Адам саудасымен күресудің тиімді жолы:  қылмыстың алғашқы белгілерін қалай анықтаймыз?

Адам саудасымен күресудің тиімді жолы: қылмыстың алғашқы белгілерін қалай анықтаймыз?

Қоғамда адам құқықтарының өрескел бұзылуы тыйылар емес. Сарапшылардың пайымдауынша, әлемде 2,5 миллионға жуық адам қазіргі заманғы құл алып-сатушыларының қолында. Жыл сайын шамамен мыңдаған зәбір көруші адам  саудалаушылардың қолына түседі екен. Осыған байланысты  бұдан тура он жыл бұрын  Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күнін белгіледі. Бұл күнді БҰҰ-ның халықаралық күндерінің жүйесіне енгізіп, 30 шілдеде атап өту жоспарланған.
Оның негізгі міндеті – адам саудасы құрбандарының жағдайы мен  құқықтарын көтермелеу және қорғау туралы хабардарлығын арттыру. Бұл жайында облыстық полиция департаментінің ұйымдастыруымен өткен «Адам саудасын бірге тоқтатайық!» акциясында айтылды.

Қала тұрғындарына кеңес беру парақшалары таратылды.

 «Бұл бастаманың халықаралық маңызы ерекше. Қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, акцияға жыл сайын жаңаша сипат беріп келеміз. Биылғы акция шеңберінде тақырыптық бейнероликтерді тікелей форматта ұсынып, адам саудасының проблемалары туралы ақпараттар мен  «116 16» сенім телефонының нөмірі бар жедел қызмет материалдарын мейлінше тарату көзделуде», – дейді ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының аға жедел өкілі Нұржан Әкімбеков.

 

 

Акцияға қатысқан тұрғындардың бірі жеке кәсіпкер Данияр Жетпісбаев акция ұйымдастырушыларына өз еркімен көмек беруге келгенін айтады.

 

«Мұндай акцияны жиі ұйымдастырып тұру керек. Бұл кейінгі жастардың тәрбиесі мен дұрыс жолға түсуіне септігі мол. Халқым үшін пайдалы ұсыныстарды қолдап, әрдайым кеңес беруге дайынмын», – дейді ол.

 

Адам саудасы  заңсыз еңбекке  пайдаланып, жұртты еріксіз қайыр сұрауға мәжбүрлейді. Салдарынан ерлер құлдықта жегіледі, әйелдер жағы осындай топтың арбауына түсіп, жезөкшелік жолға түседі, заңсыз бала асырап алу фактілері де қоғамда жиі тіркеледі. Адам ағзалары мен тіндерін трансплантация жасау үшін сатып алу жағдайлары да ортаны жайлай бастағаны адам саудасына келіп тірелуде. Еңбек шартының болмауы, нормаланбаған жұмыс кестесі, жұмыс беруші қабылданған кісінің кіріс құжаттарын алып, қозғалыста бостандықты шектеуі адам саудасының алғашқы белгілеріне жатады дейді акцияны ұйымдастырушылар.

Осындай қылмыстың құрбаны болмау үшін өз құжаттарыңызды ешкімге сеніп тапсырмауды және оның көшірмелерін, шетелдегі жүрген жеріңіз туралы ақпаратты жақындарыңызға қалдыруды, шетелдегі жұмыс, оқу немесе неке туралы қызықтыратын ұсыныстардан аулақ болуды, сенімді ақпарат көздері арқылы қабылдайтын тарап туралы ақпаратты тексеруді, шығуға байланысты қол қоятын барлық құжаттарды егжей-тегжей зерделеуді, бара жатқан елдегі Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілділігінің байланыс деректерін анықтауды ескертеді.

 

Егер сіз осындай жағдайға тап болсаңыз, 102 нөмірі бойынша немесе 116 16 сенім телефонына хабарлаңыз. Қырағы болыңыз, өзіңізді алдауға жол бермеңіз!

Айбек Ғалымұлы

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

 

Жаңалықтармен бөлісу