Елімізде “Хас шебер–2023” қауымдастығының ұйымдастыруымен ұзындығы – 15 метр, ені 6 метр қолөнер шеберлерінің туы тігілді. Туды дайындау барысында әр шебер өзінің таңбасын канваға кестелеп тігіп, шеберліктерін жан-жақты танытты. Алғаш рет елімізде қолөнершілердің туы тіркелді. Оған 300 шебер қатысқан.
Достық үйінде сәндік-қолданбалы шығармашылық шеберлері өз жұмыстарын көрсетті. Олар көрмеге сөмкелер, белдіктер, корсеттер, картиналар мен түрлі зергерлік бұйымдар қойған. Барлығы өңіріміздегі шеберлердің қолынан шыққан. Жоба ұйымдастырушысы – “QOLONER” қоғамдық қоры.
Іс-шара ұйымдастырушыларының айтуынша, өткен жылы Қостанай облысынан шыққан қолөнершілер Астана қаласында өткізілген “Хас Шебер-2023” республикалық фестиваліне қатысып келген. Онда өңіріміздегі шеберлер киіз бен кесте тігуден бастап, кескіндеме мен ұлттық музыкалық аспаптарға дейін түрлі қолөнер түрлерімен таныстырды.
Фестиваль қорытындысы бойынша Қостанай облысының өкілдері Қазақстанның басқа шеберлерімен бірге қазақстандық КИнЭС (Қазақстандық ақпараттық-энциклопедиялық анықтамалық) рекордтар кітабына енгізілді. Олар отандық өнімнің белгісін білдіретін ең үлкен қолөнер туын жасаған.
«Қостанай облысы 300 қатысушының ішінен үшінші дәрежені алды. Қостанайдан тоғыз шебер бардық. Оңтүстік өңірден келген қолөнершілер біздің қазақ тілін жақсы білетінімізге таңданды. Жетімдер үйіне, қарттар үйіне барып бастарына тақия тоқып бір қуанттық, көрмеден түскен қаражатты да табыстадық», – дейді ұлттық әшекейлер мен түрлі бұйымдар тігетін қолөнерші Нұргүл Хамзина.
Қолөнершілер көрме де өз жұмыстарын таныстырып қана қоймай, Қазақстандық КИнЭС рекордтар кітабының сертификатымен, «Хас шебер» статуэткасымен, Астана қаласы әкімдігінің арнайы «Алғыс хатымен» мараптталды. Облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Мэлс Әбдірахманов құттықтау сөз сөйлеп, марапаттау рәсіміне қатысты.
«Ұлттық қазына мен мәдени мұраны дамытуға үлес қосып келе жатсыздар. Алдағы уақытта да өңірімізді жақсы жағынан таныта бересіздер деген сенімдемін. Дәстүрлі қолөнер шеберлері ұйымдарының рекордтар кітабына ену біз үшін үлкен жетістік. Ұлттық өнерімізді жандандырып, жан-жақты насихаттау жолындағы еңбектеріңіз елене берсін. Сіздердің қолдарыңыздан ұлттық қолөнерді паш ететін тамаша бұйымдардың әлі де көп боларына сенемін. Еңбектеріңізге табыс, шығармашылық жетістіктер тілеймін. Ұлттық қолөнеріміздің өрісін кеңейте беріңіздер», – деді мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Мэлс Әбдірахманов.
Шыныменде өңіріміздегі сәндік-қолданбалы өнердің дамуы қуанышты жайт. Себебі, ұлттық өнеріміз кеңінен дамып, жаңашыл мүмкіндікке ие болмақ.
Фестивальге қатысып келген шеберлердің бірі – Әулиекөл ауданының тұрғыны Гүлсара Әбдірахманова.
«Астана қаласында өткен республикалық «Хас Шеберлер» қауымдастығы ұйымдастырған іс-шараға Қазақстанның түпкір-түпкірінен 600-ге жуық қолөнер шебері өтініш берген. Соның ішінен 300-ге шуық шебер іріктеп алынды. Ең қиыны кестемен логотип тігу болды. Себебі, кесте деген қазір қолданыста жоқ. Ұлттық нақыштағы логотипі кестелеп тігіп, оны видеоға түсіріп кесте тігу барысын жіберіп отырдық. Үш күн қатарынан Жастар сарайында көрмеде болдық. Негізінен бұрын комбинатта өзім киім пішуші болып жұмыс істегенмін. Комбинат жабылғаннан кейін мектепте еңбек пәнінен мұғалім болып істедім. Зейнетке шыққаннан кейін осы қолөнерді қайта қолға алып, көрмелерге қатысып жүрмін», – дейді Гүлсара Әбдірахманова.
Бүгінгі көрмеге ұлттық нақыштағы көрпе-төсектер мен ұлттық киім тігуші Гүлнұр Ералиева да Б. Майлин ауданынан арнайы келіп қатысты.
«Бос уақытымда тігін тігумен айналысамын. Барлық көрмелерге қатысып, белсенділік танытуға тырысамын. «Хас шебер» байқауының негізгі шарты канва деген кестемен логотипін 30 да 30 форматында тігіп апару болды. Соныңда барлығымыз біріктіріп ұзын 15-те 6 метірлік ту жасап шығардық, барлығымызды КИнЭС рекордтар кітабына енгізді», – дейді шебер Гүлнұр Ералиева.
Шара соңы «Ақ дариға» вокалдық тобының «Туған жерім – Қостанай» әнімен түйінделді.
Әсел ҚИБАШ