“Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” Қостанай облысы бойынша филиалының мамандары жол-көлік колледжінің студенттерімен кәсіби бағдар беру бағытында “Ашық есік күнін” өткізді.
Іс-шара барысында студенттерге жол саласында жұмыс істейтін қызметкерлердің жұмысын таныстырды.
Жол құрылысы саласында маман тапшы. Бұл мәселе бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. Мәселен, қазір жол салып жатқан мердігер компанияларда зертхана меңгерушілері мен жол-құрылыс материалдарының инженерлері жетіспейді. Сонымен бірге асфальт төсеуші, жол тегістейтін техника, бульдозер мен автогрейдер операторлары тапшы.
“Салаға құрылыс инженерлері, инженер-сметашы, зертханашы, асфальт-бетон төсеушілер, білікті механизаторлар, геодезия, картограф мамандар, метеорологтар, механиктер, жол шеберлері де қажет. Жол саласындағы мамандардың жалақысы жоғары әрі әрдайым сұранысқа ие. Өйткені елімізде жыл сайын мыңдаған шақырым автомобиль жолдары салынады немесе жөнделеді. Бұл мамандыққа мемлекеттік тапсырыс көлемі де аз емес”, – деп атап өтті филиал директоры Рафис Зинетов.
Айта кету керек, “Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” Қостанай облыстық филиалының қызметкерлері жыл басынан бері өңірдегі жүздеген білім беру нысанында болып, оқушыларға кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізіп келеді. “2000 мектеп” жобасы аясындағы жұмыстар алда да жалғасын табады.