Қостанайда синтетикалық есірткінің аса ірі партиясы тәркіленді

Қостанайда синтетикалық есірткінің аса ірі партиясы тәркіленді

Қостанай облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері “Қарасора-2023” жедел алдын алу шарасын өткізу кезінде синтетикалық есірткі таратумен айналысқан екі жас жігітті ұстады. Бұл туралы мәлімет департаменттің Telegram-арнасында жарияланды.

Басқармасының бастығы Нұржан Ахметовтің айтуынша, жедел іздестіру шаралары барысында жалдамалы пәтерде қостанайлық 21 және 22 жастағы екі азамат құрықталды. Пәтерді тінту кезінде полиция қызметкерлері 4 келіден астам синтетикалық есірткі (“А-PVP”) тәркіледі. Сонымен қатар, электронды таразылар, 240 шағын магниттер, электр таспасы, фольга және есірткіні орауға арналған басқа да құрылғылар табылды.
“Аса ірі мөлшерде алынған синтетикалық есірткі партиясының көлеңкелі нарықтағы құны шамамен 100 млн теңге болады. Бұл партия – 15 мыңнан астам доза. Күдіктілер қамауға алынды. Полиция ҚР ҚК 297-бабының 3-бөлігі бойынша (“Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу, жөнелту мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау”)  сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Бап санкциясы аясында қылмыс жасаған адамның мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін”, – делінеді хабарламада.
Жыл басынан бері Қостанай облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл қызметкерлері заңсыз айналымнан 328 келі түрлі есірткі заттарын тәркілеген.

Жаңалықтармен бөлісу