Сайын даланың БОЗТОРҒАЙЫ

Сайын даланың БОЗТОРҒАЙЫ

Біздің қазақ әнқұмар халық. Біреу қолына домбыра ұстап, ән сала бастаса еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін елең етіп, құрметтеп отыратын халықпыз. Әнді асыл өнерге бағалаған бабаларымыз “Беу! Бәрекелді!” деп әншіні қошеметтеп, әнге теңдесіз өнер, әншіге талант деген теңеу айтылған. Бұл – өнерге елітіп, сөз қадірін білетін халық үшін заңды құбылыс.

Көпшіліктің осындай құрметіне, ыстық ықыласына ие дәстүрлі әнші, өнер иесі, өнертану ғылымдарының магистрі, ҚР “Мәдениет саласының үздігі”, “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері”, жерлесіміз, күміс көмей, жезтаңдай әнші Нұрболат Арзамасұлы.

Жақында ауданымызда өткен дүбірлі той, халық батыры, 1916 жылғы көтерілістің бас сардары Амангелді бабамыздың 150 жылдығына келіп, еліне әннен шашу шашып, ықыласына бөленді.

Нұрболат менің көз алдымда өсті. Он жасынан үкілі домбырасымен Исаның “Желдірмесін” сыңғыр, күмістей таза дауысымен орындап, көзге түскен еді. Сол сәттен Нұрболаттың жұлдызы жанып, халық аспаптары оркестрімен өнер көрсетіп, елге танымал болды. Шақшақ Жәнібектің 300 жылдығы, Сәт Есенбаев, Нұрхан Ахметбеков атындағы айтыстарда, Файзолла ишан Сатыбалдыұлы ақынның 100 жылдығы, Абай Құнанбаевтың 150 жылдығында қазақ мәдениетінің өнер тарландарымен өнер көрсетіп, марапатталды.

Нұрболат Қазақ Ұлттық өнер университетінің дәстүрлі музыкалық өнер факультетін тәмамдады. Еңбек жолын Астана қаласы Мемлекеттік филармониясының оркестр әртісі болып бастап, бүгінгі таңда Роза Бағланова атындағы «Қазақ концерт» концерттік ұйымында қызмет істейді.

Ол Арқа орындаушылық мектебі бойынша Торғай өңірінің дәстүрлі жыр әншілерінің өнерін насихаттап, Тобыл-Торғай композиторларының әндерін, 100-ден астам әлем халықтарының әндерін акцентсіз, нақышына келтіре орындайды. Иордания, Сауд Араб әмірлігі, Бахрейн карольінің  арнайы шақыртуымен, сонымен қатар Иран, Германия, Қытай, Түркия, Словакия, Франция, Англия, Швейцария, Түркіменстан, Тәжікстан, Татарстан мемлекеттерінің сахнасында өнер көрсетіп, мемлекет басшыларының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Сапар Ахметжанов, Әлпия Орманшина, Қайырбек Ерғалиев, Жанат Хируова, Жанат Ахметова, Зоя Төлепбергенова сынды ұстаздарынан тәлім алғанын мақтанышпен айтып жүреді. Нұрболаттың туған жеріне деген сүйіспеншілігі ерекше. Елде болып жатқан торқалы тойлардан қалмай, ат басын туған жерге жиі бұратын азамат. Музыка өнері тариханда есімдері алтын әріппен жазылып, халықтың ерекше сүйіспеншілігіне, ықыласына бөленген талант иелері, сал-серілердің ізі, жыр сүлейлерінің сынығы Нұрболаттың ерекше өнеріне Амангелді батыр тойында куә болып, тәнті болдық.

Өмірлік жары, дәстүрлі әнші Анар Ерланқызы екеуі дуэтпен бірнеше әндер орындап, жиналған халықтың ықыласына бөленді.

Көз алдымда ержеткен Нұрболат  бауырымызды көріп, бала Нұрболаттың ақкөңіл, кішіпейіл, қарапайым мінезінің өзгермей, байсалды, байыпты азамат болып қалыптасқанына сүйсіндік.

Жары Анарда дауысы қандай көркем болса, келбетті, ажарлы, ибалы жан екен. Сұлулық пен әсемдіктің символындай болған, жарасымды жанұяда екеуі төрт бала тәрбиелеп, өсіріп отыр.

Жүрегін ән тербеген бабаларымыздан қалған өлмес өнер дәуірден-дәуір өткізіп, бүгінгі күнге жетіп отыр. Құдіретті өнерді саф қалпында бұзбай, таза, шынайы, мөлдір күйінде орындап, бізге жеткізіп отырған Нұрболаттай бауырымызбен мақтанайық!

Ән мен әнші құстың қос қанатындай егіз ұғым. Көмейіне бұлбұл ұя салған күміс көмей деген теңеу Нұрболатқа арналғандай. Қазақ халқы осылай құсқа, құстың қанатына теңеуінде де бір астар бар. Ол құстың биікте, көкте самғайтынында болар. Қанатың талмасын, биікке самғай бер! Қазақ өнерін шетелге танытып  жүрген осындай  өнер иесіне алар асуларың мен шығар белестерің биік болсын дегіміз келеді. Киелі сахнаның сәні болып жүре бер, сайын даланың БОЗТОРҒАЙЫ!

            Лиза Мизамбаева

            ҚР Мәдениет саласының үздігі

            Аманкелді ауданы

Жаңалықтармен бөлісу