Мемлекеттік қызметтегі мансап, кәсіби тәжірибе және жұмысқа орналасудың жаңа мүмкіндіктері. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде бітіруші курс студенттеріне арналған «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» республикалық жобасының таныстырылымы өтті.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті ұйымдастырды. Кездесудің басты мақсаты – дарынды әрі бастамашыл жастарды мемлекеттік қызметке тарту және олардың кәсіби дамуына жол ашу.
Кездесу барысында департамент өкілдері студенттерге жобаның негізгі кезеңдерін, қатысу талаптарын және мемлекеттік басқару саласында мансап құру мүмкіндіктерін түсіндірді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында білім алу, мемлекеттік органдарда тәжірибеден өту және дарынды жастар пулына ену жолдары таныстырылды.
Таныстырылымның маңызды тақырыптарының бірі – жоғары оқу орындарының түлектерін мемлекеттік қызметке орналастыру мәселесі болды.
Студенттерге белгіленген талаптарға сәйкес келетін және GPA көрсеткіші 3,33-тен төмен емес түлектердің «Б» корпусының кейбір әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына конкурстан тыс орналасу тәртібі туралы ақпарат берілді. Бұл – мемлекеттік қызмет жолын таңдаған жас мамандар үшін маңызды мүмкіндіктердің бірі.
Сонымен қатар e-Qyzmet.gov.kz интернет-порталындағы түлектерге арналған «Вакансии для выпускников» («ТҮЛЕК») жаңа бөлімі таныстырылды. Департамент өкілдері платформаны пайдалану тәртібін көрсетіп, мемлекеттік органдардағы бос жұмыс орындарын іздеу және түйіндеме жасау жолдарын түсіндірді.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, студенттер мемлекеттік қызметке орналасу, кәсіби өсу және мемлекеттік басқару саласындағы мансаптық мүмкіндіктер туралы сұрақтарына жауап алды.
«Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасы – жастардың әлеуетін ашуға, мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға және мемлекеттік басқару жүйесін білікті кадрлармен толықтыруға бағытталған маңызды бастама.

Білімді, белсенді әрі жаңа идеяларға ашық жастарды мемлекеттік қызметке тарту – елдің кадрлық әлеуетін нығайтудың және болашақта тиімді мемлекеттік басқаруды қалыптастырудың маңызды қадамы.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ,
Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
