Өндірістегі роботтар, жасанды интеллект арқылы сапаны бақылау, цифрлық модельдеу, білім берудегі STEM-зертханалар мен виртуалды шындық технологиялары. Бұлар енді алыс болашақтың көрінісі емес, Қостанай өңірінің өнеркәсібі мен білім беру саласында біртіндеп қолданысқа еніп жатқан заманауи шешімдер.
Алайда технологияның дамуы өз алдына, оны тиімді меңгеріп, өндіріске енгізе алатын білікті маман даярлау – бүгінгі күннің басты міндеті.
Қазіргі әлемде цифрлық трансформация экономиканың даму бағытын айқындайтын негізгі факторлардың біріне айналды. Әсіресе жасанды интеллект, роботтандыру және автоматтандырылған басқару жүйелері өнеркәсіптің жұмыс тәсілін түбегейлі өзгертіп келеді.
Бұл өзгерістерден Қостанай облысы да шет қалған жоқ. Машина жасау саласы қарқынды дамып келе жатқан өңір үшін цифрлық технологияларды игеру – өндірістік әлеуетті арттырудың және бәсекеге қабілеттілікті күшейтудің маңызды тетігі.
Осы мәселелер академик Зұлхарнай Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің ұйымдастыруымен өткен «Білім беру, ғылым және өндіріс салаларында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдану» атты халықаралық ғылыми-практикалық дөңгелек үстелдің негізгі тақырыбына айналды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған басқосу «Цифрлық индустрия үшін кадрлар даярлаудың жаңа моделін қалыптастыру» стратегиялық серіктестермен жұмыс жөніндегі онкүндігі аясында ұйымдастырылды.
Кездесу ғылым, білім беру және өндіріс өкілдерін бір алаңға жинап, технологиялық өзгерістер жағдайында маман даярлау мәселесін жан-жақты талқылауға мүмкіндік береді. Оған отандық кәсіпорындармен қатар университеттің халықаралық стратегиялық серіктесі – Италияның Неаполь қаласындағы «Партенопе» университетінің өкілдері де қатысады. Сондай-ақ «СарыарқаАвтоПром», «KamLitKZ», «Allur» компаниялар тобы, KIA Kazakhstan, «Technopark KZ» кәсіпорындарының өкілдері, колледждер мен мектеп басшылары, оқытушылар, ғалымдар және жас зерттеушілер бас қосты.
Өңірдің өндірістік әлеуетіне көз жүгіртсек, цифрландырудың не себепті маңызды екенін аңғаруға болады. Қостанай облысында еліміздегі машина жасау саласы өнімінің шамамен 25 пайызы өндіріледі. Өңірде жеңіл және жүк автомобильдерін, тракторлар мен комбайндарды, автокомпоненттер мен түрлі техникалық бөлшектерді шығаратын кәсіпорындар жұмыс істейді.
Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы Қадырғали Жаманбалиннің деректеріне сүйенсек, өңірдің машина жасау кәсіпорындарында шамамен 6 мың адам еңбек етеді. Олардың 55-70 пайызы – 35 жасқа дейінгі жастар. Жаңа өндіріс орындарында 150-ден астам робот жұмыс істейді. Бұл көрсеткіштер өңір өнеркәсібінің технологиялық жаңғыру кезеңіне қадам басқанын аңғартады. Өндіріс орындарына жаңа жабдықтар мен автоматтандырылған жүйелер енгізілген сайын, оларды басқара алатын, бағдарламалық қамтамасыз етуді меңгерген, техникалық мәселелерді талдай білетін мамандарға сұраныс та арта түседі.
Профессор Қадырғали Жаманбалиннің пікірінше, университеттің негізгі міндеттерінің бірі – болашақта сұранысқа ие болатын мамандарды алдын ала даярлау. Өйткені заманауи өндірістің кадрлық әлеуеті білім беру ұйымдары мен кәсіпорындардың өзара тығыз байланысына тәуелді. Мұндай әріптестіктің нақты мысалдары да бар. Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің «Техникалық ғылымдар» кафедрасының филиалдары «СарыарқаАвтоПром» және «KamLitKZ» кәсіпорындарының базасында жұмыс істейді. Бұл студенттерге теориялық білімді өндірістік тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде жасанды интеллектіні өндірісте қолдану тек роботтардың жұмысымен шектелмейді. Ол өнім сапасын бақылаудан бастап, шикізат пен бөлшектерді есепке алуға, жабдықтардың жағдайын болжауға және өндірістік үдерістерді оңтайландыруға дейінгі көптеген міндетті атқара алады. Мұның нақты мысалдарын Қостанайдағы автомобиль құрастыру кәсіпорындарының тәжірибесінен көруге болады. Мәселен, «Allur» компаниялар тобының өндірістік қызметінде цифрландыру бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылуда.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
