54 млн теңге айыппұл салынды

54 млн теңге айыппұл салынды

Өңірдегі ауа бассейнінің ластануы тау-кен, жылу энергетикасы өнеркәсібі және автомобиль көлігі кәсіпорындарының ауаны ластаушы заттарды шамадан тыс шығаруына тікелей байланысты.

Облыстың ірі тау кен өндіру кәсіпорындары «ССКӨБ» АҚ және «Өркен» ЖШС Лисаков филиалы, «Қазақстан алюминийі» АҚ филиалы, «Шаймерден» АҚ, «Комаров тау-кен кәсіпорны» ЖШС және «Варваринское» АҚ осы санатқа жатады. Бұл туралы журналистермен өткен брифингте облыстық экология департаменті басшысының міндектін атқарушы Қуаныш Елеусінов айтып берді.

«Ауа бассейнінің ластану деңгейі бойынша біздің облыс салыстырмалы түрде қолайлы өңір. Көп жағдайда атмосфералық ауаның қолайлылығына қатты отыннан табиғи газға жүйелі түрде көшу ықпал етеді. Сондықтан облыстық бюджет қаражаты есебінен аудан орталықтары мен басқа да елді мекендерді одан әрі газдандыру мәселесі күн тәртібінде тұр. Бұл қоршаған ортаның ластану көлемін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді және атмосфералық ауаның жай-күйіне оң әсер етеді. Биылғы жылдың алты айында кәсіпорындардың ластаушы заттар шығарындыларының жалпы көлемі 51,1 мың тоннаға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен салыстырғанда 12% артық. Ластаушы заттар көлемінің ұлғаю себептері – ірі кәсіпорындарда өндірістің ұлғаюымен байланысты. Егер 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында шығарындылар көлемі 29,1 тонна болса, биылғы алғашқы жарты жылдығының қорытындысында 34 тоннаға жетті», – дейді Қуаныш Елеусінов.

Оның айтуынша, алғашқы жарты жылдың бедерінде өңірде сарқынды суларды ағызудың көлемі 103,8 мың тоннаға артқан. Бұл да былтырғы кезеңмен салыстырғанда едәуір көп. Басқарма басшысының міндетін атқарушы сарқынды сулар көлемінің ұлғаюы өнеркәсіптік төгінділердің ұлғаюымен байланысты екенін мәлімдеді. Дегенмен, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда облыс бойынша жалпы өнеркәсіптік қалдықтардың түзілу көлемі біршама төмендеген. Оның азаюының кәсіпорындардың қалдықты өз қажеттіліктері үшін пайдалануында жатыр. Яғни, кей түзінділерді қайта өңдеп, қиыршық тасқа айналдырады. Немесе қазылған карьерлерге төгу арқылы жүзеге асырылады. Нәтижесінде биылғы алғашқы жарты жылдықта кәдеге жарату көрсеткіші 14,2% -ке ұлғайды. Спикердің айтқанындай, «Қазақстан Ғарыш сапары» ҰК» АҚ спутниктік суреттері арқылы бүгінгі таңда облыста 373 рұқсат етілмеген қоқыс орнын анықтаған. Соның 247-сі жойылды. Бұл жұмыстар одан әрі жалғаса бермек.

Есепті кезеңде департамент қызметкерлері 34 табиғат пайдаланушыны тексеріп, экологиялық заңнаманы бұзған 107 нысан анықталған. Оларға барлығы 54 млн теңгеден астам сомаға бағаланған 76 айыппұл салынды. Нұсқамаларды орындауға қатысты жұмыс тұрақты негізде жүргізіледі.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Сурет ЖИ көмегімен салынды

Жаңалықтармен бөлісу