Қазір техникалық және кәсіптік мамандығы бар жастарға ауылдық жерлерде еңбек жолын бастауға мүмкіндік мол. Тәжірибе жинап қана қоймай, табысты жұмыс істеп, тұрмысын, тұрғын үй жағдайын жақсарта алады. Бірақ жас мамандардың даладан қалаға қашатын дағдысы қашаннан бар. Көп жасқа Бейімбет Майлин ауданындағы «Сұлу» ЖШС-нің аға агрономы Игорь Павловичті үлгі етуге болар еді. Ол таяуда ғана аудан орталығынан «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен баспана да алды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаған еді. Ол сөз сөзінде: «Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет», – деген болатын Президент.
Рас, бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел болу үшін адал еңбекті бағалап, адал адамды, адал табысты насихаттау қажет-ақ. Бұл ретте қоғамның қозғаушы күші қарапайым еңбек адамының мәртебесін арттыру, жұмысшы мамандықтарын таңдаған жастарға қолдау көрсетудің зор маңызы бар. Қазіргі таңда шаруашылық салаларына жастардың жолағысы келмейтіні туралы үнемі айтылып жатады. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласының «қартайып» бара жатқанын жиі еститін болдық. «Қалауын тапса, қар жанар» демекші, жас мамандарды ауыл-аймақтарға тартудың да тетігін келтіруге болады. Егер сайлы жұмыс, жайлы баспана ұсынылса, қызығушылық танытатын жастар неге табылмасын? Бүгінде білдей бір аға агроном болып отырған 29 жастағы Игорь Павловичті осыған мысал етуімізге болады.
Бейімбет Майлин ауданына барған сапарымызда «жас агроном таяуда ғана мемлекеттік бағдарламамен үй алды» деген жаңалықты естісімен Игорьдің жаңа қонысына ат басын бұрған едік. Баспана иесін жұмысына кеткелі тұрған жерінен сәл аялдатып, аз-кем сұхбат алудың орайын таптық.
Өзі Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Ғабит Мүсірепов ауылының 1995 жылғы тумасы екен. 2007 жылы, 12 жасында Игорьдің отбасы Қостанай қаласы маңындағы Жамбыл ауданына көшіп келіпті. Орта мектепті де осы елді мекенде тәмамдап шыққан. Содан кейін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің (қазіргі Қостанай өңірлік университеті – ред.) Ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, Агроном мамандығын алып шығыпты. Ал алғашқы еңбек жолын Қарабалық ауданында өз мамандығына сай бастаған.
«Шекара шебіндегі Қарабалық ауданына қолыма диплом ала салысымен жұмысқа шақырылдым. Ол жақта төрт маусым, яғни төрт жыл жұмыс істедім. Жұмысым жақсы жүрді, «айлығым шайлығыма жетіп отырды» дегендей… Бірақ ауданның қиырлау шетіндегі елді мекен, жасырары жоқ, тұрмысқа аса қолайлы бола қоймады. Ауыз су тапшы, мұндағыдай газ жоқ, от жағып, күл шығару, су тасу деген сияқты машақаты аз емес-тін. Дей тұрғанмен, ең бастысы, еңбек майданында шынығып, көп тәжірибе жинадым», – дейді Игорь Владимирович.
Ол онда жүргенінде «Дипломмен – ауылға!» дейтін бағдарламаның бар екенін де естіп-білмегенін айтады. Мемлекет ұсынатын ондай игіліктің бары туралы осы Бейімбет Майлин ауданына келіп жұмысқа орналасқанында бір танысынан ақпарат алыпты. Бұл ауданда да жұмыс істеп жатқанына биыл үшінші жыл. Бірақ басыбайлы баспанаға осы жылы ғана қолы жетіп отыр.
«Осы ауданға алғаш келгенімде өзім жұмыс істейтін «Сұлу» ЖШС Красносельский ауылынан екі қабатты үйден пәтер жалға алып берді. Өз аулаң болмағандықтан, оны-мұны шаруашылығыңды жүргізе алмайтының түсінікті ғой. Көп армандаған жер үйдің кілті енді қолға тиіп, қуанышымыздың қойнымызға сыймай жүрген жайы бар. Жылы да жайлы баспанаға кіргенімізге бір айдан астам ғана уақыт өтті. Аудан әкімдігінің ықпалымен аталған бағдарлама арқылы таңдауымыз түскен үйге кіріп алдық», – дейді жас агроном.
Оның айтуынша, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен болашақ баспанасына қаржы аударту өзі ойлағаннан әлдеқайда жеңіл әрі жедел болып шыққан. Небәрі бір ай көлемінде өтінімі мемлекеттік комиссия мақұлдауынан өткені туралы хабар алыпты. Дереу қажетті құжаттарды жиыстырып, баға беруші мамандарды шақыртқан. Олар негізгі үй сомасының бағдарлама арқылы бөлінетін үлесін 1,137 млн теңгеге бағалап берген көрінеді.
«Бұл – мемлекет аталған бағдарлама аясында беретін ең жоғарғы сома. Қаражат үш күн шамасында аударылды. Несие мөлшерлемесі де минимал деңгейде – бар болғаны 0,01 пайыз. Енді үш жыл бойы айына 50 мың теңгеден төлеп отырамын. Одан кейін, бұйырса, үй өз меншігіме өтеді. Ал баспананы қазақ отбасы 9 млн теңгеге бағалады. Оның өзінде 500 мың теңге жеңілдік жасады. Үйдің күтім көргені көзге ұрып тұр. Жөндеуді қажет еткен жоқ. Тек жиһаз-мүлік сатып алдық. Енді қамсыз жұмыс істеп, мұңсыз өмір сүре беруімізге болады», – деп жылы жымиып қойды Игорь.
Үй ауласында гаражы, қора-қопсысы, бақша салатын учаскесі бар. Шаруағы епті Игорь алдағы уақытта мал ұстауды да жоспарлап отыр. Қазір қажетті құрылыс материалдарын алдырып, қора-сарайының кем-кетігін бүтіндеуге кірісіпті. Ол әңгіме арасында жұмысшы мамандығын оқыған замандастарын ауылдық жерлерде жұмыс істеуден қашқақтамауға шақырып та қойды.
«Жас кезде, әрине, аңсарың қалаға ауады да тұрады. Жайлы шаһарда жұмыс істеп, сықиып жүріп-тұруды көбі арман етеді. Ауылдың аз-кем бейнетінен қашады. Бірақ, білеміз ғой, сол қалаларда бәрі бірдей жетісіп жүрген жоқ. Әр жұмысқа бір жалданып, әупіріммен күн көріп отырған тепсе темір үзетін жастар аз емес. Айтарым, қазір кез келген аудандағы тұрмыс жақсы. Оның үстіне, үкімет ұсынып отырған мүмкіндікті дер кезінде пайдаланып қалуға тырысу керек. Тіпті, тіршілікті ауылдан бастап алып, қолы аузына жеткеннен кейін де қалаға қоныс аударуға әркез жол ашық қой», – дейді ол.
Айтқандай, Игорьдің жұбайы да «Сұлу» ЖШС-інде жұмыс істейді. Мамандығы – қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженер. Екеуінің бас құрап, шаңырақ көтергеніне төрт жыл болған. Бүгінде үш жасар сүйкімді қыздары бар. Қазір аудан орталығындағы балабақшаға барып жүр. Жас шаңырақ тағы бір нәресте күтіп отыр…
Жандос ЖҮСІПБЕК
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ