Қарасу ауданында өрт қауіпсіздігін сақтауға үндейтін заманауи әдісі қолданыла бастады. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі жаңа технологияны тұрғындармен байланысу құралы ретінде тиімді пайдалануда.
Осы мақсатта ТЖБ Instagram-дағы ресми парақшасында арнайы байқау жариялап, «Өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуын тап» атты танымдық айдар жүргізді. Сайыс осы жылдың 30-қазанына дейін ұйымдастырылды.
Әлеуметтік желі қолданушылары қызыл жалынмен күресу жолдарын айқындап, сақтық ережелерін ұстану жайында жазбалар мен тақырыптық суреттер жариялады. Қатысушылардың шығармашылық жұмысы бірін-бірі толықтырып, тілсіз жаумен бірге күресуге үндеп тұрғандай. Олар қауіпсіздік ережелерімен тереңірек танысуға мүмкіндік алды. Ал жеңімпаз пікірлер саны бойынша анықталды.
Ерекше жобаның қорытындысында Абай атындағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі Аяна Жетпісбаева жеңімпаз деп танылды. Оған көміртегі газының қауіпті деңгейін жедел анықтауға және адамдарды улану қаупі туралы ескертуге арналған пайдалы құрылғы – ақылды көміртек газы датчигі табысталды.
«Алда қыз мезгілі келе жатыр. Жылыту пештерінің қызметін тұрақты тұтынатын уақыт. Сондықтан қауіпсіздік талаптарын еске салып, тұрғындарды ақпараттандыру маңызды. Жер үйлерде мұржаның тазалығын күнделік тексеріп, ақауын уақытында қалпына келтірген жөн. Осы ойды тағы бір пысықтау үшін әлеуметтік желінің қызметін ұтымды пайдалануды жөн көрдік», — деп хабарлады Қарасу аудандық төтенше жағдайлар бөлімі.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Қарасу ауданы
