеп сыншы біткен жамырап.

 

Тұрып жатқан алыс –

Елдің шетінде,

Жүрген жүдеп суық желдің өтінде,

Қалай ғана қуанбасын,

Армандай

Жамауы жоқ шалбар тисе жетімге?!

 

Ондай шалбар ол кездері жоқ елде,

Күн көргендей болғаны рас көргенде!

Ең алғашқы қуанышы  сол еді,

Қалай енді қоспайды оны өлеңге?!

 

Қалай оны өлең демес,

Ән  демес,

Көргендер де оған қалай мән бермес?!

«Қыр сындырып жатқанында су бүркіп…»

Қалай оны тазаламас, сәндемес?!

 

Мән бермейміз өткен-кеткен көп іске,

Жоқтық езді,

Жеткенмен ел Жеңіске.

Сұм соғыстың тұрған жоқ па ед лебі есіп,

Бала еді ғой жаңа толған он үшке.

 

Соғыс өртін жеткізеді өлеңмен,

Одан басқа ол не түсініп,

Не көрген?!

Тамаққа да жүрген жоқ па ек жарымай,

«Бақыттымыз, бақыттымыз!» дегенмен.

 

Байқалады «Шалбардағы» лебізден,

Талай гүлді желік буған жел үзген!

Емес еді шыққан сөз бұл жүректен,

Кеңес еді «Бақыттымын!» дегізген!

 

Талай мықты емендерді қуратқан,

Намыстының қан тамырын тулатқан!

«Нұрғалиев өлең жазды шалбар деп…» –

Сол Кеңестің ұраны еді шулатқан.

 

Сенбесеңіз қайта оқыңыз «шалбар –ән», –

Шалқар шаттық бала көңілін алдаған,

«Аштық бізде болған жоқ!»,- деп зар қақтық,

Өтежан да «болды ғой» дей алмаған!

 

Ол заманның үгіті де сол еді,

Үгілсе де, үміті де сол еді.

«Аш ек» десе, шықпасы анық өлеңі!

Шықпақ түгіл…

Қызметтен қуылып,

Орнар еді ақырзаман түнегі!

 

Деген бар ғой: «Жұрт біледі, күледі…»

Біле тұрып ішке бәрін бүгеді.

Өтежанның өлеңі бұл

Іштегі

Өксігінің  сыртқа шыққан үні еді!

 

Біздің елмен болмаса егер қоңсы орыс,

Қазақтарға керек пе еді сол соғыс?!

Аяп кімді өлтірмеді сол соғыс,

Аяп кімді кем етпеді сол соғыс?!

 

Бар қазақтың кеудесінде қайғы ұлып,

Талай боздақ қанатынан қайрылып,

Жетімдердің тоғытылды үйіне

Ата-анадан қалған бала айрылып…

 

«Шалбар әнін» түсінеміз бұл күнде,

Басымыздан өткен жай ғой біздің де.

Архангельден алдырды атам бір шалбар,

Кірген жоқ ек «Жәрдем бергіш» тізімге.

 

Киім киіп туғандай боп жүресің…

Түсінесің,

Бастан өтсе,  білесің!

Маған берді сол шалбарды ағайым,

Екі бірдей  тоздырғасын тізесін.

 

Толған «құлақ» –

Байқаса да жан-жағын,

Өтағам-ай, өлең еткен арманын.

Өрттен де қауіпті еді деген сөз –

«Бақыт деген менің тұңғыш шалбарым».

 

Шошып бәрі:

«Сөзі емес, – деді- естінің»,

Сынағанды оқып, талай естідім.

Өзекті өртер өкініші еді бұл өлең,

Аштық  сырын,

Түзелді ғой көш бүгін.

 

Бұл күндері киімді ойлар жан бар ма,

Бала бар ма қуанатын шалбарға?!

Жырламайды атын атап ешкім де,

Кім балайды бақытқа оны, арманға?!

 

Ел басынан көшті азап, көшті мұң,

«Шалбар әні» – жаңғырығы ескінің.

«Бақыт-дейді- менің тұңғыш шалбарым»,

Өтағам-ай, баса алмай тұр өксігін…

 

***

 

«Бақыт деген не?»- деп барлық адамға

Айтты Өтежан Тәуелсіздік заманда –

Бақыт деген – еркіндігі еліңнің,

Бақыт деген – өскен егін далаңда!

 

Ортамызға оралды ғой арман күн,

Бақыт деген – атуы аппақ таңдардың.

Қуаттанар,

Шуақтанар бұл өмір

Ұлт рухы бостандығын алған күн!

 

Халықты ойлап, бір ауыздан ел десек!

Бұдан да әлі нұрлы болар келешек.

Бізді аш қылған арамзалар кім еді,

Кеше біздер тойып тамақ жемесек?!

 

«Бұл ауыр хал сол күндердің елесі ед…

Сол күндерге қайта оралу неге сеп!?

Әрең жетті елуінші жылдарға

Екі қапшық ұн көтерген  Көк Есек…

 

Бұл жағдайды айтып берсем сіздерге,

Сол жылдарғы түсіп алып іздерге,

Нанасыз ба, нанбайсыз ба, білмеймін,

Нан болған жоқ десем сонда біздерде!?..

 

Екі жасқа толмаса да көк Есек,

Күш жағынан баспақпенен теңесед.

Дәл сол күні сол жануар болмаса,

Сол бір кеште сол бір нанды жемес ек!

 

Ақтам менен Төбекөңнің арасы –

Жиырма екі шақырымдай, шамасы.

Көк Есекке екі қапшық ұн артып,

Үйге қайтты Ақбөпенің баласы…»

 

Шыдап тасты, бұралаңды жолға да,

Бұрылмады оңға да, не солға да.

Екі қапшық есекке артқан қара ұнды

Ауылына алып келді сол бала.

 

Күндер еді қауып-қатер қамаған,

Өмір үшін күресті ғой әр адам.

«Екі қапшық ұн!»- дейді ол мүдірмей,

«Бақыт не?»- деп сұрашы сол баладан.

 

«Батырмай-ақ қойсын күндер олжаға,

Өткенді айтпай, болашақты болжама,

Қалай, аға, сол бір күнді ұмыттың?-

Деп айтпаса болды маған сол Бала!

 

Таусылмаймын тақырыпсыз торығып,

Адаспаймын айдалада зорығып…

Болашаққа барар  жолды сұраймын

Аңда-санда сол баламен жолығып… »

 

«Өкініштен ала білді өрлікті,

Қасіреттен қасиет ол өрбітті».

Жаны деді,

Бағы деді халықтың,

Өр мінезді өлеңдерін ел күтті.

Өлеңдері елеңдеулі ел-жұртын

Сенім беріп,

Серпілдірді,

Сергітті!

 

Өтежанның білем десе кім мұңын,

«Шыңыраудың түбіндегі шындығын»,

Өрге ұмтылған өлеңдерін оқысын,

Сырын,

Шынын ақтарады жыр бүгін…

 

Қаймағы деп бетін қалқып…

Қоймаңыз,

Тереңіне –

Себебі не?!

Бойлаңыз.

Жетім бала Өтежан боп ойлаңыз,

Еркін дала ұланы боп ойлаңыз…

 

ЖЫНДЫ ӨГІЗ

 

Жиырма жасқа жетер-жетпесте поэзия көгінде жарқырап көрініп, сол биігінде отырып шашасына шаң шалдырмаған қазақ ақыны біреу ғана – Өтежан Нұрғалиев.

 Сағат Әшімбаев.

 Бұл өлеңді оқып бір кез күлгенбіз,

Күлгенмен де ішкі сырын білгенбіз.

Білгенмен де не айтпағын жасырып,

Жаза да алмай,

Айта да алмай жүргенбіз.

Жұрттың бәрі басқармаға бас ұрса,

Оны жалғыз тыңдамайды жынды өгіз…

Құдайға емес, Сталинге табынып,

Ол күндері бас ұрмадық кімге біз?!

 

«Дала ыстық. Үйдің іші тымырсық,

Мес пенен шал. Қыл мен қыбыр ыбырсып,

Өңшең семіз жарылардай қоңынан,

Есік алды жатты қойлар ыңырсып.

 

Басқармаға батпаса да тісі әлі,

Көмекбайдың жатты ішінде пышағы –

Жалғыз шалбар, жалғыз көйлек Көмекбай

Жауға шапқан жалаң төске ұсады.

 

Жалғыз өзі мың жау шапқан қамалдай,

Күндіз бағып, түнде – күзет… дем алмай

Жарылғалы отыр екен жалғыз шал…

Шай-су іздеп ауданға да бара алмай… »

 

Жынды өгізді маңдайға ұрып үгердей,

Басқарма ,әне, балтасын ап тұр өрдей.

«Жоқ, барам!» – деп ұмтылады өтірік,

Жағымпаздар өлесің деп жібермей…

 

…Өрге өрмелеп Қарсақбасы қырында,

Асыр салған Ақшығанақ құмында,

Кеңшілік те өгіз жайлы жазды өлең,

Өтежаннан кейін бе, әл де бұрын ба?

 

Жаралғандай жан ғой өлең отынан,

Торғайының толқынындай толқыған…

Лениннің туған күні

КазГУ-де

Сол өлеңді шабыттана оқыған.

 

Ерсі көріп

Құптамаған бұл ісін,

Ғафу ақын сабардай боп інісін,

Оқып өлең саясатқа сай келер,

Кетті ағылып кеңнен алып тынысын.

Заман-ай сол

Темір ноқта кигізген,

Не үшін өлең, жазушы едік кім үшін?..

 

Жастар жағы гулеп сәтке, толқыды,

Белгілі еді бұл толқудың төркіні…

Араласып жүреді екен Кеңшілік,

Өтежанмен таныстырды сол күні.

 

Іздедім бе ізет, мейрім, жан емін,

Кезген кезім ақындықтың әлемін.

Оқығанда Өтағаңның жырларын

Сегізінші сыныптағы бала едім.

 

Өтежанның ақындығын білгенмін,

Жазып жырын қабырғаға ілгенмін.

Ал, мың тоғыз жүз жетпісінші жылдары

Алматыда КазГУ-де оқып жүргенмін.

 

Талай нәрлі туынды елге табыстап,

Жастық шақ-ай,

Кетті бізден алыстап.

Жынды өгіз – Өтежанның өгізі,

Кеңкеңдікі – тиген өгіз шанышқақ.

 

Ауылдардың күш –көлігі негізгі –

Кем көрмеуші ек пілден, зілден өгізді.

Тасып қырдан астықты да, шөпті де,

Қырманға да апаратын сол бізді.

 

Тракторы, өгіз еді аты да,

Иелерін теңейтінбіз  батырға.

«Мөштекқасқа», «Қалмұқанкер», «Бөкенкер» –

Аттары да нық жігіттер атында!

 

Бәрі бүгін айналды ғой елеске,

Елеске енді барады ұқсап Кеңес те.

Жынды өгіз бен тиген өгіз шанышқақ –

Сол заманның бір болмысы емес пе?!

 

Өткен өмір еткен іспен өлшенер,

Өлең  өлмес!

Ғасырларға жол шегер.

Дәл осындай салары анық сурет

Қылқаламның ол шебері болса егер.

 

Бұлқынғаннан үрейлендік жаға ұстап,

Құлқынқамнан кете алдық па алыстап?!

Кете алдық па?!

Айтыңызшы нан ұстап!

Шындықты айтсаң, сол Кеңестің кезінде

Кімге, сірә, тимеп еді шанышқақ?!..

 

Бодан кезде бола алмады «тәртіпті»,

Өлеңдері тек өзіңе тартыпты!

Ел мақтауын ести ме енді?!

Болды рас.

Дейтін  еді «Өлген ақын бақытты!».

 

***

Осы жағдай болып тұр-ау елге сын,

Ақындардың айтпасақ та өңгесін –

Тоқаш, Ізтай, Сағида да жоқ орден,

Мұқағали атақ алды өлгесін…

Болашақтың балалары

Соғысты,

Олар көрген қиындықты көрмесін!

 

Даңғыл жолдан, бұл әлемде көп бөгет,

Үміт күткен болады деп шоқ терек,

Жай ұрғандай көктей солды көк терек…

Жүрегінен айрылғандай еді-ау ол

Бұл өмірден өтсе егер де өкпелеп.

Қан майданда болмаса да Өтағаң

Қақтығысты қасіретпен бетпе-бет!

Оқтай ұшып, оттай жанды

Өйткені

Қақтығысу үшін жанға от керек!

 

Биікті ойлап, биік мақсат көздеген,

Кеңес елін кереметтей кезді өлең.

Ақын еді ол қиындыққа төзгенмен,

Қиқарланып, қиянатқа төзбеген.

Себебі сол – шәлкем-шалыс мінездің,

Өлеңі де оқшау тұрса өзгеден.

 

Мүжілген жоқ!

Қайрағына ел қайралды,

Аш көздікке ашты аяусыз майданды!

Құлатпады Арын, Ақын тағын да,

Ұнатпады ұлы жолдан тайғанды!

Шапқылатты шартарапқа шабытын,

Атқылатты

Бұлақтарды,

Қайнарды!

Елдің сөйтіп сүйіктісіне айналды!

 

 КЕРІ ЖҮРУ

Шындық та жөтел сияқты

                            Жыбырлап тұрар тамақта.

                                               Қадыр Мырза Әли.

 

«Құмға батқан машинаны көрдің бе?!

Қызыл май боп қолдың ұшын бердің бе?!

Я, болмаса тұрып алып селтиіп,

Ыза болған шоферіңнің  «нервінде» –

 

Ойнадың ба? Таныстың ба «жартымен?»

Ішкіштердің жасымен де қартымен?

Кері кеткен шоферларды көрдің бе,

Ылғи ғана жүретұғын артымен?

 

Құмға бату… Айдалада – қызық ән,

Жолдың тату бұйырған дәм-тұзынан.

Менің өзім – жүре алмай қап ілгері,

Кейін қарай жүретінге қызығам…»

 

Құм боранда кетсе бәрі көрінбей –

Қорқынышты Қорқыт баба көріндей…

Машинасы батса құмға,

Алды– құм,

Қайтер шофер кейін қарай шегінбей?!

 

Шындық еді!

Емес еді сұмдық ой!

Демеңіздер кер тартпа ғой,

Жынды ғой!

Машинасы батып қалған шофердай,

Кеше еліміз кейін қарай жүрді ғой:

 

Жол іздеді…

Жасады бар амалды,

Таппады да,

Дей алмаймын таба алды.

Социализм дәуірінен

Қайтадан

Капитализм қамалына қамалды.

 

Дауыл көрді, жауын көрді, от көрді,

Ұлы Еліміз бастан бәрін өткерді.

Кейін жүру – қиындықтан шегіну,

Кейін жүру – есіңе алу өткенді.

Кейін жүру – алға басу үшін де

Елге жайлы іздеу жақсы өткелді.

 

Қанша күшті,

Болсадағы қынулы,

Абай ішкен ішпед дейсіз кім уды?!

Түсіндіріп,

Тұшындырып, түрлентіп,

Жазған ғой ол «Кейін қарай жүруді».

 

Демеген ғой қай халық та алтынды ем,

Жан жазылмас,

Тән жазылмас жарқылмен!

Дәру етіп,

Қару етіп Сөзді есті,

Өтағамыз жырлады ерек қарқынмен:

 

«Шіркін, жүру мүмкін болса артыңмен,

Кездесер ем көрмей кеткен қартыммен.

Өмір дейтін Үлкен Жолдың бойында

Кездесер ем кездеспейтін әркіммен!!»

 

Ол осылай ақтарады арманын –

Жасаймын деп жасай алмай қалғанын,

Қуанышын, қол жетпеген ардағын,

Зар заманын, басқа тағдыр салғанын,

Өлген өшпей, өшкен қайта жанғанын,

Өткен күндер қайта оралса,

Бітпеген

Ісін қайта ақылменен жалғарын.

 

«Тәжібаймен… Жақиямен…Шоқатпен…

Жатар едім жағаласып Жапақпен…

Қамшы үйірген Ақеділдің үстінен

Тайлақ құсап кетер едім тапап мен,

 

Аймолдамен, Жолайменен, Көшермен,

Сәйтпек дейтін ұр да жықтау есермен…

Балтөремен, бақырауық Батанмен,

Шешпей кеткен мәселені шешер ме ем?

 

Жетім қалған Сламғали… Изелмен…

Кездесер ме ем кездерінде күйзелген,

Жалғыз рет жасар ма едім жігіттік

Кете бермей күн өткізіп күйбеңмен!».

 

Өткен күнді мәрмәр сөзден қашайды,

Бедерлі етіп бейнелерін жасайды.

Қорғандарды, тау-тасын ел жыр етіп,

Ормандарды, аралайды әр сайды.

 

 

«Келіншекке қырындап жүр басқарма…

Кәрілер жүр ақыл айтып жастарға…

Бригадир айқайлап жүр өгізге…

Самолеттер қалықтап жүр аспанда…

 

Жылды жеген күн, айлардың жұлмалап,

Үлгермейсің беттеріне бір қарап.

Кетіп жатыр коньки таққан секунттар

Мұз таулардың бетіменен сырғанап!

 

Бәрінің де өз қамы бар, өз мұңы…

Қылаңы бар, қоңыры бар, бозғылы,

Тентек бәйге бара жатыр төс қағып,

Табанында шаңдақ шаңның тозғыны.»

 

Артқа жүру – дәстүр –салтын ұмытпау,

Болған кеше қамқор  халқын ұмытпау.

Артқа жүру – кері кету емес тек,

Өткен-кеткен жайларды да сұрыптау.

Ұмтылғанның ұмтылысын ұмытпау,

Бұлқынғанның бұлқынысын ұмытпау.

Құлдық мінез, құлқындарды құлыптау,

Сонда ғана бас иеді Үміт-тау!

 

Өтағам-ай, өр Шындықты қолдайды,

Шынжыр үзіп, Шындық бір жыр толғайды.

Адамзатқа Ар атынан  тіл қатып,

Жүрек сөзін,

Жан сәлемін жолдайды.

 

«Мынау шаңға көмілуге болмайды,

Бұдан әрі шегінуге болмайды!

Кез келгенге егілуге болмайды,

Күз келгенде төгілуге болмайды,

Сол кезде де шегінудің жолы бар –

Шектен шыға шегінуге болмайды!!!».

 

 

Жеңдім-ау деп желігуге болмайды,

Кеуде керіп керігуге болмайды.

«Өмір деген – жолда Жатқан Жолбарыс,

Жеңу керек, жеңілуге болмайды!»

Келер күнді – болашақты болжайды,

Ол қыран ғой!

Жерге аласа қонбайды!

Тербеледі өлеңінің бесігі,

Айтады әлі жыр әлемі ол жайлы!

Ол – өмірлі!

Өлең – гүлі!

Солмайды!

 

ШЫНДЫҚ ПЕН ӨТІРІК

 

                       Әділеттің жүрегінен табармыз

Ағайынның адастырған Шындығын.

                                               Өтежан Нұрғалиев.  

 

Тұрған кезі ертең жоқ боп, бүгін бар.

Көбейген тұс жетім бота, құлындар…

Мың тоғыз жүз отыз сегіз –

Тажалды

Туды Өтежан қырғынында қызылдар.

 

Елдің іші қасіретті,

Мұңды еді,

Өтіп жатты үрей толы күндері.

Жалаңаштық, аштық, жоқтық, кемсіту

Өтежанның көргені есін білгелі.

 

Өлеңдері айтады оның қал-жайын,

Ауылының,

Үй-ішінің жағдайын.

Оқыңызшы «Бойжеткенін», «Берікбай»,

«Мұз үстінде тәуекелін», «Маңдайын».

 

Жоқтау болды естігені құлағы,

Жесір, жетім көз алдында тұрады.

Өтірікке толып кеткен заманда

Айтса өмірін

Кінәлі боп шығады.

 

Жоқты ол кезде айту қиын жоқ деп те,

Жасырады жиған-терген кетсе өртке.

«Біз Ильич ұрпағымыз!» дегізіп,

Жалғандықты үйретеді мектеп те.

 

Айтты әндетіп ұстаздар да, ұлан да,

Сеніп қалдық, ет үйренді бұған да.

Бұзаудайын кімге апарып  теліген

Ата- бабаң,

Әкең-анаң тұрғанда?!

 

Сырын айту,

«Шынын айту қиын-ақ…

Жалған жатыр біреулерге жиі ұнап».

Өтежанның отбасының кірісі –

«Жәрдем ақша» – бес сом, алпыс тиын-ақ».

 

«Жәрдем ақша» үй ішін мәз ететін,

Ақша алған күн көңіл көкке кететін.

«Әжептәуір аяқтанып, жан созып»,

Шай алуға, қант алуға жететін.

 

Өтежанның жырындағы сыршылдық,

Өтежанның жырындағы шыншылдық

Кеңес кезінде айтылса егер –

Жауыздық,

Іс боп шығары анық еді бір сұмдық.

 

Мәз болды жұрт құтылдық деп құлдықтан,

Жанарларда  жүрді іштегі сыр бұққан.

Күн-күн сайын жоғарлады Өтірік,

Ғұмыр кешіп артығырақ Шындықтан!

 

Жылар жерде,

Жымысқы ғой,

Ол күлді,

Жоқты бар деп,

Толмайтынды толтырды.

Келе жатыр өмір бойы жауласып,

Өр Шындықтың талайын ол өлтірді.

Шындық шыққан көтеріліп биікке,

Ақиқатпын деп орнына  отырды.

 

Шындық әділ –

Жүрседағы жалаңаш,

Тура айтады,

Бет-жүзіңе қарамас!

«Алдыменен Шындық бұрын өледі

Өтірікпен қона қалса аралас…»

 

Жылқышылар – кедей, жаяу, құрықсыз…

Арулардың жоқ етігі, шұлықсыз…

Ұғынуға жоғары жақ құлықсыз…

Білдіңіз бе,  себептерін ұғып Сіз?!

 

Шындық қоссаң болар сұрқай, сұрықсыз,

Қос Өтірік! –

Ұлысыз Сіз, ұлықсыз!

Шындықпенен дос болу да қауіпті,

Өтірікпен,

Көпірікпен тұнықсыз!

Білдіңіз бе, себептерін ұғып Сіз?!

 

Өсті Өтірік!

Шындық  одан үмітсіз!

Ұрлық көрді – өскен халық құлыпсыз!

Шындық күнде сотталды да, атылды,

Білдіңіз бе, себептерін ұғып Сіз?!

 

Ылаңдатты,

Ұрандатты көпіріп,

Сеніп қалып кейбіріміз

Көкідік.

Айбынды да,

Қайырымды боп көрініп,

«Коммунизм орынатты»  Өтірік!

 

Содыр,

Сойқан сол бір өткен жылдар-ай…

Адамзаттың барлығында – бір маңдай.

Айырмасы – таза маңдай, кір маңдай,

Әжімі көп тар маңдай бар, кең маңдай…

Тар маңдайда ештеңе жоқ,

Кеңінде

Бақыт бардай, ертегідегі ел бардай,

Өтежан сол маңдайларға үңіліп,

Үміттенді,

Үрейленді кей-кейде

«Соғыс» дейтін сөз жазулы тұрғандай!»

 

Түс көргендей, ертең жоқ боп бүгін бар,

Көбейген кез жетім бота, құлындар…

Мың тоғыз жүз отыз сегіз –

Тажалды

Туды Өтежан қырғынында қызылдар.

 

Қара аспанға телміретін құсбегі

Секілді кез…

Әлде үрейлі түс пе еді?!

Өткен ғасыр елуінші жылдары –

Жаңа қатқан жұқа мұздың үсті еді.

 

Заманда сол маңдайының соры бар,

Өтежанның болды сөзі: «Бұзып, жар!»,

Біреу ұқпас,

Біреу мұны ұғынар –

Өтежанның өлеңінде Шындықтың

Қасиеті,

Қасіреті,

Мұңы бар!..

 

ЕТІК

Кей-кей кезде ақылшымыз, жақсы аға,

Кей-кей кезде секілді еді жас бала.

Өтағаңмен қызметтес болдық біз

Алматыда «Жалын» атты баспада.

 

Зулап ағып бара жатыр жыл алға,

Қырық жылдай болып қапты бұған да.

Өтағаңмен  түйдей құрдас – Тоқмурзин

Сол баспада қызметте еді Құрал да.

 

«Болса егер, қисық, қыңыр ісі көп,

Туа сала түйе сүтін ішіп ед… –

Деп ап Құрал тағы екі-үш сөз қосатын:

Өтеш бірақ, ісі ірі кісі! – деп… –

Ары таза, адал ниет ақынның

Жырлары асау!

Жер тарпиды кісінеп!.»

 

Өлеңшіден  Өтежан бұл өзге ғой,

Құдірет-күш бір Аллада, Сөзде ғой! –

Деп, ырза боп отыратын,

От боп жанған оқитынбыз көзен ой…

 

Кездесетін оқиғалар түр-түрлі,

Құрдастар-ай,

Жағдай болды күлкілі.

Аяғында бар герзвый етігі,

Жұмысқа ерте келді Құрал бір күні.

 

Құрекеміз алшаң басып барады –

Баяғы сол соғыс жылдар адамы…

Қонышында шалбардың қос балағы,

Көрген сәтте

Аяғындағы етікке

Барлық көз де тесіле кеп қарады.

Ерсілеу ғой  етік киіп келгені,

Кейбіреулер күліп таңдай қағады.

Кәрі дейтін кәрі де емес, жас та емес,

Үлкен кісі,

Есті,

Бала-шағалы…

 

Бәрі аң-таң…

Дей алмаймын құптады,

Құрекеңді ешкім сол күн ұқпады.

Сұрай келе

Қожанасырлығы ағаның

Өтежанның ісі болып шыққаны!

 

Түсте екеуі дүкен жаққа барған ғой,

Сөреден бір етік көріп қалған ғой.

Көрген сәтте сол етікке қадалып,

Өтағаңның қос жанары жанған ғой.

 

«Мынау етік сықырлайтын басқанда,

Кие қалсаң, шығаратын аспанға,

Бала күнгі, шіркін, біздің арман ғой,

Ешкімде жоқ,

Киетін тек басқарма!

 

Демеп едім дүкенде бол тұрады-ау,

Қонышы, басы таза иленген былғары-ау!

Жалаң аяқ боз қыраудың үстімен

Жүгірген кезді ұмыттың ба, Құрал-ау?!»,-

 

Деп Өтағаң сөздің майын тамызған,

Айтқандары үзіндідей аңыздан!

Іші-сыртын ол аялай сыйпалап,

Мақтап-мақтап Құрекеңе алдырған.

 

Таза шындық!

Емес қиял, бұл аңыз,

Не үшін, неге өтірікке бұрамыз?!

Нұржекеев Бексұлтаннан сұраңыз,

Серікбайұлы Байботадан сұраңыз…

 

Кей-кей кезде ақылшымыз, жақсы аға,

Кей кездері секілді еді жас бала.

Өтағаңмен қызметтес болдық біз

Алматыда «Жалын» атты баспада.

 

Бала мінез қарамайды-ау жасқа да,

Адам сенбес көп еді ісі басқа да…

Түсінеді ел құрдастардың қалжыңын,

Біреулерге боп көрінер масқара.

 

Құрекеңнің сонда алданып қалғаны –

Көргенінің көп болды ғой жалғаны.

Су өткізбес

Сыз өткізбес етік ед

Жетімдердің бала күнгі арманы.

 

«Ақ дамбалды ат қып мінген – сабаусыз,

Дала да емес дау-дамайсыз, далаусыз,

Шалбар киген он үшінде жамаусыз »

Өтағамыз айтқан болар оны да

Бақыты деп бала күннің алғаусыз…

 

Қарындаш та таба алмаған – айтты ғой,

Қолға сағат таға алмаған – айтты ғой.

Айтып-айтып сол кездегі жоқтарын,

Етік мақтау қызметіне қайтты ғой…

 

Жаңа етіктен болған бір кез дәмелі,

Құрекең де аса ақ көңіл жан еді.

Өтағаңның ғана емес,

Бұл бір жайт –

Бастан өткен жоқшылықтың әлегі!

 

Аралатып ауылдың бар қиырын,

Еске салып күйігі мен қиынын,

Көрген аштық,

Жалаңаштық

Құрекең

Келер күні өзгертті аяқ киімін…

 

Жеңіс жылы туған жетім баламын,

Тікендердің сезеді орнын табаным…

Кірсем болды дүкендерге

Қызығып,

Немереме ойыншық сатып аламын…

 

  ӨМІР ТУРАЛЫ ЖЫР

 

  Аспанында түтін жұтып Күн тұрды,

Көк тұманнан ол шығуға ұмтылды.

Алматыға сыймайды ауыл баласы,

Өтежан да кетпек болып бұлқынды.

 

Нән қалада жүргенімен

Елде ойы,

Ауыл жайлы өлең дерсің өнбойы.

Сағындыра берді оны қойлы ауыл,

Жарқамысы,

Нарқамысты Жем бойы.

 

Өлең жазып отырса да үстелде,

Көңіл шіркін қарлығаш боп ұшты елге.

Байғанинге сәлем жолдап жататын,

Оған барса, тілдесетін құспен де.

 

Шуақты етіп жырларымен жан-жағын,

Ауыл жаққа асыратын арманын.

Сағынғанда туған жерін

Шалқыды

Жемде сіңіп  «жүрегінде қалған үн».

 

Өтағамыз: «Соғыс – тас көз, сұм!»-дейді,

Тас көзді сол аш мейлі, жұм мейлі,

Мейрім, шуақ, аяушылық жоқ онда,

Күлуді де,

Жылауды да білмейді.

 

Жарқамыста жарылып мұз шытынап,

Жатыр Өмір сай-сүйегі сырқырап.

Адам болып аяқ-қолдан айрылған,

Сол адамның жаны болып шырқырап.

 

Соғып боран,

Басылмай бір тұр дауыл,

Ол үшінде тесік өкпе мынау ұл,

Соғыс жылғы,

Одан соңғы Өмірдің –

Өлеңдегі көрінісі бұл ауыл.

 

Өтежан сол шаңырағы шайқалған

Өмір сырын,

Шер-шеменін айта алған!

Шерлі ауылдың шежіреші тұрғыны,

Шынайы ақын,

Суретші майталман!

 

Кей күндері оймен таңдары  ататын,

Кей күндері тоймен таңдары ататын.

Бала кезі,

Ауылында Өтежан

Оқыс небір оқиға боп жататын.

Соның бәрін еске алады

Ойлантып,

Қызарған көз, қызарып Күн бататын.

 

Көз алдыма келді  жылдар қарным аш,

Өкініш пе?!

Кейде көзге алдым жас.

Уәкіл боп сұлу қыз кеп ауданнан,

Ән салда бір,  әннің аты «Қарлығаш».

Ән салған сол жанның да аты Қарлығаш.

Ол кезде ондай аз еді ғой жалын -жас.

«Қарлығаштың қос қанатын байлап ап

Ұшатындай болды мына қарындас!

 

Көріп тұрдым – Қарлығаштың бұл әні

Тыңдап тұрған қанша жанға ұнады.

Шаршағанда жыламаған әйелдер

Асылдарын аңсағанда жылады.

 

Көңлідегі көкейтесті құстарын

Сағынғанда, сарғайғанда құштарын

Есіне алып өткен күнді Қарлығаш

Көкке қарай қанат байлап ұшқанын –

 

Сонда көрдім – жалаң аяқ… жалаң бас…

Қолдарында айыр емес – ақ алмас…

Ән тыңдаған ӘЙЕЛДЕРДІҢ ЖҮЗІНЕН

ҚАМАЛ көрдім қаптаған жау ала алмас…»

 

«Ән емес-ау көмейінен төгіп оқ,

Көздерінде бір жанып, бір сөніп от,

Қаршыға боп… Төлеген боп… ол бірде

Көрінетін аужар айтқан Шеге боп…»

 

Берікбайдың үнінен де әдемі,

Жүрек тербеп,

Жан жылытқан ән еді!

Өтежан да ауызданған өлеңмен,

Сұлулыққа жаны құштар бала еді.

 

«Жатқан ауыл кең дүниеден шеткері –

Кешегі өткен қан соғысқа өкпелі».

Әнші, күйші жиі келе бермейтін,

Есімде жоқ мұнда концерт боп па еді?

 

«Талай жерде, талай жанды нәрсіз ғып,

Әлжуазды онан сайын әлсіз ғып,

Сұм соғыстың көлеңкесін жамылып

Талай жерде жалаңдаған Арсыздық!»

 

Сол бір күні жоғалғандай боп кетті,

Жесір, жетім көңілдерді көктетті!

Клуб жоқ ед ол кездері ауылда,

Мейіріміге толтырды қыз мектепті!

 

Ондай қызды кім аңсамас, сағынбас,

Бар әлемді кезсең енді табылмас…

«Жеті жаста, еркелеу қыз, шолжыңдау»

Изел атты болыпты бір қарындас…

Сол жас қыздың қалтасында жүретін

Күлкі –

Мүлкі арқандаулы қарындаш.

 

«Шипаңдаған қарындашта не салмақ,

Қонбағанын дәлелдей ме осал бақ. –

Балалармен ойнай қалса Изелжан,

Қарындаш та бірге ойнайды шошаңдап.

Изел түртсе, қарындаш та түртеді,

Изел үріксе, қарындаш та үркеді…

 

Қазір Изел асып қалған қырықтан,

Аттап өткен талай-талай сырықтан.

Қарындаштай қазық қана қалыпты

Кесе-кесе өмір деген құрықтан…», –

 

Дейді Өтағаң, айтқанына сенесің,

Ойланасың,

Изел қызды көресің.

Салынған бұл суреті ғой жоқтықтың

Жинай алмай жатқан кезгі ел есін…

 

Сол бір жылдар бай қуылып, жалшы озды,

Еңбек Ері атанып, қойшы-малшы озды.

Өсіріпті төрт мың қоян бір кемпір,

Естімеп ем қоян баққан колхозды.

 

«Түні бойы ойласаң да сен мейлі,

Сол бір күндер түсіңе де енбейді,

Шатыбайдың жырығында Шон кемпір

Қоян бақты десең ауыл сенбейді.

 

Бес жүз қоян… жер астында мың қоян…

Жүреді аман күндіз оян, түнде оян…

Ит қумайды, қасқыр оны жемейді…

Бар екен деп ойламайды мұндай аң.

 

Жер бетінде мұндай ферма бар-ау деп

Мына кемпір – құйттай кемпір нар-ау деп,

Төрт жыл бойы төрт мың қоян өсірген

Бұл кемпірдің еңбегі де бар-ау»,-деп…»

 

Патша- өлеңнің анық, қанық бояуы,

Ол шындықтың қатқан мұзын ояды.

Аңда-санда амалсыздан

Сол кезгі

Саясаттың басын шалып қояды…

 

Аз еді ғой саясаттан аттайтын,

Аттаса егер өкіметке жақпайтын.

Өтежан сол мазақтайды заманды

Ақындарды «Жұмысшы» деп мақтайтын.

 

Қайғының да болады екен түр-түсі,

Жандар да бар қартаймайтын күлкісі.

«Жесір кемпір көрсе аунап түседі

Жаңа тіккен басындағы түлкісі.

 

Шешесі де қасқыр кісі…

Үш іні –

Үш арманға ұқсайтұғын пішіні.

Қара қайыс қарындасы және бар

Күлкісімен құлататын кісіні…»

Қалай бұған таң қалмайсыз сеніп Сіз,

Қиялға орап, күлдіреді еріксіз.

Көрікті етіп жібереді

Тапқыр, дәл –

Өлең жолы заманды сол көріксіз.

 

Жазатын да сияқтанар күлсін деп,

Жазатын да сияқтанар білсін деп.

Сезіміңді серпілдіріп, сергітіп

Жүрегіңді тулатады бір сыр кеп.

«Терең тунель-тамырлардың ішінде

Поезд кетіп баратқандай дүрсілдеп…»

 

Тосын сурет, тосын мінез, тосын ой –

Поэзия дегеніміз осы ғой!

Жақсы өлең – жанның емі, досы ғой!

Өмірдің де, көңілдің де хошы ғой!

 

Ерегесі – Ерғалиевша ерегес,

Сатирасы Уайдиннен кем емес!

Лирикасын шыққан жарып жүректен

Жүрегіне,

Кім жанына бөлемес?!

 

Ақын ғой ол жарқылдаған ақ алмас,

Қамаса да аласаға  алданбас.

Биіктерге,

Кеңге құлаш ұрады,

Қырандар да еркін қанат қаға алмас!

Кей сәттерде от боп ішін өртейді

Талай тамбай,

Шықпай көзден қалған жас.

Қызық дәурен сүре алмады тең-құрбы,

Қан майданнан оралмады армандас…

Жан жарасы жазылар ма мәңгіге,

Жазылғанмен бригадир жарған бас!

Қанша ғұмыр көктей солды

Ұрпақсыз –

Өмірі енді қайта олардың  жалғанбас?!

Соғыстың ол соңғы жазын жырлады,

Жоғың сонда қуаныш, мұң аралас,

Өмір сонда жалаң аяқ, жалаң бас!

Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков

Жаңалықтармен бөлісу