Кезекті жылу маусымына алаңдайтын негіз жоқ. Отын қоры жеткілікті. Барлық нысан ақаусыз жұмыс істеп тұр. Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Дәурен Асқаров мәлімдеді. Айтуынша, өңірде жылу маусымына 425,1 мың тонна көмір әзірленген. Бұл жалпы қажеттіліктің 95%-на тең. Барлық білім беру және денсаулық сақтау нысаны көмірмен толық қамтамасыз етілген.
“Жылу маусымының алдында қажетті нысандарға 18 млрд теңгеге, оның ішінде жылу көздері бойынша 4,3 млрд теңгеге, жылумен қамту желілеріне 13,7 млрд теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жөндеу науқанының қорытындысы бойынша кестеге сәйкес облыс қалаларының ірі жылу көздерінде алты бу, төрт су жылыту қазандығы, бір турбоагрегатқа күрделі жөнделді. Арқалық ЖЭО-да іске қосу-баптау жұмыстары және химиялық су дайындау жүйесі аяқталды, 21,4 шақырымдық жылу желісі қайта жаңартылды. Бұл желілердің тозуын 2,5%-ға (49,9%-дан 47,4%-ға дейін) төмендетуге мүмкіндік берді. Қостанайдағы “КТЭК” МКК меншікті қаражаты есебінен 231 млн теңгеге екі бу қазандығы мен бір су жылыту қазандығын жөндеп алды. Бюджет қаражаты есебінен ұзындығы 3,31 шақырымдық жылу желісін қайта жаңартуға 2,4 млрд теңге бөлініп, төрт жоба кәдеге асты. Бұл желілердің тозуын 1,1%-ға (64,2%-тен 63,1%-ға дейін) төмендетуге мүмкіндік берді”, – деді басқарма басшысы.
Ал, Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаевтың айтуынша, облыс орталығындағы жылу желілерінде технологиялық ақаулар мейлінше азайған.
“Өткен жылу маусымы барыында қаланың жылу желілерінде 67 технологиялық ақау табылды. Оның 18-і “Әуежай” шағын ауданына тиесілі. Биылғы жылыту маусымында 54 ақау анықталды. Үшеуі “Әуежай” шағын ауданында тіркелді”,-деді қала әкімі.
Оның айтуынша, бұл шағын ауданда “КТЭК” МҚК жұмыскерлері ұзындығы бір шақырымдық жылу магистралін жөндеген.
“Бұл мәселені айырықша назарда ұстау керек. Сондай-ақ, жұрттың жылуға берешегін мейлінше азайтқан жөн. Кейбіреу уақытылы төлеп отыр. Бұлмай болмауы тиіс”, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Облыс басшысы Рудный мен Арқалық қалалары әкімдерінің де жылу маусымына қатысты есептерін тыңдады. Бұл екі қалада да алдын ала жоспарланған жөндеу жұмыстары сәтті аяқталған. Тек, кеншілер қаласындағы №3 турбоагрегатты жөндеуге қажетті қосалқы бөлшектердің Ресейде ұзақ жасалуына байланысты ақпан айында аяқталуға тиіс жөндеу әлі біткен жоқ. Оны жөндеу жылыту маусымының өтуіне әсер етпейді деп отыр сала мамандары.
“Рудный қаласындағы жылу тоқтаусыз беріліп тұр. Ешқандай кідіріс болмайды. 2023 жылы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде магистральдық желілердің тозуы 40% – ға дейін төмендеді. Алайда, кварталішілік желі құбырларының 71,9%-ы тозған. Жылу маусымының басталуы жылу желілерінде 199 ақау анықталды. Оның басым бөлігі жеке секторда тіркелді. Мұнда жылу құбырлары әбден ескірген. Жеке құрылыс кварталдарында алдыңғы жылдары газбен жабдықтау жүйесі жүргізілген. Сондықтан, жеке секторды газбен жылытуға көшіру туралы мәселені шешуіміз қажет. Жылу желілері құбырларының техникалық жай-күйіне сараптама жүргізілді”, – деді Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко.
Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов та жылу жүйелері қалыпты жұмыс істеп тұрғанын айтты.
“Өткен жылы “Теплоэнергострой ” ЖШС-мен жасалған шарт шеңберінде Арқалық ЖЭО-да жалпы сомасы 582,9 млн теңгеге химиялық су дайындау жүйесіне күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл берілетін техникалық судың сапасын жақсартты. Қаланы қаласын жылумен қамтамасыз ету тұрақты, бекітілген температуралық кестеге сәйкес ешқандай үзіліссіз беріліп тұр”, – деді Әмірхан Асанов.
“Қалалар мен аудан әкімдері жылу беру маусымын бақылауда ұстау қажет. Туындайтын мәселелерді дереу назарға алып, оларды тездетіп жою керек”, – деп қорытты кеңесті облыс басшысы.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ