Арқалық десе “Алюминстрой” ЖШС ойға оралады. Бастауын өткен ғасырдың елу алтыншы жылдарынан бастаған ірі кәсіпорын бүгінде Торғай өңірінде ғана емес, бүкіл республикадағы жетекші компаниялардың бірі.
“Алюминстрой” еліміздің түкпір-түкпірінде әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер, көпір, жол салады. Су құбырларын тартады. Меншігіндегі асфальт-бетон зауыты, қиыршық тас, құм карьерлері табысты жұмыс істейді. Мұның сыртында жайқалтып егін егеді, мыңғыртып мал да өсіреді. Қысқасы, өңірдегі ірі өндіріс ошағы құрылыс жұмыстарымен қоса ауылшаруашылығымен ұдайы айналысып, ел тұрғындарын сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп келеді. Қазір алпауыт кәсіпорынның қарамағында екі мыңға жуық адам жұмыс істейді. Бәрі де өз ісінің білікті маманы. Оларға компания барлық жағдайды жасап қойған. Бұл туралы сәл киінірек.
Уақыт бір орнында тұрмайды
“Алюминстрой” ЖШС – бұрынғы “Торғайалюминстрой”трестінің тікелей құқықтық мирасқоры. 1956 жылы облыс орталығын салу үшін құрылған кәсіпорын. Кеңес одағы тұсында аты дүркіреп тұрған компанияның қазіргі аяқ алысы да алымды. Бір сөзбен айтқанда, көптен көш ілгері, мойны озық. Кәсіпорын екі мыңыншы жылы қайта құрылды. ЖШС Бас директоры Абай Мұқановтың бір жерде табан аудармай жұмыс істеп келе жатқанына биыл тура қырық жыл толды. Қарапайым құрылысшыдан трест басқарушысы, серіктестіктің Бас директоры лауазымына дейін шырқаған білікті маман, білгір басшы уақыт үдерісіне сай құрылыс салудың технологиясы өзгергенін, заманауи құрылыс материалдарының жетілдіріп, жұмыс өнімділігі әлденеше есеге артқанын айтады. Тиімділігі жоғары. Алайда, бір нәрсе өзгеріссіз қалады – бұл сапа белгісі.
–Кешегі кеңес заманында трест тек қала құрылысына қажетті материалдар шығарумен, түрлі нысан салумен айналысты. Біздің қазіргі кәсібіміз де құрылыс саласынан алшақтаған жоқ. Бірақ, жұмыс ауқымын кеңейттік. Ең бастысы-сапа және жұмыс өнімділігін арттыру. Бұл екеуі негізгі ұстаным. Сосын ұжымдағы ауызбірлік, тәртіп компания жұмысын алға ілгерілетуші локомотив іспетті. Бүгінде “Алюминстрой” серіктестігі Торғай өңірі ғана емес, Қостанай, Алматы, Шымкент, Павлодар т.б өңірлерде табысты жұмыс істейді. Біз әуелі елдің әр қиырында бой көтеріп жатқан жаңа нысандардың құрылысына араласып қоймай, оның сапалылығына аса мән береміз. Бір кірпіш болса да, түзу қалануы тиіс. Сонда ғана жауапкершілік жүгі жеңілдейді,– дейді Абай Құспанұлы.
“Алюминстрой” ЖШС ұзақ жылдан бері Арқалықтың көркеюуіне сүбелі үлес қосып келеді. Қаладағы ондаған тұрғын үй, медицина, білім, мәдениет ошақтары, жол жөндеу жұмыстарында Абай Мұқановтың қолының табы жатыр. Ол басқаратын кәсіпорын ірі жобаларға қатысып, оларды мерзімінде ел игілігіне айналдыра білуі өңірдің экономикалық һәм әлеуметтік дамуына едәуір серпін бергенін айта кету ләзім.
Сөзіне ісі сай
Әбекең өзіне жүктелген міндетті бірізді етпей тыным көрмейтін жан. Біз Арқалыққа барған күні ол кісінің оңтүстік аудандарға сапарлап кеткенін естідік. Келесі күні түс әлетінде қабылдады.
–Бүгін ғана Торғай жақтан оралдым. Онда біздің бірнеше бригада құрылыс салып жатыр. Соның барысын бақыладым. Жұмыс ауқымы үлкен. Бірақ, кестеден ауытқуға болмайды. Торғайдың өз басында балабақша, тұрғын үй құрылысын қолға алғанбыз.Сужарғанда мектеп бой көтереді. Көкалат пен Ақкөл, Ахмет ауылдарына апаратын күре жолды асфальттау да біздің мойнымызда. Бұған дейін Аманкелді ауданындағы Тасты, Байғабыл, Үштоғай ауылдарының кіреберіс жолдарын жөндеп бердік. Арқалыққа қарасты Қайыңды, Екідің, Жаңақала ауылдарынында көшелер жолдары асфальтталды. Жол жөндеуге қажетті материалдарды алыстан тасымас үшін Аманкелдіде асфальт-бетон зауытын іске қостық. Арқалықта біреуі бар. Жұмысшыларымыздың дені жергілікті тұрғындар,– дейді Абай Мұқанов.
Кәсіпорынның бұдан басқа істеп жатқан тірлігі көп. Арқалықтың маңындағы үш-төрт тірек ауылдың ішіндегі жолдарды түгел тақтайдай етіп, тегістеп берді. Қаладағы құрылыста кәсіпорынның еңбегі өлшеусіз. Төсемтасқа дейін төсеп, жаңа кейіпке ендірген. Айта берсек, “Алюминстрой” серіктестігіндегі әмбебап құрылысшыларының ісіне көңіл қуанып, көз сүйсінеді. Жалпы, Торғай өңірінде кәсіпорын құрылысшыларының қол тимеген бірде- бір нысан жоқ. Ол жақтағы тарихи-мәдени ескерткіштер де осы іскер азаматтардың қолынан шыққан.
Мал баққанға бітеді
Сөзіміздің басында кәсіпорын ауылшаруашылық саласына да ден қойды дегенді айттық. Осыдан екі жыл бұрын “Алюминстрой” ЖШС Арқалықтың маңындағы “Айдар” елдімекенінен 7500 қара малға шақталған бордақылау алаңын ашты. Бұл да бір ірі өндіріс орны іспетті. Аумағы атшаптырым жерге салынған мал қоралары, жем қоймасы, ветеринарлық бөлім, басқа да нысандар тақыр жерден бой көтерген. Анадайдан көз тартар әдемі қалашыққа айналған. Мұнда қазір екі жүзден астам жылқы , ірі қара семіртіліп жатыр. Қалғаны Қайыңды жағында, қар түскенше далада жайылады.
–Жайлау осы жерден 60 шақырымдай жерде. Бар түлік сонда қазір. Қараша айында әкеп, қораға қамаймыз. Сосын өзіміздің ет комбинатының сұранысына қарай сойып отырамыз. Қыста соғым іздегендер де бізден келіп сатып алады. Негізі, мал өсірудің пайдасы көп. Тек, бағуын біл. Жемін құнарлы етіп, суын жылытып, алдынан шөбін үзбесең жарықтық мал деген тез оңалады. Бәріміз де кешегі кеңшарлар тұсында жұмыс істедік қой, мынадай жағдайы болды ма?! Мына салынған үй-жайлардың, қоралардың бәрі шетелдік фермалардан әсте кем емес. Шаруашылыққа жағдай жасап берген Абай Құспанұлына көп рахмет!, – дейді мал бордақылау алаңының меңгерушісі Жақсылық Қаратаев.
Жақсылық “Алюминстрой” серіктестігінде жиырма бес жылдан бері еңбек етеді. Әуелгіде дәнекерлеуші, ұста болған. Тіпті, аспаз болып та жұмыс істедім дейді өзі. Негізгі мамандығы зоотехник. Бес жылдан бері мал шаруашылығына жетекшілік етеді. Қарамағында отызға тарта адам тұрақты жұмыс істейді. Қол қусырып, қарап отырған бірі жоқ. Бірі малдың жемін, суын береді, енді бірі қиын азартады. Малдың қысқы азығын дайындау да үлкен шаруа. Мал азығы демекші, мұндағылар алдағы қысқа он мың рулон шөп дайындап алды. Жылдағы әдеті сол. Кейде одан да молырақ әзірлейді. Бұл енді қыстың ұзақтығына байланысты.
-Күні қазір бордақылау алаңында қойы бар, жылқысы бар, қара малы бар-барлығы төрт мыңдай түлік бағылымда. Биыл жек шаруалардан тағы екі мың бастай мал сатып аламыз. Сосын қолдағы мал біткен төлдейді. Алдағы уақытта түлікті өз төлінен көбейтіп, сол арқылы мал басын шегіне жеткізуді жоспарлап отырмыз,-дейді Абай Құспанұлы.
Құнарлы азығы болмаса малды семірту де оңай емес. Шаруашылықта бұл жағы жан-жақты ойластырылған. “Алюминстройдың” ұсақ жем шығаратын өз зауыты бар.
“Торғай-еттің де” табысы қомақты
“Алюминстрой” ЖШС-на қарасты “Торғай-ет” компаниясы 2017 жылы пайдалануға берілді. Содан бері өндіріс ошағы табысын еселемесе, кеміткен емес. Мұнда ет өнімдері, яғни, шұжық түрлері, қалбырдағы ет дайындалады. Кәсіпорын тәулігіне он тонна ет өнімдерін шығаруға қауқарлы. Өнімдері сұранысқа ие. Арқалықтың өз басын, жақын маңдағы төрт ауданды, Астана, Қостанай қалаларын дәмі келіскен өнімдермен қамтамасыз етіп отыр. Күні бүгін мұнда да отызға тарта адам жұмыс істейді.
–Осы жерде бес жылдан бері еңбек етемін. Біз 16 түрлі шұжық шығарамыз. Мәселен, сегіз сағаттық бір ауысымда 1,5 тонна шұжық т.б өндіреміз. Өнімдеріміз көп тұрмайды, өтіп кетеді. Өйткені, Торғайдың иен даласында жайылып өскен малдың еті дәмді, тіл үйіреді. Шикізат жеткілікті. Өз бордақылау алаңымыз бар. Сойыс малы сол жерден жеткізеді. Комбинаттағы қондырғылардың бәрі заманауи. 100 тоннаға дейін өнім сақтайтын үлкен тоңазытқышымыз бар. Қысқасы, барлық өндіріс жолға қойылған, – дейді бізді ет комбинатының күнделікті жұмысымен таныстырған директордың орынбасары Сергей Малов.
Ет комбинатына Торғай, Аманкелді жағынан мал әкеп тапсыратындар да жеткілікті. Яғни, шикізат жағынан еш іркіліс жоқ. Ендеше, “Торғай-еттің” табысы үстемелемесе, бір мысқал кемімейтіні анық.
Жайлы тұрмыс – жұмыс өнімділігінің кепілі
“Алюминстрой” ЖШС өз қарамағындағы жұмысшылардың барлық әлеуметтік жағдайын жасап отыр. Бұл енді әлмисақтан қалыптасқан дәстүр. Тұрмысы жайлы болса, адамның ісі өнікті келеді. Осыны мықтап ұстанған серіктестік басшылығы өз қызметкерлеріне арнап үш үй салып берді. Өз балабақшасы, қала сыртында 200 орындық жазғы лагерь жұмыс істейді. Биыл онда үш ауысыммен 650 бала демалған.
–Біз ең әуелі өз жұмысшыларымыздың тұрмыстық жағдайына қараймыз. Қарапайым еңбек адамы ештеңеге алаңдамауы керек. Сонда ғана жұмыс жүреді. Адам– біздің қоғамдағы ең басты капитал. Кез келген жан еңбегінің бейнетін көруге лайықты. Сондықтан, туған жердің гүлденуіне өз үлесін қосып жүрген әрбір азаматтың тұрмысын түзеуге міндеттіміз. Жазғы лагерьде демалушылардың саны жыл сайын артып келеді. Кезек көп. Біз ешқайсысын алаламаймыз. Тегін жолдама да беріледі. 30, 50% -тік жеңілдіктер де қарастырылған. Мұның сыртында жақсы көрсеткішке ие жұмыскерлерге сыйақы жағы қарастырылған. Біз арқалықтық тұрғындардың ешкімнен кем өмір сүрмеуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз, – дейді компания басшысы.
Айтпақшы, “Алюминстрой” кәсіпорыны осыдан төрт жыл бұрын “Восточный” ЖШС-ін сатып алды. Ондағы жағдайды көрген адам өз көзіне сенбесі анық. Мыңға тарта адам тұратын ауылдың барлық он үш көшесі асфальталған. Көше шамдары түнемелік самаладай жарқырап тұрады. Ауыз су құбыры үйді-үйге кіріп тұр. Наубайхана, кафе, бірнеше дүкен, моншасы бар. Ауылда екі жаңа үй, стадион салынып жатыр. Бұл туралы газетіміздің келесі сандарында кеңірек баяндаймыз.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ
Арқалық қаласы