Арқалық қаласында жиырма жылдан астам уақыт бойы қаңтарылып бос тұрған спортзал ғимараты 93 млн теңгеге күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілді.
Осы спортзалда 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай волейболдан спорт ардагерлері және зейнеткерлер арасында турнир ұйымдастырылды.
Турнирге Арқалық қаласының және көршілес Аманкелді ауданының спорт ардегерлері мен зейнеткерлері, сондай – ақ Ауыл ардагерлері, Қостанай оңтүстік электр желісі мекемесі, қалалық білім бөлімі және «Жігер» стадионының командалары қатысты.
Жиналған қауымды қала әкімі Әмірхан Асанов пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров құттықтады.
Бас төреші Қанат Қонысбаев жарыстың өту тәртібімен таныстырды.
Елімізде спортқа көп көңіл бөлінуде. Айта кетсек, қалада соңғы екі-үш жылдың өзінде отыздан астам спорт алаңдары бой көтерді. Жас өрендер спорттық құрал – жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады.
«Бүгін біз қаламыздағы жаңа спортзалдың ашылу салтанатына қатысып тұрмыз. Бұл халықтың игілігіне жасап жатқан үкіметіміздің үлкен қамқорлығы. Жастарға беріліп жатқан тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге. Бос уақыттарын далада емес осында өткізеді. Жақсы дүниеге біз әрқашанда қуаныштымыз. Әрдайым еліміздің болашағы жарқын болсын. Осындай игілікті істер көптеп атқарыла берсін», – дейді қала тұрғыны, зейнеткер Мақсұт Айдарханұлы ақсақал.
Жаңа нысан үстел теннисінің спортшыларына берілетін болды. Турнирдің өтуіне қала және аудан кәсіпкерлері демеушілік жасады.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы