45 көше тазарып, 1 200 тонна қоқыс шығарылды

45 көше тазарып, 1 200 тонна қоқыс шығарылды

Қамысты ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы жаппай сенбілікпен басталып, «Таза аула. Таза өлке. Таза ел!» атты мерекелік шараға ұласты. Қамыстылықтар бұған дейін де көктем басталасымен экологиялық бағдарламаға бір кісідей ат салысып келген болатын.

Бұл жолы екі жүз адам қатысып, соңы мерекелік концертке жалғасып, ауданның дамуына зор үлестерін қосып жүрген ұйымдар, мекеме басшылары марапатталды.

Биыл 8 сәуірден бастап Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы бастау алды. Қазіргі таңда Қамысты ауданы бойынша 45 көше тазартылып, 1 200 тонна қоқыс, 4 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылды. Тарихи мәдени ескерткіштердің орындары абаттандырылды. Аудан бойынша 3 850, Қамысты ауылы бойынша 780 түп ағаш отырғызылды (қарағай, қарағаш, терек).

«Таза Қазақстан» бастамасының жүріп жатқанына небәрі төрт ай болса да, тек ауыл ғана емес, барша аудан аумағы көзтартарлық жағдайға келді: таза әрі қоқыссыз көшелер, жайлы жолдар, жайқалған ағаш-талдар. Бұл жолы сенбілік өзгеше басталды. Таңертеңнен аудан орталығында ауыл шаруашылық өндірушілерінің жәрмеңкесімен ұйымдастырылды. Түстен кейін тазалық акциясына тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін атсалысты. Аудан әкімі өзі қолына күрек ұстап, бас-қасында жүрді.

– Ауданымыздың барлық елді мекен тұрғындары, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері қоршаған ортаны таза ұстауға және тазартуға өз үлестерін қосуда. «Таза Қазақстан» акциясы аясында Қамысты ауылының 45 көшесі тазартылып, қырықтан астам техника жұмылдырылды. Бүгінгі таңда ауылда 1200 тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдық және 1500 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Жоспарда 4000 тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылады. Аудан тұрғындары «Жасыл аймақ» ұранымен ағаш отырғызу бойынша жалпы республикалық эко-целленджді белсенді қолдады. Аудан аумағында 3850 ағаш отырғызылды. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдарға қарағанда көбірек. Бұл қоршаған ортаны жақсартуға және Қамысты ауданында жасыл аймақтарды құруға елеулі ұмтылысты көрсетеді, – деді Қамысты ауданының әкімі Ерлан Жаулыбаев.

Ауқымды сенбілікте Қамысты ауданында тұратын танымал әнші Досбол Қашқымбаевты да кездестірдік. Өнер иесі өзі тұрып жатқан өлкесінің көркеюіне үлес қосуды парызы санайды.

 

– Ауқымды шара тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, отансүйгіштікті, қоршаған ортаға деген жанашырлық құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ әрбір адам өзінің ауласын, көшесін таза ұстап, тазалыққа өзінің үлесін қосу мақсатында ұйымдастырылуда. Табиғатты аялап, қорғауға бағытталған ауқымды шараның бүгінгі ұрпаққа берері мол. Себебі өскелең жастардың бойында патриоттық рухты оятып, еліне, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін арттырады. Мұндай іс-шаралар барлық қазақстандықтардың тазалық пен тәртіпті сақтауды қалыптастыратыны сөзсіз, – дейді Досбол Қашқымбаев.

– Көрікті мекенінің келбеті тек сәнді де сәулетті ғимараттармен, жасыл желекті  саябақтармен өлшенбейтіні белгілі. Тазалық жоқ жерде елдің болашағы бұлыңғыр, келешегі күмәнді болары хақ. Осы орайда ауламыз бен көше бойын таза ұстау бағытында оң көзқарас танытып, қоршаған ортаны ұқыпты ұстауда бір жұдырықтай жұмылып, аббаттандыру жұмыстарына бірлесіп атсалысуымыз керек, – дейді Қамысты аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлжан Ибраева.

Мұнан кейін Қамысты ауданының орталық алаңында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасына арналған «Таза ауыл. Таза өлке. Таза ел!» атты мерекелік концертіне жалғасты.

Қамысты ауданы әкімінің ұсынысымен және аудандық мәслихаттың шешімі бойынша Жұматай Кәрімовке «Қамысты ауданының Құрметті азаматы» атағы беріледі. Қамысты ауданының дамуына ерекше үлес қосып жүрген белгілі кәсіпкер, ауыл шаруашылығының білгірі Төремұрат Өтеповке «Қамысты ауданының Құрметті азаматы» атағы беріледі. Қос ағамызға құрмет көрсетіліп, иықтарына шапан жапты.

Халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» патриотизм құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ қоршаған ортаға ұқыпты қарау мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен басталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасына қолдау көрсетіп, ауданның көркеюіне атсалысқаны үшін Қамысты ауданы әкімінің алғыс хатымен аудандық мәслихатының аппараты, Қамысты ауылдық округі әкімінің аппараты, аудандық қаржы бөлімінің жиырмадан астам мекемелері марапатталады.

Сонымен қатар, экологиялық бағдарламаға атсалысқан «Қамысты жаңалықтары» қоғамдық газетінің редакциясы» ЖШС, «Қамысты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымдары да ескерусіз қалмады.

Жергілікті аудандық мәдениет үйінің әншілер Мәди Байзақов, Акжан Бисембайдың орындауында «Сұлу қыз», Досбол Қашқымбаевтың орындауында «Атамекен», сонымен қатар, Иван Стреленко «Живи, родник!» әндерін нақышына келтіре орындады.

Қамысты ауданының мәдениет қызметкерлері, көркемөнерпаз әртістері, шығармашылық ұжымдар мен жеке орындаушылар көрші өңірлерге концерттік бағдарламалармен барып, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасына қолдау көрсеткен еді. Бұл жолы мерекелік шараның көрігін қыздыруға көршілес Жітіқара және Денисов аудандарының әртістері арнайы келіп, өнерлерін ортаға салды.

Мереке соңы тұрғындардың би-кешіне ұласты.

Айта кету керек, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағыда белсенді жұмыс атқаруда. Маусым айында ауданымыздың 24 жас азаматтары еңбек етсе, шілде айында 21 бала жұмыс істеп жатыр. Тамыз айына 2,5 млн теңге қосымша қаражат бөлініп, жұмыстарын әрі қарай жалғастырады.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген Дина НҰҒМАНОВА

 

 

Жаңалықтармен бөлісу