1 қаңтардан бастап коммуналдық тариф қымбаттады

1 қаңтардан бастап коммуналдық тариф қымбаттады

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қостанай облысы департаментінің 2024 жылғы 25 желтоқсандағы қаулысы бойынша, «ҚЖЭК» МКК тұтынушылар үшін жаңа тариф бекітті.

Жаңа жылдан бастап коммуналдық қызметтер тарифі қосымша құн салығынсыз (ҚҚС) 5,6 пайызға өсіп отыр. Бұған дейінгі тариф құны заңды тұлғаларға 1 ГКал үшін 8659,9 теңге болса, бұдан былай 9143,58 теңгеге ұлғаяды. Сондай-ақ тұрғындар да әдеттегідей 4845,60 теңге емес, 1 қаңтардан бастап 5116,97 теңге төлейді. Бұдан бөлек, төлем есептегіш құрылғысы жоқ тұтынушылар ҚҚС-ны қоса алғанда 1 шаршы метр үшін 208-ден 220,7 теңгеге дейін төлейді.

«Тарифті қайта қараудағы басты себептер – негізгі баптар шығынының ұлғаюы. Мәселен, 1-бап бойынша шығын көлемі 586 млн теңге болса, ол соңғы уақытта 182 млн теңгеге көбейді. Тауарлы газ шығыны 397 млн теңгеге, сумен қамту қызметінің шығыны 42 млн теңгеге немесе он пайызға арта түсті. Айта кету керек, өсім көрсеткіші тұрғындар үшін де, басқа да тұтынушылар тобы үшін де бірдей деңгейде», – дейді «ҚЖЭК» МКК директоры Азамат Аужанов.

Сонымен қатар ол кәсіпорынның бюджеттік ахуалы, шығын көлемін азайту бағытындағы жұмыстар және осы жылға құрылып отырған жұмыстар туралы да мәлімет берді. Бұл туралы газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.

Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу