Жеңіс күніне арналған іс-шараға оқушылар да, егде жастағы тұрғындар да қатыса алады. Жарысты қалалық Дене шынықтыру және спорт бөлімі, “Наш Қостанай” газетінің редакциясы бірлесіп ұйымдастырғалы отыр.
Бұл – Қостанайдағы дәстүрлі спорттық іс-шаралардың бірі. Алғаш рет 1982 жылы бастау алып, содан бері үзіліссіз өтіп келе жатыр. Мұның бастауында Леонид Шефер, Андрей Граф, Анатолий Каширин, Сергей Поликарпов, Сергей Биркл және басқа да қостанайлық атақты жеңіл атлеттер тұрды.
“Былтыр осы науқанға 200-ден астам адам қатысқан еді. Олардың ішінде жергілікті тұрғындарды қоспағанда, өзге облыстардан, тіпті алыс-жақын шетелден келген азаматтар болды. Ал жалпы бұған жас шаңғышылар, велосипедшілер, конькимен жүгірушілер және қаладағы түрлі спорт мектептерінің басқа да спортшылары үнемі қатысады. Бүгінде “Естелік” ардагерлерінің сапында жиырма шақты адам бар. Жарыста нәтиже көрсету басты мақсат емес. Бұл – ҰОС батырларына деген тағзым белгісі, саламатты өмір салтын насихаттаудың игі амалы. Биылғы жарыс та ойдағыдай өтер деген сенімдеміз”, – дейді ұйымдастырушылар.
Сонымен, биылғы жүгіріске де бастауыш сынып оқушыларынан бастап, зейнет жасындағы кісілерге дейін қатысуға рұқсат бар. Кәсіби спортшыларға да қарапайым тұрғындармен бірге жүгіріс жолына түсуге мүмкіндік беріледі. Жүгіріс үш қашықтыққа бөлінеді: балаларға 2,4 шақырым белгіленсе, ересек азаматтарға 10 және 23 шақырым қашықтықты таңдай алады.
Маршрут та белгіленіп қойылды. Жүгірушілер Жеңіс көшесінен мәре алып, кейін Бородин, Назарбаев көшелерін басып өтіп, Қостанай-2 ауданына және Дизель зауытына бұрылады. Федоров бағытындағы тас жолына дейін барып, содан соң кері қайтады. 10 шақырымға жүгіруге қатысушылар Назарбаев даңғылының соңында ашылады.
Жүгіріске қатысу үшін 8 мамыр күні сағат 18:00-ге дейін онлайн форматта тіркелуге болады. Алдын ала өтінімдерді neroznak01@gmail.ru электрондық мекенжайына жіберу қажет.
“Қатысуға ниет білдіргендерден медициналық рұқсат туралы анықтама немесе денсаулық туралы қолхат талап етіледі. Қатысушыларды офлайн форматта тіркеу 9 мамырда сағат 08:00-де басталады. Қабылдау комиссиясы Жеңіс саябағы маңында орналасады. Уақытша түзетулер болған жағдайда біз алдын ала хабарлаймыз”, – делінеді хабарламада.
Бұдан бөлек, ұйымдастырушылар іс-шараның егжей-тегжейлі жоспарын да қоса ұсынған:
- 10 және 23 шақырымға жүгіру бір уақытта басталады.
- 5 минуттан кейін 2400 метрге жүгірушілерге белгі беріледі. Ерлер мен әйелдер, қыздар мен ұлдар үшін көрсеткіш есебі бөлек саналады. 2400 метр қашықтыққа жүгіретін ұлдар, қыздар – 15 жасқа дейінгі жас тобы. Мұнда барлық ниет білдірушілер қатыса алады.
- 10 км қашықтықта жас топтары:
– 16-18 жас;
– 19-39 жас;
– 40-49 жас;
– 50-59 жас;
– 60-64 жас;
– 65 және одан жоғары.
- 23 км қашықтықта жас топтары:
-18 жасқа дейін;
-19-39 жас;
-40-49 жас;
-50-59 жас;
-60-64 жас;
-65 және одан жоғары.
Әр жас тобындағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қостанай қаласы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі мақтау қағазымен және медалімен марапатталады. Сонымен қатар, ерлер және әйелдер арасындағы абсолютті біріншіліктің бір-бір жеңімпазына “Наш Қостанай” газетінің ақшалай сертификаттары, дипломдары табыс етілмек.