Ыбырай Алтынсариннің өлеңдері бірізділендірілді

Ыбырай Алтынсариннің өлеңдері бірізділендірілді

Биыл өңірде алғаш рет «Ыбырай оқулары – 2025» облыстық байқауы өтеді. Оқушылар арасындағы сынға дайындық былтырдан бері жүріп жатыр. Ұйымдастырушылар алқасы ұлы тұлғаның үміткерлерге ұсынылатын өлеңдерін сұрыптады. Бірізділіктен ауытқыған кейбір туындыларын түпнұсқаға сай өңдеп, тұрақты тізімін жасады.

Ыбырайдың төл туындылары «Қазақ хрестоматиясына» енген өлеңдері, әңгіме, аудармалары, халық арасынан жиған ауыз әдебиеті үлгілері, грамматикалық оқулықтары қазақ жазба әдеби тілінің қалыптасуындағы маңызы зор. Ыбырай өлеңдері түпнұсқадан өзгертіліп, әр әдебиеттерде түрлі нұсқаларда берілген. Баспа беттерінде кеткен олқылықтарды түзетіп, Ыбырай шығармаларының мәтіннамасын бір ізге түсіру мақсатымен Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейінде «Ыбырай Алтынсарин өлеңдерінің мәтіннамасы» тақырыбында ғылыми кеңес өтті. Кеңеске ыбырайтанушы ғалымдар, тіл мамандары, қаламгерлер, журналистер, музейдің ғылыми қызметкерлері қатысты.

Музей басшысының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Салтанат Өтелбаева Ыбырай өлеңдерінің текстологиясы жөнінде баяндама жасап, кейбір ағаттықтарға нақты мысалдар келтірді.

«Ыбырай өлеңдерінің дұрыс нұсқасын анықтау түпнұсқасыз мүмкін емес. Ыбырайдың 1879 жылы Орынборда шыққан «Қырғыз хрестоматиясы» түпнұсқа кітабындағы «Кел, балалар, оқылық!» өлеңінің

«Мал дәулеттің байлығы,

Бір жұтасаң жоқ болар.

Оқымыстың байлығы

Күннен-күнге көп болар,

Еш жұтамақ жоқ болар», – деп жалғасатын шумағы кейін басылымдарда  «Күннен-күнге көп болар» деген жолы түсіп қалған. Сондай-ақ автордың табиғаттың сұлу көрінісін бейнелейтін «Өзен» өлеңі де өзгеріссіз қалмаған. Түп нұсқада:

«Қынарда тілсіз тұрған тоғайлары

                        Шуылдан желмен бірге бас ұрады», – деп берілсе, «қынарда» сөзі «қойнында» болып өзгерілген. «Өсиет өлеңдер» өлеңі түпнұсқада «Бұзбаңыз әділдікті бұл мал үшін» делінсе, 2003 жылы Алматыда «Білім» баспасынан шыққан «Қазақ хрестоматиясы» кітабында «Бұзғанбыз әділдікті бұл мал үшін» деп келеді (дұрысы «пұл-мал үшін» болса керек – авт.) «Бұл кім?» өлеңі «Өнер-білім бар жұрттар» (1991 ж.), «Таза бұлақ» (2008 ж.) жинағында өлеңнің алғашқы бір шумағы түсіп қалған. Мұндай мысалдар жетіп-артылады», – деді Салтанат Өтелбаева.

Ыбырайтанушы ғалым Серікбай Оспанұлы Ы.Алтынсариннің «Өнер, білім бар жұрт­тар» жинағындағы «Ананың сүюі» өлеңінің  Міржақып Дулатұлынікі екенін, оның «Шешенің балаларын сүюі» деген тақырыппен  беріліп жүргенін тілге тиек етті. Өлеңдерде кеткен қателер талқыланып, дұрыс нұсқада қайта басып шығару мәселесі көтерілді.

Биыл өткізілгелі отырған байқаудың алғашқы аудандық (қалалық) кезеңі ақпан айына жоспарланған. Ал облыстық кезең сәуір айында  өтеді. Ыбырай өлеңдерінің мәтінін дұрыс нұсқада жаттап, мәнерлеп жеткізу  – байқау қатысушыларына қойылатын басты талап.

Мәтіннама бойынша Ыбырайдың 1879 жылы басылып шыққан «Қырғыз хрестоматиясы» кітабындағы түпнұсқаны сақтай отырып, пунктуациялық жағынан түзетулер енгізілген соң өлеңдерді қазіргі тілдік нормаға сәйкес облыстық «Қостанай таңы» газетінің  және Ыбырай музейінің сайттарына жариялау шешімі шығарылды.  Сондай-ақ өңделген, кеңес мүшелері бекіткен нұсқа облыстық Білім басқармасына, Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы тіл институтына жіберіледі. Бұдан кейін де Ыбырай өлеңдерінің мәтіннамасы тұрғысындағы жұмыс жалғасын таба бермек.

Нұрдана Тағаймұратқызы,

ҚӨУ студенті

Жаңалықтармен бөлісу