Елімізде жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы өңірде нақты нәтижесін бере бастады. Бүгінде Қостанай облысы республикадағы цифрлық даму бойынша үздік бестікке еніп отыр.
Облыс әкімдігі ғимаратының бір бөлігінде IT-мамандар мен жастардың басын қосатын жаңа IT-парк ашу жоспарланса, аймақтағы цифрландыруға бағытталған инвестиция көлемі былтыр 18,4 млрд теңгеге жетті. Жалпы өңірлік ІТ-экожүйе қалай дамып жатыр?
Облыс әкімдігінде өткен кеңесте «Қостанай облысында Цифрландыру және жасанды интеллект жылының іске асырылу нәтижелері» мәселесі қаралды. Жиында өңірдің цифрлық даму барысы, IT саласындағы жетістіктер, мамандар даярлау және жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстар талқыланды.

Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағаны белгілі. Сондай-ақ 2025 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында алдағы үш жыл ішінде елімізді толыққанды цифрлық елге айналдыру міндетін қойды. Осыған орай өңірде де цифрлық экономиканы дамыту, IT-кәсіпкерлікті қолдау және заманауи технологияларды түрлі салаға енгізу жұмыстары күшейтілуде. Кеңесте облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Азамат Кашиев өңірлік IT-экожүйенің қалыптасуы мен дамуы туралы баяндады. Үш жылға жуық уақыт ішінде орталық өңірдегі IT-қауымдастықты біріктіретін маңызды алаңға айналды. Осы кезеңде 335 іс-шара ұйымдастырылып, оған 9500-ден астам адам қатысты. Өңірлік стартап жобалар 330 мың АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартқан. Бүгінде Qostanai Hub алаңында Astana Hub-тың 16 резидент компаниясы және өңірлік IT-хабтың 12 стартап-резиденті бар.

«IT саласына қажетті кадрларды даярлауда Tomorrow School жасанды интеллект мектебінің орны ерекше. Бүгінде мұнда білім алушылардың қатары артып келеді. Алғашқы легінде 77 адам оқыса, екінші кезеңде 94, үшінші легінде 99 тыңдаушы білім алған. Цифрландыру жұмыстарын облыс орталығынан тысқары жерлерге де кеңінен таратуға мүмкіндік берген ауқымды бастамалардың бірі – «DIGITAL KERUEN» жобасы. Жоба аясында Арқалық пен Рудныйды қоса алғанда, 6 қала және Қостанай облысының 16 ауданы қамтылды. Аталған қалаларда алғаш рет стартап жобаларға арналған хакатондар мен түрлі байқау іс-шаралары ұйымдастырылды», – деді Азамат Кашиев.
Өңірдегі IT-компаниялар саны да тұрақты өсіп келеді. 2022 жылы облыста 318 компания тіркелсе, биыл олардың саны 362-ге жетіп, 14 пайызға артқан. 2025 жылдың қорытындысы бойынша IT-компаниялардан түскен салық түсімдері шамамен 650 млн теңгені құрады. Бұл – 2022 жылмен салыстырғанда 35,4 пайызға жоғары көрсеткіш. Ал 2026 жылдың он айында аталған саладан түскен салық көлемі 610 млн теңгеге жуықтаған.
Жиында сөз алған Qostanai Hub директоры Дамир Мнайдаров резиденттер санын одан әрі арттыру жоспарымен бөлісті. Оның айтуынша, хаб алғаш ашылған кезде бес резидент болса, келесі жылы олардың саны 13-ке жеткен. Биыл бұл көрсеткіш 16 компанияны құрады. Жыл соңына дейін тағы жеті өтінім қабылдау жоспарланып отыр. Нәтижесінде резиденттер саны 20-дан асуы мүмкін.
Облыстағы компаниялар өз қызметінде цифрлық технологияларды кеңінен қолданып, бұл бағытқа қомақты қаражат бөліп келеді. Мәселен, 2022 жылы цифрландыруға 10 млрд теңгеден астам қаржы бағытталса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 18,4 млрд теңгеге жетті. Ал 2026 жылдың алғашқы алты айында 9,8 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіштердің артында технологияға салынған инвестиция ғана емес, тұрғындардың күнделікті өміріндегі нақты өзгерістер тұр. Атап айтқанда, кезек пен қағазбастылық азайып, мемлекеттік және өзге де қызметтерді алу жеделдеді, ұйымдармен өзара байланыс орнату жеңілдеп, азаматтардың жеке уақыты үнемделуде. Сонымен қатар облыс тұрғындарының цифрлық сауаттылық деңгейі де артты. Егер 2023 жылы бұл көрсеткіш 82,9 пайызды құраса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 92,3 пайызға жеткен. Бұл өсімнің басым бөлігі балалар мен жастардың цифрлық дағдыларын меңгеруіне байланысты. Мәселен, мектептегі білім сапасын бағалауға арналған PISA-2025 халықаралық зерттеуінің нәтижесі бойынша Қостанай облысы цифрлық тапсырмаларды шешу көрсеткіші бойынша республикада үшінші орынға ие болды. Өңір оқушыларының орташа нәтижесі 477,2 балды құраса, республикалық көрсеткіш – 449 балл.
Кеңестегі маңызды жаңалықтың бірі – Қостанайда жаңа IT-парк ашу бастамасы болды. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, өңірде IT мамандары мен жастардың бас қосып, өз жобаларын дамыта алатын заманауи кеңістік құру көзделіп отыр. Жалпы, атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелердің арқасында Қостанай облысы республикадағы цифрлық даму бойынша үздік бес өңірдің қатарына енді.

«Қалада коворкинг орталықтарының жетіспейтінін түсінеміз. Сондықтан IT-парк осындай қажеттіліктің орнын толтыратын кеңістікке айналуы мүмкін. Мұнда IT мамандары мен жастар жиналып, өз жобаларын дамыта алады. Сонымен қатар балаларға арналған танымдық әрі ойын-сауық контенті, цифрландыру элементтері де қарастырылады. Біздің мақсатымыз – IT-компанияларға тек өңірлік деңгейде ғана емес, республика көлемінде және халықаралық нарықта дамып, өз өнімдерін экспорттауға көмектесу», – деді облыс әкімі.
Облыс әкімі жасанды интеллектіні дамытуда мемлекет, бизнес және сарапшылар арасындағы тұрақты байланыстың маңыздылығына да тоқталды.
«Біздің алдағы міндетіміз – ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте және басқа да салаларда жасанды интеллекттің заманауи шешімдерін енгізу мақсатында әлемнің жетекші IT-компанияларымен ынтымақтастық орнату. Мысалы, қазіргі кезде агроөнеркәсіптік кешенде біз тауарлы сүт фермаларында автоматтандырылған өңдеу желілері мен цифрлық жүйелерді енгізіп жатырмыз. Бірақ дәл егіншілік, зияткерлік суару және дрондарды қолдану жобаларын көбірек пайдалануқажет. Ауыл шаруашылығы басқармасы аграрийлермен технологиялық циклдарға цифрлық шешімдерді енгізу жұмысы бойынша нақты айналысуы қажет», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Облыс әкімі аудан, қала әкімдеріне өз өңірлерінде бұл саладағы жұмысты одан әрі жандандырып, жоспардан қалмау жұмыс істеуді де тапсырды.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
