Өңіріміздегі аудиторлық көрсеткіштер көңіл көншітпей отыр. Әсіресе, мемлекеттік тапсырыстарды қабылдау барысында тәртіп бұзушылық жиілеп барады. Салдарынан бюджетке әжептеуір шығын келуде.
Бұл туралы өңірлік коммукациялар қызметі алаңында облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Альмира ЖАРКЕЕВА айтып өтті.
“Бұзушылықтардың негізгі түрлерін орындалмаған жұмыстарға мерзімінен бұрын қаражат аудару, жеткізілмеген тауар үшін негізсіз төлем жасау, негізсіз жалақы мен орындалған жұмыс көлемін асыра бағалау болып отыр”, – дейді Альмира Жаркеева.
Осы жылдың алғашқы жартыжылдығында әкімшілік құқық бұзушылық туралы 446 хаттама жасалып, оның 119-ы сот органдарының қарауына жіберілген. 322 материал бойынша 19794,3 мың теңге сомасына әкімшілік айыппұл салыныпты. Бұл айыппұлдардың 19708,1 мың теңгесі өндірілген.
Бұдан бөлек келіп түскен өтініштер бойынша мекемемен 58 аудиторлық іс-шара өткізілді. Нәтижесінде 1 млрд 552,7 млн теңге көлемінде бюджетке зиян келгені анықталды. Заңды белшеден басқан мекемелерге аудиттік 50 шағым жіберіліп, 32-сі ғана орындалған. Екі жауапты тұлға әкімшілік жазаға тартылып, 32 тұлғаға тәртіптік жаза кесілді. Камералдық бақылауға алынған 732 мемлекеттік тапсырыстың шикілігі көрсетілген. Ондағы қаржы көлемі 11,6 млрд теңгені құраса, оның 11, 5 млрд теңгесі қайтарылды.
“Тексере келе әр алтыншы нысанда заңсыз олқылықтар байқалуда. Сол себепті, өндіріске жауапты әр мекеменің жетекшісі ай сайын қызметкерлеріне аудиторлық сараптама жасатып отыру керек. Әсіресе, қандайда бір ұжыммен келісімге келген жағдайда алғашқы бухгалтерлік есептік құжаттарының дұрыс болғаны қадағалану қажет. Барлық есеп-қисап жүйесі нормативті әрекеттерге қайшы келмегені абзал. Мемлекеттік тапсырыстар алғанда абай болыңыздар. Мемлекеттік бюджетке шығын келтірмеудің тиімділігін қарастыру бағытында барлық құжаттар мұқият тексерілсін. Тауарды жеткізушілермен арада тәртіп бұзылған жағдайда әкімшілік кодекстің 207 бабымен жауапқа тарту қарастырылады”, – деп атап өтті департамент басшысының орынбасары.