Нұрлан Байжігітұлы – жастардың қошеметіне бөленген, Tik-tok әлеуметтік желісі арқылы танымал болған имам. Таяуда блогер имам Қостанай қаласына келген еді. Реті келіп, дін маманын әңгімеге тартқан едік.
— Нұрлан мырза, бұрындары Қостанай қаласында имам болып қызмет істедіңіз. Араға жылдар салып, қайта көрісіп отырсыз деуге болады. Қаланың жалпы көрінісі қалай, діни орындармен таныстыңыз ба?
— Өте жақсы. Қостанай өңірінде дін саласында жұмыс істегеніме көп жыл өтті. Ол кез сексенінші жылдардың аяғы болса керек. Мен қалада емес, көбінесе ауылдық жерде болдым. Ағамыз Әулиекөлде дін таратушы болып қызмет істеді. Қасында көмекші ретінде жүрдім. Одан бері 20-30 жылға таяу уақыт өтті десек болады. Қазір шаһар тұрғындарының руханияты өте жақсы дамығанына көзім жетіп отыр. Қаланың дамуының арқасында мемлекетіміз де алға жылжып келеді. Осы тұрған тұғырымыз шайқалмай мәңгі тұруын Алла нәсіп етсін!
— Tik-tok-қа қалай келдіңіз, қиындық соқпады ма? Дегенмен әлеуметтік желіні жастар қолданады.
— Жастардың бәрі tik-tok-та отырғандықтан оларға бір пайдалы болсын деп келдім. Басында қалай болады, сөзімді тыңдайды ма, деген ой болғаны анық. Байқап қарасам жастар сөзімді тындады. Менімен кері байланыс орнатып, көкейлекінде жүрген сауалдарын қойды. Шыққан әрбір тікелей эфир өздеріне керектілерін алып жатыр деген ойдамын. Үлкен адам болғасын басында қиындық соққаны рас. Алайда, балам кішкене себепші болып үйретті. Контент, рек деген не екенін, технологиялық құрылымын толық меңгердім. Нәтижесінде tik-tok-тың системасы қалай, алгоритмінің жұмыс істеуіне қанықтым. Басты ниетім – жастарға пайдалы болу, олардың дұрыс бағыттағы дінді ұстануына жағдай жасау ғой. Өздеріңіз де білесіздер, ғаламтор арқылы түрлі дінді жарнамалап, балғындарды жолдан тайдырушылар көбейіп кетті.
— Әлеуметтік желі арқылы дін тарату несімен тиімді? Артықшылықтары қандай?
— Ең артықшылығы бүгінгі таңның мінбері осы. Мешіттің ішінде отырсаң ешкім келмейді. Келмеу себебі түсінікті. Көп адамның уақыты жете бермейді. Сондықтан әлеуметтік желінің тиімділгі зор. Мысалы ораза кезінде бір ғана тікелей эфирімді 20 мыңнан аса адам қарады. Енді ойлап қараңыз сіз бір сәтте 20 мың адамды бір жерге отырғыза аласыз ба? Әлбетте, мүмкін емес. Қазіргі заманда әлеуметтік желінің әлеуеті өте үлкен, соның біз пайдалы тұсын ала білуіміз керек. Жастарымызды теріс бағыттағы діндерден сақтап, ата-бабамыз ұстанған тура жолға үндеу аса маңызды.
— Қостанай жастарымен кездесуден не байқадыңыз, діни сауаты қандай екен?
— Жастардың дін туралы ойы өте жақсы. Бір қуантарлығы жастарымыз қазір сауатты, білімі жоғары. Алайда, сауатты буынды теріс ағымдағылар пайдаланып кетпеу керек. Осындай келелі кездесулер арқылы оларға бағыт-бағдар беріп, дұрыс түсінік ұялатуымыз шарт. Сонда ғана мемлекетіміз қай жағынан қарағанда да дамыған болады. Жалпы, қостанайлық жастардың қойған сауалдарынан өте бір салиқалық пен шыдамды сұрақтарды байқадым. Сол салиқалы сауалдарына қарай, әсіресе Қостанай өңірінің жастары өте сауатты, білімді деген ой қалыптастырдым.
— Қазір ағайындылардың балаларын, бір-біріне үйлене беруге болады деген секілді діни ақпарат айтылып жүр. Ал біздің салт-дәстүрге салып қарасақ қарама-қайшы. Осыған байланысты не айтар едіңіз?
— Нақты Құран Кәрімде Алла Тағала әйел мен ер адамдар махрам және намахрам деп бөлген. Неке құруға рұқсат етілмеген, яғни туыстық байланыстағы адамдар — махрамдар, ал неке құруға рұқсат етілгендер — намахрамдар деп аталады. Бірақ бұдан басқа Пайғамбарымыз хадистерінде де ағайын, туыс-туғандарының үйленуі дұрыс емес ретінде қарастырылған. Сондықтан да мұндайдан біз қашуымыз керек. Сонымен қатар біздің ата-бабаларымыз қанның, жанның, өмірдің тазалығы деп бөліп, оны бәрінен жоғары қойған. Келешек ұрпақ даруына медициналық тұрғыдан да туыстық жақын адамдардың үйленуіне тыйым салынған. Бұл дұрыс емес. Сол себепті анағұрлым алыстан алған абзал. Қазақтың ұлы тұлғалары жеті атадан асып үйленген. Егер қатты болмаған жағдайда лажы келмесе басқа ел мен ел, жер мен жер құда болуы қажет. Яғни ағайын жақын адамдардың үйленуі шариғат тұрғысынан да, адамзат тұрғысынан да дұрыс нәрсе емес.
— Әлеуметтік желіде мынандай хабар тарап жүр: «апалы-сіңілілер ахретте бірін-бірі кездестірмейді» деген. Бұл қаншалықты рас?
— Жалпы осы сөз көп тарап кетті. Ана дүниеге барғанда бір-бірін көрмейді, таппай қалады деген секілді. Шынын айтсақ, сондай бір қиын күн болады (қиямет күні). Ол күні өзіңді көргің келмей қалады. Өйткені абыройың ашылып, көптеген күнә бетіңе шығып, амал дәптеріңді қолыңа берген кезде оңайға соқпайды. Жасырын, жария істеген барлық күнәңнің әшкере болуы оңай емес. Сол сәтте мұны ешкім көрмесе екен деп ойлағанда адамдарды танымай қаласың. Адам әкесін, бауырын, бір туған апайын, қарындасын төрт жерде танымайды. Біріншісі амал дәптерлер көрінгенде, екінші мизам таразыда, үшінші қыл көпірдің үстінен өткенде, төртінші жұмақ яки тозақтың жолына түскенде. Сондықтан ол жағын уайымдамаған дұрыс. Барлығын да көреміз.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұқбаттасқан Бейбіт НҰРМҰХАНОВ
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ