Жітіқарадан Астанаға дейін пойыз қатынайтын болды

Жітіқарадан Астанаға дейін пойыз қатынайтын болды

Қостанай облысынан елордаға дейін тағы бір пойыз қатынайтын болды. Осы аптада «Жітіқара-Астана» пойызының алғашқы жөнелтілімі аттанды.

Қыркүйек айының басында «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Жітіқара-Астана» жаңа теміржол қатынасын іске қосқанын хабарлады.

Осы мәселені аудан тұрғындары көптен айтып жүрген. Жітіқаралықтардың бастамасын аудан әкімдігі мен жергілікті мәслихаттың депутаттары қолдады.

«Бұл істі қолға алуға ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері Альберт Раудың қосқан үлесі зор», – дейді қуанышқа кенелген жітіқаралықтар.

«Жұбайым Тобыл-Көкшетау бағытына билет алып қойған еді. Осы пойыз туралы естіген соң, билетімізді тапсырдық. Алысқа бармай-ақ, өзіміздің вокзалдан басқа жаққа баратын мүмкіндік туғанына қуанып тұрмыз», – дейді аудан тұрғыны Бауыржан Қали.

Айта кету керек, бұл теміржол қатынасының игілігін Қамысты мен Денисов аудандарының жұртшылығы да пайдалана алады.

«Жітіқара станциясында 6 қабылдау-жөнелту, 4 сұрыптау теміржол желісі бар. Кен өнімдерін тасымалдаймыз. Енді, міне, жаңа бағыт ашылып жатыр. Пойыз Қостанай, Көкшетау қалалары арқылы өтеді», – дейді Жітіқара теміржол станциясының бастығы Қуаныш Баймағамбетов.

 4 қыркүйек күні «Жітіқара» станциясынан елордаға 2 вагонмен алғашқы 31 жолаушы жолға шықты, оның ішінде ауданның белсенді жастар тобы бар. Бұл сапар олардың бастамашылдығы мен азаматтық ұстанымы үшін ынталандыру болмақ. Аудан әкімдігі тарапынан билеттер мен тұрғын үй шығындарын төлеуге демеушілік көмек көрсетілді.

Пойыз тақ күндері елордадағы «Нұрлы жол» вокзалынан кешкі сағат 19:40-та жөнелтіліп, соңғы станцияға келесі күні түскі 15.56-да жетеді. Ал Жітіқарадан жұп күндері сағат 18:14-те аттанып, Астанаға түскі бір кезінде барады.

Жаңалықтармен бөлісу