Арқалықта жаңа жобалар қолға алынғалы жатыр

Арқалықта жаңа жобалар қолға алынғалы жатыр

 

             Арқалық туралы бұқаралық ақпарат құралдарында көп жазылды, көрсетілді. Бірі шағын қаланың сәл ғана табысына қуанып, ертеңіне үміт артты. Енді бірі болмашы нәрседен ілік іздеп,  жұрттың берекесін алды. Біз мұның соңғысына қосылмаймыз. Өзіміз көзбен көріп, көңілге түйгенді  қойын дәптерімізге түртіп алдық.

Бір парасы мынадай: ұзақ жылдан бері тозығы жеткен жылу, су құбырлары, кәріз жүйесі жаңартылып жатыр. Бұл бір жылда біте қоятын жұмыс емес. Жолдар жөнделді. Тұрғын үй, білім, медицина, мәдениет  ошақтары жаңартылып жатыр. Оның үстіне қолға алынған жаңа жоба көп. Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов біздің тараптан қойылған сауалдарға бүкпесіз жауап берді.

            – Әмірхан Біркенұлы, бұрынғыға қарағанда Арқалықтың көркі кіріп, ажарлана түскендей көрінді. Әлгінде келе жатып, бірнеше жерде жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын байқадық. Соған қарағанда, құрылыс жұмыстары  қарқынды ма дедік.

– Қарқыны туралы айта алмаймын. Әлі де атқаратын шаруа жеткілікті.  Мәселен, тұрғын үйлер әбден көнергенін, коммуникациясының   тозғанын айтсақ та жеткілікті. Ондағы  тұрғындар бізге жиі шағым айтып, жылу, су құбырының, кәріз жүйесінің ескіргенін, төбесінен тамшы ағатынын айтады. Қыстың күні үйдің іші азынап, бүрсеңдеп шығатындар бар.  Сол себепті, біздің  ең бірінші мақсатымыз – аталған мәселелерді қалпына келтіру.  Қазір осы  жұмыспен айналысып жатырмыз. Былтыр үйлердің төбесін жөндеуге, кәріз құбырларын ауыстыруға  облыстық бюджеттен 200 млн теңге  ақша берілді. Биыл 300 млн теңге бөлінді. Екі жылдың ішінде осы қаражатқа  25 үйдің төбесін жөндедік. Оның үстіне  17 үйдің қас бетін қалпына келтірдік. Бәрі кеңес заманында салынған үйлер ғой, сырт қараған адамға сұрқай тартып тұрушы еді. Ол нысандар салынғалы бері бірде-бір рет жөндеу көрмеген.  Келесі жылы да бірнеше үйдің қас бетін әрлейміз. Екінші бір мәселе, тұрғын үйлердің жертөлесіне белден асатын су жиналады. Маңайы иіс-қоңыстанып кеткен. Құбырлар шіріген.  Алдыңғы жылдан бері соны  қолға алдық. Бюджеттің қаражатын 1%-пен  үй иелеріне қарызға береміз. Олар жобалық-құндық құжатын әзірлеп, жертөлесін істетіп алғасын әлгі қаражатты қайтарады. Оны келесі бір көмекке мұқтаж үйді жөндеуге береміз. Алдағы екі-үш жылдың көлемінде қала үйлеріндегі  су, жылу, канализация құбырларын түгел айырбастап шықпақпыз.

            – Естуімізше, қаладағы жылу құбырының 87%-і шіріп кеткен көрінеді. Бұл, әсіресе, қыстың күні қауіп туғызуы мүмкін.  Оны толық қалыпқа келтіру үшін бірталай уақыт қажет сияқты.

– Біздегі үйлердің дені 1967-ші жылдары салыныпты. Содан бері жылу құбырлары  жаңартылмаған.  Қала ішіндегі жылу құбырының ұзындығы 34,7 шақырымға тең. Соларды жаңасына ауыстыруға республикалық, облыстық бюджеттен  3 млрд 400 млн теңге бөлінді. Биылша  7 шақырым 200 метр құбырды жаңартып жатырмыз. Алдағы екі жылдың бедерінде барлық құбырды қалпына келтіреміз. Жылу демекші, осыдан екі жыл бұрын Арқалық жылу-энергетикалық орталығы тек қана мазутқа тәуелді еді. Жаңа жылу орталығы салынғалы бері мазутпен қоса, көмір жағатын болды. Бірден қатты отынға  көшу оңай болмады. Алғашқыда қазандықтар жиі  істен шыға берді. Орталық жұмысшылары әбден мазутқа үйреніп қалған. Көмірмен жаға алмаған жағдайлар да кездесті. 2021-2022 жылғы жылыту маусымында 33 мың тонна көмір,        4 мың 600 тонна мазут жағылды. Ал өткен қыста 35 мың тонна көмір,         4 мың тоннаға жуық мазут тұтындық. Ақшаға шаққанда көмір мен мазуттың айырмашылығы көп. Мәселен, бір тонна мазуттың құны 125-128 мың теңге. Егер бұрынғыша мазут жаға берсек, тек бір жылдың өзіне үш млрд теңгеден астам қаржы жұмсалар еді. Көмірге ауысқалы          1 млрд 500 млн теңге ғана жұмсалды. Келешекте тұтастай көмірге ауыстырылғанда жылына 500 млн теңгедей ғана шығын шығады. Оның үстіне, жаңа жылу – энергетикалық орталығы электр көзін өндіре алмағандықтан біз энергияны тікелей  “КЕГОКТАН”,  “Қостанай оңтүстік электр жүйесі” АҚ-нан сатып аламыз. Сонда тағы қосымша 250 млн теңгедей жұмсалады. Алдағы уақытта мұндай артық шығындардан толық құтыламыз. Өйткені, екі жылдың ішінде кінәраттың неден шыққанын анықтап, жөндеп қойдық. Енді таяуда бу шығаратын турбо-генераторды іске қоссақ,  орталықты өз энергиясымен толық қамтамасыз етуге болады. 

– Соңғы кезде Арқалық жылу-энергетикалық орталығына қатысты дау-шар көбейді. Әлеуметтік желілерде, даңғыра қуған сайттарда түрлі пікір желдей еседі. Осының анық-қанығын өз аузыңыздан естісек…

– Оны мен де естідім. Бірақ, тікелей өзімізге келіп ешкім сұраған жоқ. Қазір жылу-энергетикалық орталығын  есеп комитеті, ревизиялық комиссия, басқа да құзіретті органдар тексеріп жатыр.  Анығын содан кейін ғана білеміз.  Біз әу баста оны жоба бойынша қабылдап алдық. Алайда, бу шығаратын турбогенераторды іске қоса алмадық. Көктемге салым құрылысты салған мердігерлер сарапшылар шақырып, кінәратын анықтады. Сосын өз қаражаттарына жөндеп берді.

   – Қала тұрғындары ауыз су мәселесіне де алаңдайтындықтарын аракідік айтып қалды. Жоғары қабатта тұратын тұрғындар қысымның аздығынан бесінші қабаттан жоғары су әлсіз көтеріледі дейді. Мұның бір шешімі бар ма?

– Жалпы, өзге қалаларға қарағанда біздің өңірдің бір ерекшелілігі қалаға бөлек, ауылдарға бөлек су көздері қарастырылған. Қала халқы су ішіп отырған Ашутасты су қоймасынан бері қарай 51 шақырымдық құбырды айырбастап жатырмыз. Ал Ашутасты, Аңғар ауылдары жер асты су көздерін тұтынады. Олардың өз құдығы, ұңғымасы бар. Қаланың өзінде 190 шақырымдық су құбырының  әбден тозығы жеткен. Соны ауыстыру үшін республикалық, облыстық бюджеттен 800 млн теңге бөлініп, ең жарамсыз 25 шақырым су құбырын жаңартып жатырмыз. Әрине, жаңағы сіз айтқан проблема бар. Бесінші қабаттан жоғарыға су әрең көтеріледі. Құбырларды толық жаңартып алсақ, сегізінші,тоғызыншы қабаттарға жететіндей етіп су қысымын көтереміз.

  – Әмірхан Біркенұлы, жұмыссыздық мәселесі еліміздің кез келген өңіріне тән құбылыс. Оны әрқайсысы өз мүмкіндігіне қарай шешеді. Қанша дегенмен, халықты тұрақтандыруда мұның ықпалы зор емес пе.

– Иә, бұл мәселе жалпыға ортақ дегенімізбен, біз де қол қусырып отырғанымыз жоқ. Қолдан келгенше, тиісті жұмыстарды қолға алып жатырмыз. Мәселен, сырттан инвесторлар тарту ісі осы мәселені бірыңғайлауға көп септігін тигізері анық. Облыс әкімі Торғай өңірінен қолдауын аяған емес. Ең бір үміт артып отырғанымыз, ол Маятастағы жер асты қазба байлықтарын игеру. Ол жерден тау-кен байыту комибинаты бой көтерсе, қала тұрғындарына жұмысқа орналасуға көп мүмкіндік ашылады. Одан кейін тағы бір ірі жоба,  жабылып қалған ТБКБ нысандарын сатып алуға ниеттеніп отырған “Димаш Компани” кәсіпорыны  Арқалықта кірпіш зауытын салмақшы. Қазіргі таңда келіссөздер жүргізіліп жатыр. “Ақтас” ЖШС-нің  құрылыс материалдарын шығармақ ойы бар. Егер аукцион арқылы жер телімін ұтып алса, онда келесі жылы өндірісті бастауға дайын отыр. Осы жобалар іске асса кемінде үш мың адамға жаңа жұмыс орындары ашылады деп жоспарлап отырмыз. Мұндай ауқымды жобаларымыз жетерлік.

 – Арқалық өңірінде ауылшаруашылық өндірісі жақсы дамыған. Мал да, егін де өсіруге қолайлы. Осыны тиімді пайдаланса, кәсіптің “көкесі” сол емес пе. Өзіңді де, өзгені де асырайды.

– Дұрыс айтасыз, бізде ауылшаруашылық жері мол. Мал шаруашылығының  да, егіннің де игілігін көріп отырмыз. Біздің диқандар биыл 315 мың гектар алқапқа дән сіңірді. Өкінішке қарай, жаздай жауын-шашын аз болды. Соған қарамастан, шаруалар жұмыстарын тоқтатқан жоқ. Өңірде құрғақшылық жиілеп кеткен соң, тамшылатып суару әдісіне көшеміз бе деген ой да бар. Биыл   бірінші рет осы жұмысты қолға алып, 400 гектар алқапқа біржылдық шөп өсіріп көрмекпіз. Мұны “КМК-Агрохолдинг” ЖШС құны 500 млн теңгелік жобаны жүзеге асырады. Егер ол жерде шөп шығымы жақсы болса, онда күзге таман 1000 қара малға арналған сүт-тауарлы фермасын ашамыз. Қазір аталған кәсіпорын баздарды, қоршауын, ұңғымасын дайындап қойды. Сосын тағы бір ілкімді жұмыс, ол көкөніс өсіруді дамыту. Жасыратыны жоқ, халық картопты, сәбіз бен жуаны Қостанайдан тасиды. Оны өзімізде өндірсек, бағасы да қолжетімді әрі тек Арқалықтың маңайы ғана емес, көршілес Аманкелді, Жанкелдин, мына жағымыздағы Жарқайың  аудандарын да арзан өніммен толықтай қамтамасыз етуге болар еді. Үстіміздегі жылы Арқалық тәжірибе стансасының маңайынан 24 гектарға картоп дақылы егілді. Шығымы әзірге жаман емес. Қазір, қоймаларды жөндеп, өнім сақтауға дайындап жатырмыз. Бізде өндіріс атаулы жоққа тән. Тек ауылшаруашылығы жұмыс істейді. Болашақта әлгі айтқан жобалар жүзеге асса, Арқалықтың болашағы зор болмақ!

  – Әмірхан Біркенұлы, келелі әңгімеңізге рахмет! Арқалық өңірінің гүлденуі мен көркеюуі жолында еңбегіңіз еселене берсін!

           

            Р.S: Арқалық   қаласының бүгінгі ахуалы жайлы циклді мақалаларды газетіміздің алдағы нөмірлерінен оқи аласыздар.                                                                                                         

            Арқалық қаласы.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Суреттерді түсірген Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ.

 

 

Жаңалықтармен бөлісу