7 июня, 2025
9 Мамыр – Ұлы Жеңістің мәңгілік рухы

9 Мамыр – Ұлы Жеңістің мәңгілік рухы

Жыл сайын 9 мамырда еліміздің әр түкпірінде Ұлы Жеңіс күні аталып өтеді. Бұл күн – халқымыздың ержүректігі мен отансүйгіштігінің символы. Қан майданда ерлік көрсеткен жауынгерлердің рухына тағзым ететін, тылда еңбек еткен миллиондардың жанкештілігін еске алатын қасиетті күн.

1941–1945 жылдары аралығында өткен Ұлы Отан соғысы адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі болды. Сол сұрапыл жылдары Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстан да өзінің азаматтарын майданға аттандырды. Ел басына күн туғанда, қазақ жұрты тайсалмай, ерлікпен шайқасты. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстаннан 1 миллион 200 мыңнан астам азамат соғысқа қатысып, олардың жартысынан көбі ұрыс даласында қаза тапты. Қостанай облысы да бұл тарихи кезеңде шет қалмады. Облыс аумағынан 70 мыңнан астам адам майданға аттанып, олардың тең жартысынан астамы туған жерге оралмады. Жеңісті жақындатуға өз үлесін қосқан ерлердің есімі ел есінде. Олар – біздің мақтанышымыз, тарихымыздың асқақ тұлғалары.

Бүгінде арамызда жүрген ардагерлер – сол бір отты жылдардың тірі куәсі. Олардың әр сөзі – шежіре, әр естелігі – ерлік сабағы. Өкінішке қарай, уақыт өз дегенін алып, ардагерлер қатары сиреп барады. Алайда олардың ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес. Қостанайдағы Жеңіс саябағы мен Мәңгілік алау – осы ұлық құрметтің айғағы. Жыл сайын бұл орындарға гүл шоқтары қойылып, үнсіздікпен тағзым етіледі. Ардагерлерге деген ілтипат – елдігіміздің, ұрпақтар сабақтастығының белгісі.

Жеңіс күнінің тәрбиелік мәні зор. Бұл – келешек ұрпаққа бейбіт күннің қадірін ұғындыратын күн. Қостанай өңірінде 9 мамыр қарсаңында білім ошақтарында ашық сабақтар, ардагерлермен кездесулер, «Мәңгілік полк» шеруі ұйымдастырылады. Балалар өз аталары мен әжелерінің суреттерін көтеріп, сол дәуірдің рухын сезінуге тырысады. Осындай игі бастамалар – ұлт жадын жаңғыртып, тарихты тірілтетін маңызды шаралар. Себебі өткенін ұмытқан елдің болашағы бұлыңғыр. Ал тарихын қастерлеген ұлт – әрқашан биік.

9 мамыр – бұл жеңіс салтанаты ғана емес, бұл – тағзым күні. Біз бүгінде тыныш таңды қарсы алып, бейбіт өмір сүріп отырсақ, ол – сол батыр бабаларымыздың арқасы. Майдан даласында қаза тапқан ерлердің рухына бас иіп, тірі ардагерлерге құрмет көрсету – біздің борышымыз. Жеңіс – ерлік пен бірліктің жемісі. Сол ұлы ерліктің рухы әрбір жүректе жаңғырып, әрбір шаңырақта ұлықталуы тиіс. Өйткені бұл күн – біздің өткеніміздің даңқы, бүгінгі бейбіт тіршілігіміздің негізі, ертеңгі елдігіміздің кепілі!

 

Диана Алмасқызы 

ҚӨУ студенті