Кезінде қасиетті Торғай жерінің жоталы қырында отар-отар мыңғырған қой жайылып, кең даланың сәнін келтіруші еді. Ол да бір оралмас дәурен болды. Ал қазір аяғыңды аттап бассаң, құрық тастам жерде киіктер өріп жүреді. Жыл сайын олардың саны артып келеді. Одан бізге келер пайда шамалы. Керсінше, келтірген зияны шаш-етектен. Себебі қарапайым халықтың шабындығын, жайылымын таптап кетіп жатыр.
Жаз айында менің де егістігімді жайлап алып, 10 мың гектар жерімнің рәсуасын шығарды. Қаншама еңбектеніп, төккен терімді заяға жіберді. «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерлеріне осы мәселені талай рет айттық. «Өзімізге тиесілі аймақта жүр» деп, ат-тондарын ала қашады. Статистика мәліметтеріне сүйенсек, Торғай өңірінде 90 500-ге жуық киік бар екен. Олардың көбісі Ақшығанақ, Ақкөл, Саға ауылдарына тиесілі жерлерді мекендеп жүр. Күні кеше Парламент Мәжілісінің депутаттары келгенде осы мәселені айтып, шағымдандық. Бір шешімі болар деп күтіп жүрміз. Сондықтан киіктерге қатысты заң қабылданса, аталған мемлекеттік табиғи резерватының меншігіндегі шабындық жерлерді халықтың игілігіне қайтарып берсе деген ұсынысымыз бар. Қашанғы жанайқайымызды әлеуметтік желі арқылы жеткізіп, дабыл қаға береміз? Түйткілді мәселенің түйіні шешіледі деген үміттемін.
Қайрат РАЙСОВ
«Алмас» шаруа қожалығының жетекшісі,
Жанкелдин ауданы