Облыста жыл басынан бері мың шақты адамды ит қапқан

Облыста жыл басынан бері мың шақты адамды ит қапқан

Қостанай облысында соңғы алты айда антирабикалық көмек алуға мың жарымдай  адам жүгінген. Соның бес жүзден астамы балалар мен жасөспірімдер. Бұл бұрынғы жылдарғы көрсеткішпен салыстырғанда 5,9 пайызға көп. Мың шақты  адамды ит қауып алған. Ал 402 адамды мысық жарақаттаған. Мамандар мұндай жағдайда міндетті түрде дәрігерге көріну қажет екенін ескертеді. Бірақ көбіне адамдар өздері ем жасап, үйде болады екен. Бұл сіздің өміріңізге қауіпті екенін ескерген жөн.

Құтырманың асқыну немесе көбею барысы 30 күннен 90 күнге дейін жалғасады. Алайда, ол 7 күннен 1 жылға дейін созылуы да мүмкін. Құтырманың жалпы клиникалық бейнесі көпшілікке танымал. Науқас көбінесе өзін жайсыз сезініп, тіс батқан жер ауырады. Мұның арты сандырақтауға ұласуы мүмкін. Сонымен қатар ұйқысы қашып, көңіл-күйі болмайды, қорқыныш, шаршау сезімі болып, дене түршіге бастайды. Сондай-ақ, тыныс жолдары мен жұтынуы қиындайды, ақыл-есі бұзылады. Құтырманың алғашқы белгісі – жұтынғанда ауырсынудың байқалуы. Сілекей бөлініп, дене сырқырайды. Арты өлімге әкелуі мүмкін.

–Аурудың алдын алуға болады. Егер жан-жануар зақым келтірген болса, тез арада травматологиялық пунктке бару керек. Олар алғашқы медициналық көмек көрсетіп, екпені бірден тегін салынады, – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ермұханбет Дәулетбаев.

 

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Жаңалықтармен бөлісу