Құрылысшылар мерекелерін атап өтті

Құрылысшылар мерекелерін атап өтті

Құрылысшылар күнін  жалпыхалықтық деп айтуымызға негіз бар. Ол жүздеген кәсіп пен өндірісті біріктіретін сала. Аса шеберлікті, білім мен тәжірибені, шыдамдылықты, іске деген шығармашылық көзқарас пен жақсы физикалық дайындықты қажет ететін осы бір  маңызды мамандық иелері төл мерекелерін атап өтті.

Өңір тұрғындары аталған сала мамандарының шапағатын, әсіресе, биыл сезінгенін білеміз. Өңірімізде көптен болмаған табиғи апат болды. Су тасқанының   салдарынан елді мекендер, әлеуметтік, инфрақұрылым, бизнес нысандары, тұрғын үйлер зардап шекті. Су басқан өңірлердің тұрғындары үшін қалпына келтіру мәселелері мемлекет басшысының ерекше бақылауында болды.

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазина қоғамның тірегіне айналған мамандық иелерін құттықтауында ерекше атап өтті.

 

 

«Зардап шеккен тұрғындарды орналастыру – біздің басты міндетіміз. Облыс бойынша  1283 тұрғын үй зардап шекті. Қысқа мерзім ішінде олардың иелеріне 315 пәтер берілді. Аманкелді, Жанкелдин, Қостанай аудандары мен Қостанай, Арқалық қаларында 150 үй салынды. 815 тұрғын үйге қайта жөндеу жүргізілді. Бұл да болса, сіздердің қоғамға қосқан ерекше үлестеріңіз. Қалыпты кезеңде де сіздер инфра құрылымға, экономикаға, әлеуметтік салаға тигізген көмектеріңіз зор. Биыл жыл соңына дейін  500 шаршы метр көлемінде тұрғын үй тапсыру жоспарланып отыр. 1300 пәтер беріліп, қаншама отбасы қоныс тойын тойлағалы отыр. Бұл да болса сіздердің еңбектеріңіз», – деді Гүлбарам Мұсағазина.

Өмірін осы саламен байланыстырған белсенді тұлғаларға «Құрметті құрылысшы» төсбелгілерін табыс етті.

Солардың бірегейі Игорь Кимнің есімі еліміздің тыс жерлерінде де танымал. Бірнеше жылдан бері әйгілі “БК-СТРОЙ”ЖШС компаниясына жетекшілік етіп келеді. Игорь Романовичтің 40 жылдық еңбек жолы Қостанайдағы құрылыспен байланысты. Ол құрылыс учаскесінің шеберінен облысымыздың ең ірі құрылыс компаниясының директорына дейінгі баспалдақтан өтті. Осы жылдар ішінде компания жұмысының арқасында Қостанайдың келбеті айтарлықтай өзгерді. Жаңа шағын аудандар, атап айтқанда, “Жаңа қала”, “Алтын арман”, “Юбилейный”, “Береке-1” және “Береке-2” және тағы басқалар. Кәсіпорын 700 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салды. “Kostanay Plaza” ірі сауда-ойын-сауық орталығы және Қазақстандағы бірегей “Therma Park”ойын-сауық-сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізген.

Александр  Когайдың барлық еңбек жолы осы саламен тығыз байланысты.  Шамамен 45 жылдан астам уақыт бойы құрылысты жобалаумен айналысып келеді. 2002 жылы Александр Владимирович құрған “Промстройпроект” ЖШС компаниясы әртүрлі күрделі жобалық құжаттаманы әзірлеуді қолға алды. Оның институты құрған нысандар облыс орталығының, қалалар мен кенттердің сәулеттік келбетін айрықша безендіріп тұр. Мәселен, «Жастар бульвары» және Текстилщиков  даңғылындағы Неке сарайы, “Жеңіс» саябағы, Аймағанбет қажы Спанұлы атындағы мешіт, Бейт Рахель-Хабад Любавич синагогасы, «Аманат» партиясының ғимараты, облыстық онкологиялық  диспансер клиникасы, “Жемчужина” емханасы, Рудный қаласындағы ООМ, әуежай, Қонай, солтүстік-батыс шағын аудандарының егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары осы ұжымның шығармашылық жемісі.

Қазіргі таңда «СЫЛ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі» құрылыс компаниясын басқарып келе жатқан Гагик Овнаняннің осы бағыттағы жалпы еңбек өтілі 39 жыл. Оның кәсіпорны Қостанайдағы Неке сарайы, автокөлікті тіркеу бойынша қызмет көрсететін Халыққа қызмет көрсету орталығы, Затобол кентіндегі спорт залы, Қостанай қаласының Қобыланды батыр даңғылындағы тұрғын үй сияқты  нысандарды салды.

Осы  «СЫЛ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Әулиекөлде өрттен кейін зардап шеккен тұрғындарға арналған үйлердің құрылысын жүргізді. Қазіргі таңда Кәсіпорын Алтынсарин ауылында су тасқынынан зардап шеккендерге арналған үйлердің құрылысы мен жөндеу жұмыстарын аяқтады.

«Агропромпроект» институты ЖШС директоры Денис Шилохвостовтың  жобалаудағы жалпы жұмыс өтілі 15 жылдан асады. Денис Сергеевич Әулиекөл ауылындағы өрттен кейін зардап шеккендерге арналған тұрғын үйлерді жобалау жұмыстарына араласты.  Су тасқынынан зардап шеккен – Қостанай, Аманкелді, Жанкелдин аудандары мен Қостанай қаласында, жекелеген инженерлік желілерде авторлық қадағалауды жүргізді.

«Bak building» ЖШС бас инженері Жасұлан Молдабайұлының саладағы жалпы жұмыс өтілі 21 жылды құрайды. Өзінің жоғары кәсібилігінің арқасында ұжымда және кәсіпкерлер арасында үлкен беделге ие. Өндірістің тамаша ұйымдастырушысы, сауатты маман, қойылған мақсаттарға жету үшін жедел шешім қабылдай алады. Кез келген іске үлкен жауапкершілікпен қарайды.

Құрылыста қырық жыл бойы тер төгіп келе жатқан Алтын Меңдібаева  да осы мамандықты таңдағанына еқшан өкінген емес. Бүгінде сол табандылығының арқасында «СЫЛ» ЖШС прорабы болып еңбек етіп келе жатқан жерлесіміз облыс әкімінің алғыс хатын иеленіп отыр.

«1985 жылы оқуды аяқтап, бірден мамандығым бойынша құрылыс саласына келдім. Бірнеше жыл шебер прораб болып жұмыс істедім. «Ивольга» ЖШС –де жыл тер төктім», – дейді Алтын Меңдібаева.

Қазір оның құрылыс бригадасы әлеуметтік оқу нысандарына жөндеу жүргізіп келеді. Дене шынықтыру сауықтыру орталығының құрылысын да салып жатыр. Екі жылдан бері зейнетке шыққанымен еңбектен әлі күнге қол үзген емес. Төрт немересі бар. Ұлы әскери салада еңбек етеді.

Облыс басшысының алғыс хатын алғандардың арасында жас маман Яссауи Нариманұлы да бар. «БК Строй» ЖШС прорабы жуырда су тасқынан зардап шеккен Жанкелдин ауданы Тәуіш ауылына он үй салып беруге қолғабыс етті.

«Біз ондағы құрылысты мамырда  бастадық. Қысқа мерзім ішінде екі айда аяқтап бердік.  Осы күнді асыға күткен ауыл тұрғындары да алғыстарын жаудырып жатыр», – дейді Яссауи Нариманұлы.

Жас маман осы салада  сегіз жылдан бері тер төгіп келе жатыр. Осындай жақсы мамандары бар өңірдің келбеті жыл өткен сайын жаңара түспек.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген – Ернұр ӘУЕЗХАН

 

Жаңалықтармен бөлісу