Ізгілікке үндеген шарапатты іс-шара. Рудныйлық белсенділер жерлестері үшін велошеру өткізді. Мақсат – қала тұрғындары мен жастар арасында белсенді өмір салтын, қоршаған ортаға деген қамқорлықты насихаттау.
Велошеруді ССКӨБ Қоршалаған ортаны қорғау бөлімінің қолдауымен «Поколение.кз» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Қатысамын деушілерге тыйым болған жоқ, кім-кімге де марафоншы атануға тегін мүмкіндік берілді. Толассыз ақ жауынға қарамастан, әртүрлі жастағы елуден астам рудныйлық бір-бір велосипедті тақымға алды. Қатысушылардың ең жасы жеті жаста, ең үлкені алпыстың сегізіне келген. «Горняк» жастар спорт кешені алдынан мәре алған колонна Студенческий, Корчагин, Ленин көшелері бойымен айналып келіп, кешен маңында шеруді аяқтады.
Негізі, бұл бірнеше бөлікке бөлінген ауқымды экологиялық іс-шараның бір ғана тармағы. Мәселен, бұған дейін «Эко-куиз» зияткерлік ойыны, жас қолөнершілер байқауы, тазалық акциялары және басқа да жобалар өткізілген. Ал велошеру солардың қорытынды іс-шарасы деуге болады.
«Велошеру биыл бағдарламаға бірінші рет қосылып отыр. Қолайсыз ауа райының салдарынан «салымыз суға кетіп», қатысушысыз қаламыз ба деп қобалжыған едік. Тілек білдірушілер табанда табылып, кешен алдына ағылып келді. Қатысамын деушілердің жасына шектеу қойылған жоқ. Бізге қолдау білдірген қала әкімдігіне және жергілікті тәртіп сақшыларына алғыс білдіреміз. Бұдан былай велошеру игі дәстүрімізге айналар деген үміттеміз», – дейді «ССКӨБ» АҚ Қоршалаған ортаны қорғау бөлімі басшысы, бас эколог Анатолий Воронченко.
Қатысушылар шеру аясында басқа да маңызды іс-шараларға куә болды. Айталық, жыл басынан бері түрлі экожобаларға қатысып, ерекше көзге түсіп жүрген рудныйлық белсенді он оқушыға бір-бір велосипедтен сыйға берілді. Сондай-ақ, өзіндік қызмет көрсетуге арналған бірегей велостанцияның таныстырылымы өтті.
«Мұндай станция облыс көлемінде жоқ. Қазақстанның басқа өңірлерінен де көрмеппін, естімеппін. Ерекшелігі сол, велосипедіңізді станцияға тіркеуге қойып, қалаған кезіңізде барып, ақауын жөндеп алуыңызға болады. Станциялар Рудный және Қашарда орналасады. Бұл – қаланың велоинфрақұрылымын жақсартуға қосқан кішкентай ғана үлесіміз. Өйткені оның біздің шаһарда дамымағанын мойындау керек. Әзірге қолайсыз. Бірақ осы олқылықты кемітуге өзімізше титімдей болса да қадам жасап отырмыз», – дейді «Поколение.кз» ҚБ жобалық менеджері Геннадий Ипатов.
Ол велоинфрақұрылымды жетілдіруге деген талпыныстарын қала әкімдігі қуаттап, сұранысқа ие екенін көріп, жалғап әкетер деген үмітте. Мұның сыртында, бірлестік белсенділері мектептердің сұранысы бойынша велотұрақтар орната бастамақ. Бұл жобалар қатысушылардың көңілінен шыққандай: бәрі бір кісідей қолдау-қошемет көрсетті. Шеру соңында барлық әуесқой велошабандозға естелік сыйлықтар табыс етілді.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ