Бұлай айтуымыздың себебі бар. Қостанайдағы Амандосовтар жанұясынан төрт бірдей жауынгер шыққан.
Әкелері Сейдазым екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері. Шаңырақтың тұңғышы Бауыржан Амандосов кескілескен Ауған соғысына алғашқылардың бірі болып 1979 жылы кірді. Биіктігі екі мың метрден, төрт мың метрден астам тау асуын еңсерді. Соғыстан бірнеше жерден жараланып елге оралған ол, меңдеген сырқатының кесірінен ұзақ сапарға аттанып кете барды. Үйдің ортаншысы Таңатқан қайғылы Чернобыль апатының көзі тірі куәгері. Мурманск қаласында арнайы әскердің құрамында атом апатын жоюға атсалысты. Бүгінде сол ауыр азап дертке ұласқалы қаншама жылдың жүзі болды.
Кеше ғана сол жаынгер отбасынан шыққан Бауыржанды еске алуға арналған қоян-қолтық ұрыстан облыстық турнир ұйымдастырылды.
Бұл іс-шараға әулеттің кенжесі, 1988-89 жылдары Алматы милиция мектебінің қурсанттарының құрамында жеті айға жуық уақытын таулы Қарабақтың ұрыс даласында өткізіп келген Батырхан Амандосов мұрындық болғанын айта кету керек.
«Бұл турнирді ағамыз Бауыржанның құрметіне өткіздік. Осы жарысты ұйымдастыруға қолдау білдірген спорт шебері Юрий Шурға, Талғат Махамбетовке, Қайрат Бадыровтарға айтар алғысым шексіз. Қатысушылар да өз деңгейінде өнер көрсетті деп ойлаймын. Турнирге өз еріктерімен қатысқан барлық жетпіс адамға сыйлықтар мен грамоталар, медальдар табыс етілді. Ағамыз Ауған жерінде көп азапты басынан кешірді. Памир тауынан асып, Файзабад провинциясына дейінгі шайқаста ерліктерге барғанын достары әлі күнге айтып отырады. Соғыстан келгенде басынан контузия алып, денесінің бірнеше жерінен жарақат алды. Аман алып қалуға тырысып, көптеген ота жасалды. Осы іс-шараға негізгі бастама болған қоғамдық бірлестік төрағасы Мұрат Жұбанышевтің еңбегі зор», – дейді Батырхан Амандосов.