Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте аудан әкімі Дінмұханбет Бидашев мәлімдеді.
Атап айтқанда, Тәуіш, Саға және Сужарған ауылдарындағы ветеринариялық пункттердің құрылысын «BigStoryServis» компаниясы толық аяқтаған. Қалған нысандардың құрылысын да жақын күндері тәмамдап, 10–15 қараша аралығында пайдалануға қабылдау жоспарланып отыр.
Аудан әкімінің айтуынша, Тәуіш ауылындағы ветеринариялық пункт құрылысына республикалық бюджеттен 33 миллион теңге бөлінген. Қазіргі таңда нысанның құрылысы аяқталып, мұнда қызмет көрсететін ветеринар мамандар да дайын.
«Тәуіштегі ветеринариялық пункттің құрылысы аяқталды. Республикалық бюджеттен 33 миллион теңге бөлінді. Жақында ашылады. Онда жұмыс істейтін ветеринар мамандар да әзір», – деді Дінмұханбет Бидашев.
Жаңа ветеринариялық пункттер Тәуіш, Саға, Сужарған, Аралбай, Көкалат, Ақкөл, Ахмет Байтұрсынұлы, Ақшығанақ және Шилі ауылдарында бой көтеруде.
Айта кетейік, өткен жылы ауданда екі ветеринариялық пункт пайдалануға берілген болатын. Биылғы тоғыз нысанның құрылысы толық аяқталғаннан кейін ауылдық жерлердегі ветеринариялық қызметтің қолжетімділігі артып, мал ауруларының алдын алу, ветеринариялық бақылау және мал басының саулығын сақтау бағытындағы жұмыстар жаңа қарқын алады.
Бұл – ең алдымен ауыл шаруашылығымен айналысатын тұрғындар үшін маңызды қолдау. Өйткені ветеринариялық көмектің елді мекеннің өзінде қолжетімді болуы малдың саулығын сақтауға, аурулардың таралуына жол бермеуге және ауданның мал шаруашылығы саласын дамытуға мүмкіндік береді.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Суретті жолдаған Жаркөл ауылдық округінің әкімі
