Бұл туралы облыстық ТЖД басқармасының аға офицері Қ. Тәуекелов хабарлады.
«Жазғы демалыс маусымы жалғасуда. Су айдындарында демалушылардың қатары қалың. Тұрғындардың судағы қауіпсіздік ережелеріне салғырт қарауы қайғылы жағдайларға әкелуде. 6-8 тамызында ғана жағалауда адам өлімінің үш дерегі тіркелді, – дейді облыстық ТЖД өкілі.
Бірінші жағдай 6 тамыз күні кешке Қонай кентінің маңындағы Тобыл өзенінің жабдықталмаған жерінде болған. Онда 1975 жылы туған азамат суға батып кетті. Оның суға түсер алдында спирттік ішімдікті шамадан тыс қолданғаны анықталды.
Тағы бір қайғылы жағдай сол күні сағат 22:30 шамасында Б.Майлин ауданында тіркелді.
«Сол сәтте Кендірлі көлінде болған куәгерлердің айтуынша, марқұмның балық аулап жүргенде қайығы аударылып түскен. Салдарынан зейнеткер, Юбилейный ауылының тұрғыны суға батып кетті. Оның құтқару жилеті болған жоқ», – дейді төтенше жағдай департаментінің өкілі.
Қазір суға батқан балықшы іздестірілу үстінде. ТЖД Жедел құтқару жасағының мамандары оқиға болды деп болжанған 12 шақырым жағалау аймағы мен 2500 шаршы метр көл түбін тінтуді жалғастырып жатыр. Оқиғаның нақты орны белгісіз, бұл іздеу-құтқару жұмыстарын едәуір қиындатып отыр.
«Жалпы, бұл су қоймасының ауданы шамамен 28 шақырымды алып жатыр. Оның үстіне, қазіргі бұлтты ауа райы көлдегі іздестіру жұмыстары кезінде су түбін тым қараң етіп, сүңгуірлердің қозғалу жылдамдығына кері әсер ететіні тағы бар», – дейді ол.
Хаттамда жергілікті жерде іздеу жұмыстарын жүргізуге алты адамнан тұратын құтқарушылар тобы мен бір КамАЗ және жүзу техникасы жұмылдырылғаны көрсетілген.
Ал 7 тамыз күні сағат 17:55-те Қостанайдың “Мохито” демалыс базасындағы оқиғаға көңілді мерекеде ішімдікке сылқия тойып алған азаматтың іс-әрекеті себеп болған. Оның арты қайғылы жағдайға душар етті. Ол мас күйінде ұжымымен катамаранмен сейіл құрып жүреді. Техника жағадан 40 метр жердегі шектеу аумағына жеткенде аударылады. Демалушылар жағаға шыққан кезде әлгі 1971 жылы туған ер адамның катамаранға басын ұрып алып, суға батып кеткені белгілі болған.
Подполковник Қ.Тәуекелов халыққа шомылу маусымында судағы қауіпсіздіктің мынадай негізгі ережелерін есте сақтауды ескертеді:
– Мас күйде шомылмау;
– Балаларды өз еркітерімен су айдындарына жібермеу,
– Тек жабдықталған орындарда шомылу;
– Қоғамдық орындарда жүріс-тұрыс нормаларын сақтау.