Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Қостанай таңы» газетінде қызмет еткен бұрынғы әріптесіміз Жұматай Кәкімжанов таяуда Әулиекөл ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
Жұматай Төкенұлы облыстық «Қостанай таңы» газетінде 2014-2022 жылдар аралығында бас редактордың орынбасары қызметін атқарды. Қарт басылымның көшін алға оздыруға, оның дамып-жетіле түсуіне сіңірген еңбегі зор. Журналистика саласында көп жылдық тәжірибесі бар кәнігі маман редакцияның аға буыны мен жас толқынының арасын жалғап, жемісті жұмыс істеді. Қарашаңырақтағы сегіз жылдық еңбек өтілінен кейін 2022 жылы Қостанай облысы әкімінің баспасөз хатшысы лауазымына ауысты. Бұл орында да тындырымды, қалтқысыз қызмет еткені әріптестерінің, мүдделестерінің, өңірлік БАҚ өкілдерінің бәріне мәлім. Енді, міне, жауапкершілік жүгі артылып, жаңа лауазымға тағайындалып отыр.
Жүгі ауыр әлеуметтік саланың тізгінін қолға алған Жұматай Төкенұлына жаңа қызметте сәттілік тілейміз!