Шылау дегеніміз – толық лексикалық мағынасы жоқ, сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстыратын, сөзге қосымша мән үстейтін көмекші сөздер. Бірақ осы шылауларды қалыптасқан заңдылығына сай қолданып жүрміз бе? Қандай ағаттықтарға жиі ұрынамыз? «ТүзеТілді» айдарының бүгінгі шығарылымында шылау сөздерге қатысты жиі кездесетін қателіктерді жиып-термекпіз.
«Тек қана». Қазақ тілінде шектік мәндегі демеулік “тек” және “қана/ғана” шылауларының бір сөйлемде қатар қолданылуы қате. Мысалы, “Тек қана Қазақстанда жасалады” деуге болмайды. Дұрысы: “Тек Қазақстанда жасалады” немесе “Қазақстанда ғана жасалады”.
Сұраулық шылау емлесі. Қазір ма, ме, ба, бе, па, пе сұраулық шылауларын болымсыз етістігінің қосымшаларынан айыра алмайтындар көп. Қай жерде қосылып, қандай жағдайда бөлек айтылып, жазылатынын білмей жатады. Қарапайым тілмен түсіндірсек, егер сөз сұрақ белгісімен аяқталатын болса, бұл шылаулар бөлек жазылады. Мәселен: «барамыз ба?», «көресің бе?», «дұрыс па?». Ал болымсыз етістік мәніндегі сөз болса, жұрнақ ретінде бірге қолданылады. Мысалы: «жіберме», «апарма», «ұрыспа» және т.б.
«Бірақ пен бір-ақ». Бұларды да ажырата білмейтін «жазғыштар» бар. «Бірақ» – қарсылықтық қатынасты білдіретін жалғаулық шылау. «Алайда», «дегенмен», «әйтсе де» секілді шылаулармен мағыналас. Мысалы: «Мен қазақпын, бірақ анам орыс». Ал екінші «бір-ақ» күшейткіш демеулік шылаудың жұрнағымен жасалып тұр. Мұны «бір ғана» деген синониммен алмастыруға болады. Мәселен: «Көлікте бір-ақ адам отыр».
«Ғой мен қой». Бұлар – нақтылау мәніндегі демеулік шылаулар. Алдындағы сөздің соңғы дыбысына қарай әркелкі қолданылады. Бірақ қандай жағдайда да тек «ғой» шылауын пайдаланатындарды жиі кездестіріп жүрміз. Мысал, «қазақ ғой» деу – қате. Дұрысы «қазақ қой» болуы керек. Ал екінші түрінің «қазақпыз ғой», «қазақсың ғой», «қазақ едің ғой» деген сияқты тұлғада қолданылғаны жөн. Сондай-ақ, нақтылау мәніндегі «-ды», «-ді», «-тын», «-тін» демеулік шылаулардың сөзге тек дефис арқылы жасалатынын ескерте кеткіміз келеді. Мысалы: «барған-ды», «қандай-ды», «берген-тін», т.б.
«Және, яғни». Жалпы, сөз бен сөзді жалғауға ғана қызмет ететін «және» шылауымен, сондай-ақ талғаулықты қатынасты білдіретін «яғни», «яки» шылауларымен сөйлемді бастауға болмайды. Қазір екінің бірі бұл заңдылықты ескеріп жатқан жоқ. Мысалы, «Астық жиылды. Және майлы дақылдар орылды» немесе «Тауар қолжетімді. Яғни бағасы арзан» деп, нүктеден соң жалғаулық шылауларды сөз басына қоя беретін болдық. Бұл – өрескел қателік.