Қостанай облысы – елдің ең қуатты аймақтардың бірі. Әсіресе, өңір өнеркәсіп саласында, оның ішінде, машина жасауда зор әлеуетке ие. Биыл Тобыл-Торғайда қандай жобалар жүзеге асырылды? Облыс әлеуметтік-экономикалық дамуда қандай нәтижелерге қол жеткізді? Басқа салаларда не істелді? Жыл бойы атқарылған жұмыстарға сараптама жасалық.
Экономика еңселі, өнеркәсіп өркенді
Биыл өңірде негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің оң динамикасы байқалды. Өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, инвестиция, тұрғын үйлерді пайдалануға беру, сауда салаларында өсім бар. Айталық, өңдеу өнеркәсібінің табысы көлік жасау өндірісінің ұлғаюына байланысты еселене түсті. Осы күнге дейін облысқа 393 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның 80%-ы – жеке инвесторлар үлесі.
Ал елде өндірілген автокөліктің жартысынан көбі Қостанай облысында құрастырылды. Жыл басынан бері ұзын саны 75 мың көлік шығарылған. 2023 жылдың маңызды оқиғаларының бірі “KIA”автомобиль өндіретін жаңа зауыт құрылысының басталуы болды. Бірінші көлік 2025 жылдың жазында конвейерден шығады. Зауытта жоғары ақы төленетін 1500 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Өндірістік қуаты жылына 70 мың автокөлікке тең болмақ. Жобаның ерекшелігі сол – бұл толық циклді автомобиль шығаратын зауытқа айналады. Бұл инженерлік және техникалық кадрлардың жаңа буынын даярлау деңгейін арттыруға да ықпал етпек. Ал жаңа зауыттың айналасында шағын және орта бизнес белдеуі құрылады.
Азық-түлік өндірісінен алдыңғы қатарда
Рас, осы салада облысымыз ел жүзінде жетекші орында келеді. Сандарды сөйлетсек, биыл өңірде 351 миллиард теңгеге азық-түлік өндірілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,5%-ға артық. Жалпы, жыл басынан бастап ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы шамамен 611 миллиард теңгеге жеткен. Осы салаға өткен жылмен салыстырғанда 84 миллиард теңге инвестиция тартылыпты.
Жыл сайын өңірде кемінде 10 жаңа ірі өнеркәсіптік сүт-тауар фермасын салу жоспарланып отыр. Бұл жобалар ұйымдасқан шаруашылықтарда өнім өндіруді 30%-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Агроөнеркәсіп кешені саласында да бірқатар әлеуетті инвестициялық жоба осы жылы іске қосылды. Пайдалануға беру сатысында тұрғандары да көп. Мәселен, Меңдіқара ауданында құрғақ қымыз фермасы іске қосылды. Жылына 40 тонна құрғақ өнім шығаруға қауқарлы. Бұл – облыстағы бірегей жоба. Әрине, Қазақстанның басқа өңірлерінде мұндай өндіріс орындары жоқ емес. Бұдан бөлек, шикізаттан қаптамаға дейін толық циклді бұршақ дақылдарын қайта өңдейтін зауытын ашу да келешегі зор жобалар қатарына жатқызылып отыр. Ол шетелдік инвестордың қатысуымен жүзеге асырылады. Өнім ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортқа да шығарылады.
Өңірде ауыл тұрғындарын қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Биыл “Ауыл аманаты” бағдарламасын іске асыру аясында 1,6 миллиард теңге бөлініп, толық игерілген. Бағдарлама аясында 279 кәсіпкер несие алып, 290-ға жуық жаңа жұмыс орны құрылды.
АӨК саласында жаңа өндіріс орындарын құру отандық өнімнің сапасын арттыруға, тауарлар ассортиментін кеңейтуге және, ең бастысы, азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік берері сөзсіз.
Әлеуметтік сала әлдене түседі
Биыл білім беру саласына салақұлаш қаражат бөлінді. Атап айтқанда, қаржыландыру көлемі 17% артып, 180 миллиард теңге құйылған. Қазіргі уақытта өңірде жаңадан үш мектеп салынып жатыр. 2025 жылға дейін тоғыз заманауи мектеп салу жоспарланған. Оның сегізі “Жайлы мектеп” жобасы аясында ірге көтереді. Мұның сыртында, облыс орталығында оқушылар сарайының ашылғанын да жылдың елеулі жаңалығы деуге әбден болады. ІQostanay аталатын заманауи кешенде 1 300 оқушы әртүрлі салаларда білімдерін жетілдіріп, қабілеттерін дамыта алады.
Өңірде білім беру сапасының артып келе жатқанының жарқын дәлелі аз емес. PISA халықаралық зерттеуінің қорытындысы бойынша, Қостанай облысының республикада 2-ші орынға ие болғанын айтсақ та жетіп жатыр.
Осы жылы денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемінің де ұлғайғанын да айта кету керек. Ұзын саны 109 миллиард теңге бөлініп, өткен жылғы межеден 26%-ға асып түскен. Бұл салада да айтарлықтай жетістіктер бар. “Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында желтоқсан айында алты бірдей медициналық нысан ашылды. 2024 жылы 19 медициналық ұйымның құрылысын бастау жоспарланып отыр.
Қостанай медицинасын кәсіби кадрлармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Жыл басынан бері облысқа 160 дәрігер келген. Оның ішінде 84-і – жас маман. 80 дәрігерге 345 миллион теңгеден көтерме жәрдемақы берілген. 59 дәрігерге тұрғын үй бөлінді.
Осы саладағы биылғы маңызды көрсеткіштердің бірі – өткен жылмен салыстырғанда нәресте өлімінің 30%-ға, ана өлімінің 20%-ға төмендеуі. Сондай-ақ қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім саны да кеми түскен.
Сайлы бастама – жайлы баспана
Құрылыс – облыс экономикасындағы дамушы салалардың бірі. Осы жылдың соңына дейін 450 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бүгінгі таңда 413 мың шаршы метр құрылыс толық аяқталған. Бұл дегеніміз – 3,5 мыңға жуық отбасы тұрғын үй жағдайларын жақсартты деген сөз. Тұрғын үйлер тек облыс орталығы мен қалаларда ғана емес, аудандарда да салыну үстінде. Бұл мақсаттарға 28 миллиард теңге бөлінген. Бұл – өткен жылғыдан 2 есе көп сома.
Тағы бір игі жаңалық – облыста жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін “Қостанай жастары” бағдарламасы белсенді іске асырылып жатыр. Биыл облыс өңірлерінің географиясы кеңейтіліп, қаржыландыру сомасы 3 есе ұлғайды. Бөлінген 2 миллиард теңге есебінен кемінде 140 отбасы қоныс тойын тойлайды.
Жол – тіршілік күретамыры
Қостанай облысы жолдар ұзындығы жөнінен республикада бірінші орын алады. Жалпы қашықтығы – 9 мың шақырым. Жолды жөндеу мен күтіміне жыл сайын қыруар қаржы бөлінеді. Биыл да осы бағытқа аз қаражат бағытталған жоқ. Автожол саласының биылғы бюджеті – шамамен 56 миллиард теңге. Бұл өткен жылғы деңгейден 30% артық. Осы қаржыға 94 елді мекенде 700 шақырым тас жол және 300-ге жуық көше жөнделді. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 87%-ға жетті.
Облыстық маңызы бар «Әйет-Варваринский- Ресей Федерациясына шығатын облыс шекарасы» автожолының учаскесін қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл ірі жобаның жалпы құны – 3 миллиард теңге. Бұл жобаны іске асыру облыстың көліктік-логистикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, “Әулиекөл-Жалдама” облыстық маңызы бар автожолдың соңғы учаскесі орташа жөндеуден өтті. Айта кетейік, бұл – облыс орталығын Жанкелдин, Амангелді аудандарымен және Арқалық қаласымен байланыстыратын жалғыз көлік дәлізі саналатын, ұзындығы 50 шақырымдық жол.
Тобыл-Торғай өңірінде 2023 жылы атқарылған жұмыстардың бір парасы осы. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таба бермек.
Жандос ЖҮСІПБЕК
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев