Бұл туралы мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Гүлжан Меңдекинова тарқатып айтып берді.
Солардың бастауында қазақ тілін ауызша оқытатын «СөйлеTime» клубы тұр. Клубтың мақсаты – ниет білдірушілерге бейресми жағдайда және еркін форматта тіл үйренуге көмектесу.
«Бүгінгі таңда облыста 16 «СөйлеTime» клубы бар. Клубтың мүшелері, саны 800-ден асып жығылады. Олар әртүрлі мәдени-әлеуметтік орындарда кездесулерге қатысып, еркін форматта өзара тілдесу арқылы қазақ тілін меңгереді», – дейді Г.Меңдекинова.
Сонымен қатар биыл Рудныйдың тілдерді оқыту орталығында «QazRetro» қазақ тілін үйрену бойынша зейнеткерлерге арналған сөйлесу клубы өз жұмысын бастады. Құрамында отызға тарта адамы бар ұжым белсенді ұзақ өмір сүру орталығының негізінде ашылған. Іс-шара барысында қатысушылармен түрлі форматта ойындар ойнатылып, ән шырқалады. Келушілердің өлең-жырлар арқылы тілге деген қызығушылығын оятып, ауызекі сөйлеуін игеруге көмектесіп жүр.
Бұдан басқа облыста қазақ тілін үйренгісі келетін этнос өкілдері үшін «Сөйле», «Мәміле», «Batyl bol» клубтары, Ұзынкөл ауданында «Үйде де сөйле!» отбасылық акциясы бастау алғанын айта кету керек.
«Осы жылда тағы бір жаңа жоба басталды. ол «ТІЛLIFE» жобасы. Бұл денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне бағытталған жоба. Жобаның мақсаты – емхана, аурухана қызметкерлеріне қазақ тілін қарапайым деңгейде меңгеруге көмектесу, оны тәжірибе жүзінде қолдануға үйрету, өзінің ауызекі тілін жетілдіру», – дейді спикер.