23 маусым – әлемнің барлық мемлекеттік қызметкерлері үшін бірыңғай кәсіби мереке. 2002 жылдың 20 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясының 57 сессиясы 23 маусымда БҰҰ Мемлекеттік қызмет күні деп жариялау туралы резолюция қабылдады және БҰҰ – ға мүше мемлекеттерді осы күнді әрбір елде анықтауға шақырды.
2013 жылы Президенттің Жарлығымен Қазақстанда бұл күн мемлекеттік қызметші күні болып бекітілді. Осылайша, кәсіби мереке 90 мыңнан астам қазақстандық, мемлекеттік қызметте жұмыс істейді.
Тәуелсіздік тұғырына мінгелі елімізде мемлекеттік басқарудың тиімділігін сезіну, жұмысын бағалауға мүмкіндік беретін мемлекеттік қызметтің оңтайлы моделі құрылды. Осыған сай, Президенттің Жарлығымен жыл сайын әкімдердің ел тұрғындарына есеп беруі қолға алынды. Мемлекеттік қызмет жүйесі барынша ашық ұйымдастырылып, қоғаммен байланысы нығая түсті. Нәтижесінде, ел тұрғындарының проблемаларын дер кезінде шешіп, қажеттіліктерімен уақытында қамтамасыз ету мүмкін бола бастады. Осы істердің басы-қасында мемлекеттік қызметшілердің тұрғанын айта кеткен жөн.
Бүгінде Қостанай облысында үш мыңнан астам мемлекеттік қызметкер еңбек етеді. Сіздер жергілікті атқарушы органның жұмысын ілгерілетіп, облысымыздың, еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып келесіздер.
Мемлекеттік қызмет үлкен жауапкершілікті талап ететіндіктен, лауазым иелерінің кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Осы бағытта ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.
Қостанай облысының үш мемлекеттік қызметкері Мемлекеттік қызмет академиясында білім алып, шеберліктерін шыңдауда.
«Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде бірнеше жылдан бері Президенттік жастар кадр резерві сәтті жұмыс атқаруда, – деп атап өтті Қостанай облысы әкімінің аппарат басшысы Мұрат Сандыбаев. – Мақсаты – талантты жастарды мемлекеттік басқару ісіне жұмылдыру. Резервке қабылдау конкурстық негізде жүргізіледі. Аталған жоба – кәсіби біліктілік пен моральдық ұстанымға сүйене отырып, жастардың кәсіби жоғарылауына мүмкіндік береді».
2019 жылдан бері кадрлық резервтегі 270 мемлекеттік қызметкер мемлекеттік және квазимемлекеттік секторларда жемісті еңбек етуде. Оның 33-і саяси қызметте, 5 маман әкімшілік «А» корпусында. Қостанай облысы бойынша кадрлық резервтегі екі маман аудан әкімі және облыстық басқарма басшысы лауазымын атқарып жүр.
Биылғы 1 наурыздан бастап еліміз бойынша аймақтық кадрлық резерві жобасы қолға алынды. Іріктеудің соңғы сатысынан 59 үміткер өтті. Ақтық кезеңде білімі мен біліктілігін дәлелдеген 30 үміткер Қостанай облысының кадрлық резервіне өтеді.
Облыста мемлекеттік қызметшілердің мәртебесін арттырып, біліктілігін жетілдіру мақсатында ауқымды жобалар іске асырылуда. Солардың бірі – “Үздік мемлекеттік қызметкер” жобасы.
Айта кетерлігі, бұл жоба тұңғыш рет, 2007 жылы Қостанай облысында жүзеге асырылды. Уақыт өте республиканың басқа өңірлерінде де жүзеге асырыла бастады. Қазіргі уақытта, әр облыстың үздік қызметкері Астанада өтетін республикалық сайыста бақ таластыруда.
Мемлекеттік қызмет – бүкіл мемлекеттік басқаруды ұйымдастыруда жетекші рөл атқаратын мемлекет жүйесінің маңызды тетіктерінің бірі. Кез-келген қоғамды мемлекеттік басқарусыз, яғни мемлекеттік қызметшілерсіз елестету мүмкін емес.
Халықтың билікке деген сенімі – мемлекеттік қызметшілердің әрекеті арқылы қалыптасатынын айта кеткен жөн. Еліміздің мәртебесін көтеріп, халықтың мүддесіне жұмыс атқаратын мемлекеттік қызметкер болу – құрметті міндет! Қостанай облысының қарқынды дамуы – сіздерге, мемлекеттік қызметшілерге тікелей байланысты.
Қостанай облысы әкімі аппаратының басшысы Мұрат Сандыбаев облыстың мемлекеттік қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
«Халыққа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» – деп, Қазақ саясаткері, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхан айтқандай, сіздердің алдарыңызға білім мен біліктілікті ұштастырып, әрі моральдық ұстанымдарыңызбен елге қызмет ету міндеті тұр. Осы жолда табандылық танытып, биік белестерді бағындыратындарыңызға сенімім зор. Ең бастысы – халыққа қалтқысыз қызмет етіп, мемлекеттік қызметкер атағын асқақтата беріңіздер.
Сіздерге мықты денсаулық, мол бақыт тілеймін. Отбасыларыңыз аман болып, шаңырақтарыңыз шаттық пен бақытқа кенеле берсін! Елімізді өркендету жолындағы әр істеріңізге сәттілік тілеймін! Мемлекеттік қызметшілер күні құтты болсын!» – деп сөзін түйіндеді М.Сандыбаев.