Береке кілті – бірлікте

Береке кілті – бірлікте

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында: «Бізді қай заманда да қиындықтардан аман алып келе жатқан басты құдірет – ел бірлігі. Ынтымағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел… Қазақ халқы ешкімді жат көрмей бауырына басты. Бүгінде олардың туған жері де, Отаны да – Қазақстан… Көптеген шетелдік сарапшының елімізге қатысты Еуразиядағы шырпы тисе лап еткелі тұрған қурай сияқты болжамдарын жоққа шығардық. Біздің ұлтаралық келісім саясатымыз бүкіл әлемді мойындатты. Бұл кемел келешекке бастайтын бірден-бір дұрыс жол», – деп жазды. Шындығында түрлі жағдайларға байланысты қазақ жеріне әр кезеңде әртүрлі ұлт өкілдері көптеп қоныстанғанын ел тарихынан білеміз.

Жасы сексендегі менің атам айтқан мына бір әңгіме есімнен кетпейді. Өткен ғасырдың 48-49 жылдың қысы шаруаға өте қолайсыз, қатты болыпты. Жиі боран соғып, сиыр фермасы қыстаған Құмкөл ауылының үйлері мен албар-қораларын, шөп маяларын қалың қар басып қалған. Атамның әкесі Әбжамал осы ферманың басқарушысы екен. Осы жылы күзде ауылға бір жақтан Петро деген орыс украин әйелімен, Мәрия деген неміс әйелі бар Сабанбай атты қазақ жігіті келіпті. Ферма басқарушысынан тұратын үй, істейтін жұмыс беруін сұраған. Олардың өтінішін қабылдап, бос тұрған бір үйді жөндетіп, жұмыскер етіп алған.

Ауыл адамдары жылы қабылдаған соң, олар да ферма жұмысына белсене кіріскен. Ал Мәрияны атамның шешесі өзінің келініндей көріп, тәрбиесіне алған. Қазақтар отбасының салт-дәстүрін үйретіп, жақсы тәрбие беріпті. Ауыл жұрты Мәрияның қызықты қылықтарын, шаруаға икемділігін, жатырқамайтын көңілді мінезін үлгі етіп айтатын болған.

«Отан соғысынан кейінгі жылдары шалғай ауылдарда тіршілік оңай болған жоқ. Тұрмысқа қажетті заттардың тапшылығын көрдік. Шаруашылыққа керекті құрал-саймандар, жабдықтар жетіспейтін. Ауылдағы Қабылда ұста көрігімен жасалған құрал-саймандарды пайдаланатын. Алайда ауыл жұртшылығының бірлігі, ұйымшылдығы қандай қиындықтарды да жеңіп шығуға мүмкіндік берді. Олардың бір-біріне қамқорлығы, қайырымдылығы, сыйластығы керемет болды. Осындай бірлік нәтижесінде ферма жоспарлы межелерін артығымен орындап отырды… Шағын ауылдың өзінде қазақ, орыс, украин, неміс ұлтының адамдары ұйымшылдықтың қандай болатынын көрсетті», – депті атамның әкесі.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ұсақ шаруашылықтар біріктіріліп, совхоздар құрылды. Құмкөлдегі сиыр фермасы Торғайдан он сегіз шақырым жердегі совхоз орталығы жанына көшіп келді…

Атам институт бітіріп, Ахмет Байтұрсынұлы ауылында қызмет істеп жүрген жылдары Торғай мал сою пунктіне іссапармен барған. Бас зоотехниктердің қызметтік көлігі Газ-53 машинасы. Сол кезеңде жанармай тапшы, Аудандық атқару комитетінің лимитімен берілетін. Атам жанармай құюға келсе, бекет операторы баяғы Құмкөл сиыр фермасында жұмыс істеген Мәрия екен. Бірақ ол «ауылдарға әлі лимит берген жоқ, барып рұқсат қағаз әкеліп кел» депті. Атам оған етке тапсырылатын мал айдап келе жатқанын, асығып тұрғанын айтқанымен келіспеген. Сонда атам:

– Шешем сені ылғи мақтайтын еді, өзің нашар адам екенсің ғой, – деп теріс айналған. Мұны естіп қалған Мәрия:

– Тоқтай тұрыңыз, сіз кім боласыз? – деген.

– Танымайсың, мен ол кезде кішкентай баламын. Мен Құмкөлдегі ферма басшысы болған Әбжамалдың баласы Тыныштықпын, – дегенде,

– Машинаңды жақындат, толық жанармай құямын. Лимитті қосымша сұрап аламын. Мен сенің әке-шешеңді қалай ұмытайын. Жер ауып ауылына барғанымызда қиналған бізге өз балаларындай көріп, қамқорлығына алған ол кісілерге өмір бойы қарыздармыз, – деп шын ризалығын білдіріпті.

Осы әңгіме есіме түскен сайын мен сол кездегі үлкен кісілердің қайырымдылық істеріне, ешкімді жатырқамайтын мінездеріне, адамгершілігіне қайран қаламын, мақтан етемін.

Тәуелсіздік алған жылдарың ішінде елімізде қалыптасқан тұрақтылық пен бірліктің нәтижесінде Қазақстанды бүкіл әлем таныды. Уақыт өткен сайын еліміздегі достық пен келісім барынша нығайып келеді. Дербес ел атанған тұста бетпе-бет келген сын-қатерден бірлігіміздің, саяси тұрақтылықтың арқасында аман-есен өттік.

Қиын сын-қатердің бірі экономикадағы дағдылы байланыстардың үзілуі, өнеркәсіп кәсіпорындарының тоқтауы болды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығының күйреуі халықтың тұрмыс деңгейінің төмендеуіне соқтырды.

Менің атам Қостанай облысы Жанкелдин ауданы Ауыл шаруашылығы басқармасында көп жыл бөлім бастығы қызметін атқарды. Ауданның Құрметті азаматы, 1988 жылдан «Еңбек ардагері» медалінің иегері. Нарықтық экономикаға көшудің алғашқы кезеңінің барлық қиыншылықтарын көріп, жұмыс істеуіне тура келген. Сол кезеңде өз ақшамыздың жетіспеуінен қызметкерлердің көпшілігі еңбекақы алмай қызмет атқарған. Қандай қиындықтарда да елдің бірлігі болса, оны жеңіп шығатынын атам айтып отырады. Қиындықтардан шығу үшін ауыл адамдары жеке кәсіп, шаруа қожалықтарын құрып, мал баққан, егін салған, өзен-көлдерден балық аулап жұмыс істеген. Соның нәтижесінде аудан халқының тұрмыс-жағдайы біртіндеп жақсара берген.

Елдің тәуелсіздік алған жылдардағы өмір жолына зер салып байқайтын болсақ, ынтымақ пен татулықтың, бірліктің негізінде қандай қиыншылықтардан болса да шығудың жолы табылатынын көреміз.

Назгүл ТЫНЫШТЫҚ,
“Үздік жас маман -2021”
байқауының жеңімпазы,
мұғалім

Жаңалықтармен бөлісу