SCAT әуе компаниясы Қостанай — Санья — Қостанай бағыты бойынша тұрақты туристік рейстерді алдағы 25 желтоқсаннан бастап орындауды жоспарлап отыр. Рейстердің ұшып шығу және келу орны Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Қостанай» халықаралық әуежайы болмақ.
Рейстер аптасына бір рет сенбіден жексенбіге қараған түні орындалады. Осылайша, жаңа бағыттың ашылуы Қостанайдан орындалатын халықаралық әуе рейстерінің географиясын кеңейтіп, өңір тұрғындарына шетелде саяхаттап, демалуға қосымша мүмкіндік бермек.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Қостанай» халықаралық әуежайы маршруттық желіні дамытуды жалғастырып, өңірдің көлік қолжетімділігін арттыруға және жолаушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған жұмыстарды әлі де жандандыра түсуді көздейді.
Санья — Қытайдың Хайнань аралындағы басты курорттық орталықтардың бірі. Қала тропикалық климатымен, көркем жағажайларымен және дамыған туристік инфрақұрылымымен танымал.
