Еліміздің Жер кодексіне сәйкес, әрбір азамат үй салу үшін 10 сотыққа дейін жер телімін тегін жекеменшікке алуға құқылы. Қазіргі уақытта осы бағыт бойынша елу мың қостанайлық жер кезегіне тіркеліпті. Былтыр ғана 44 мыңға жуық адам тізімде тұрған. Үміткерлердің көбеюіне не түрткі?
Шаһар билігі бір жарым жылдан бері осы жағдайды нақты қолға алды. Қаладан шамамен 15 шақырым жердегі Қонай тұрғын алабынан арнайы тер телімін қарастырды. Оны кезектегілер арасында бөлуде. Алушы табылса дайын тұрған жер үйлер де бар. Мұндай қарқынмен халықтың сұранысы өтеліп, кезек азаяды деп болжанған. Өкінішке қарай, кезекті ретке келтіру оңайға соқпай отыр.

«Тізімдегілерді түгендеу кезінде біраз адамның дерегі нақтыланбады. Тұрғылықты жерін ауыстырған, басқа жаққа қоныс аударған немесе баспана сатып алған деген сияқты сәттер көп. Бүгінде 50 мың адам кезекте дейді. Мұның мәнісін түсінбедім. Жер кезегіне тұруға болады дегенді естіп кішкентай баламызға дейін тізіп қойып жатамыз. Мысалға, үй кезегі жыл сайын түгенделіп, деректер жаңартылады. Ал жерде мұндай механизм қарастырылмаған. Салдарынан мәнісі ескірген деректер жинала береді. Тізімдегі адамның телефонын, мекен жайын таппай қаламыз. Шын мәнінде жер алуға ниетті 50 мың адам бар деген күмәнді», – деген қала әкімі Марат Жүндібаев жер кезегіндегілердің мәліметін жыл сайын жаңартып отыруды ұсынды.
Қала билігі соңғы жеті жылдан бері Қонайға ерекше көңіл бөле бастағаны ақиқат. 2018 жылдан бері осы аумақты кешенді дамыту жұмысы жүргізіліп келеді. Кезең-кезеңімен инженерлік желілерін жаңартып, су, кәріз, электр және газбен жабдықтау, телефон байланысы желілері іске қосылды. 2025 жылы аумақтың кіреберіс жолдары пайдалануға беріліп, көшелерге жарықтандыру орнатылды. Шағын аудан кейпіндегі мекен жан-жақты қолдауға ие болды. Көп қабатты тұрғын үйлер бой көтерді. Сырты бірдей, қаз-қатар тізілген коттедж типтес баспаналар қалыптасты. Бюджет қаржысына бір және екі қабатты 124 жер үй салынды. Соның тең жартысы кезектегілерге үлестірілді. Қалғаны әлі сатылымда. Құны нарық бағасынан төмен. Алайда, халық Қонайдан үй алуға асығар емес. Әзірге мұнда балабақша, мектеп, емхана жоқ. Тұрғындар көңілін күпті еткен ойдың бірі де осындай әлеуметтік нысандардың жоқтығы шығар, бәлкім.
Жеті жылда жергілікті әкімдік сылбырлық танытқан жауапсыз мердігерлердің жұмысын қолға алып, құрылысқа қамшы басты. Айналасы жұп-жұмыр саябақ жасап қойды. Балалар ойын алаңы, спортпен шұғылдану аймағы да бар. Автокөліктерге арнап тұрақ жасалды. Тұрғын үйлердің құрылысымен қатар оларға іргелес аумақтар да абаттандырылды.

«Қонайда жеке тұрғын үй құрылысына 1967 жер телімі қарастырылған. Соның 14-і, бір қабатты дайын үйлер 2024 жылы су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға берілді. Қалған 1668 жер телімі әкімдіктің кезегінде тұрған жандар арасында бөлінуде. Қазіргі уақытта 274 адам сәулет-жоспарлау тапсырмасын алды және 132 эскиздік жоба мақұлданды. 24 азамат құрылыс-монтаждау жұмысын жүргізуде. Бір үй салынып, пайдалануға берілді. Жергілікті атқарушы органның кезегінде тұрған азаматтарға жер учаскелерін бөлу процесі жалғасуда», – деп нақтылады жер қатынастары бөлімінің басшысы Бахтияр Жұмабеков.
Бір ескеретіні – Қонайдан берілетін жер телімдері тек тұрғын үй құрылысына арналған. Ол жерге монша, ТҚС немесе көлік жуу орнын саламын деп дәмелену бос әурешілік. Қала әкімі бұл ереже қатаң бақылауда болатынын айтты. Бизнеске арналған нысан салу – басқа бағдарламада көзделген. Ендігі талап – кезек бойынша жер алған адам үй саларда әкімдіктің нұсқаулығын назарға алуы тиіс. «Қазаншының өзі еркі, қайдан құлақ шығарса» деген ұстаным жүрмейді. Үш жыл ішінде үйі салып, жерді мақсатты түрде игеру міндет. Одан бұрын салған үйіңіз әкімдік ұсынған үлгіге сәйкес келгені жөн. Өйткені талап баршаға ортақ. Құрылыстың барысын «SmartQostanai» цифрлық платформасына арқылы баяндап отырсаңыз тіпті тамаша. Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Гүлсара Құрманғалиеваның айтуынша, әзірге бұл қосымшаны пайдаланушылар саны аздау.
Биылдыққа Қонайдағы дайын тұрғын үйлерді сатып алуға қалалық жер қатынастары бөліміне 500-ден аса сатып алушы жүгінген. Алайда, басым көпшілігінің жағдайы екінші деңгейлі банктердің талабына сәйкес келмепті. Жергілікті билік аталған аумақты дамытуды әлі жалғастыруда.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген Василий ВАСИЛЬЕВ
