2024 жылғы 27-28 қыркүйек күндері аралығында Қостанай қаласында ақын, әдебиет зерттеуші ғалымы, публицист, педагог, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлын еске алуға арналған қазақ күресінен республикалық турнир өтті.

 

Ұлттық құндылығымыз әрі төл спортымыз – қазақ күресінен өткен бұл екікүндік жарыстың бағдарламасына сәйкес, әр өңірден келген командалардың сандық құрамы: 269 спортшы, 20 жаттықтырушы, 20 төреші, 20 ресми өкілді құрады. Sport Qory cпортты қолдау қорының демеушілігімен өткен республикалық турнирдің барысында жалпы 160 спортшы 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100 және +100 келі салмақ дәрежесі бойынша кіл мықтыны анықтады.

Ұлт ұстазы, қазақ халқының рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының атындағы қазақ күресінен жыл сайынғы республикалық турнирге Астана мен Шымкент қалаларының, Алматы, Абай, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Жетісу, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарының спортшылары қатысты.

Турнирді Қостанай облысы әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бекболат Байжанов алғысөзбен ашып, бұл жарыстың маңыздылығына тоқталып өтті.

«Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Ал күшті болуға бірлік керек» деп айтып өткен Ахмет Байтұрсынұлы Бабамыздың сөздері бүгінгі жастарға қуат беріп жатқаны айқын. Салауатты өмір салтын ұстанған спортышыларымыз бейбіт күннің астында еліміздің әр түпкірінен жиналып, бақ сынауға бас қосып отқаны да осының дәлелі. Ахан атамыздың атындағы турнир жыл сайын өткізіліп келеді және осы турнирдің қарқыны жылдан жылға артып келе жатқаны көніл қуантады. Тұғырда тыпыршыған тастүлектей, томағасын сыпыруды тілеп тұрған қазақ күресінің шеберлеріне сәттілік тілеймін!», – деді Бекболат Құстүтінұлы.

Бұдан кейін Бекболат Құстүтінұлы 2018 жылы қазақ күресінен Әлем чемпионы атанған Ерлан Омаровты «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен марапаттады.

Дәстүрлі спорттық шараға грек-рим күресінің өкілі, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Сергей Матвиенко, А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің ректоры Сейтбек Қуанышбаев, қазақ және самбо күресінен ҚР спорт шебері Жұмахан Қасымханов, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері, ардагерлер арасында өткен Әлем кубогінің екі дүркін күміс жүлдегері, Қостанай қаласының құрметті азаматы Бейсенбай Әубәкіров, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері, Қостанай Мемлекеттік педогикалық институтының құрметті профессоры Олжабай Сәрсенбаевтың қатысқанын атап өткен жөн.

Тартысты өткен доданың нәтижесінде Диас Дәулет (55 келі, Астана қаласы), Бекзат Амзебек (60 келі, Шымкент қаласы), Ержан Еренқайыпов (66 келі, Астана қаласы), Бейбарыс Тұрғанбекұлы (74 келі, Ақтөбе облысы), Нұрдәулет Бақтыбайұлы (82 келі, Шымкент қаласы), Олжас Исаханов (90 келі, Қарағанды облысы), Әсет Жүнісов (100 келі, Ақмола облысы), Нұрсұлтан Қаблан (+100 келі, Қостанай облысы) қарсыластыранын басым түсіп, жеңістің биік тұғырына көтерілді.

Ал Түйе балуандар сайысында Астана қаласының өкілі Жандос Сейтенов ақтық белдесуде Қарағанды облысының өкілі Ерқанат Молдағұловты жеңіп, бірінші орынға көтерілді.

Республикалық турнирдің қорытындысы бойынша барлық жеңімпаз-жүлдегерлер медальдармен және грамоталармен марапатталды.

Айта кетсек, Ахмет Байтұрсынұлы XX ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, ұлт ұстазы.

Жаңалықтармен бөлісу