Жұмбақ жәдігердің құпиясы e-history.kz

Жұмбақ жәдігердің құпиясы

Торғай музейлері кешенінде тұрған көне жәдігердің бірі – аласапыран заманның қиын-қыстау кезеңдерінде Алаш қайраткерлері өзара хабар-ошар алмасу үшін пайдаланған құпия белгі. Жұмбағы ашылмай қалған құпия белгінің көлемі тырнақтай ғана, бір жақ беті араб қарпімен әдіптеліп, жіңішке жібектен алқа жіп тағылған.

Құнды жәдігерді музейге 2021 жылы Гүлнар Дулатованың ұлы, қазіргі «Мектеп» баспасының басшысы Ерлан Сатыбалдиев әкеп тапсырыпты.

«Кезінде Қызбелдегі музейге анамыз өз қолымен әкеп өткізген. Содан бертінге дейін Қызбелде сақтаулы тұрды. Ол жерде не сигнализация жоқ, мектеп директорының сейфінде жатқан. Сосын мен 2021 жылы елге барғанымда Торғай музейлер кешенінің директоры Гулбану Сәрсекейге: «Бұл дүние ұрланбай, жоғалмай тұрғанда, актімен сізге өткізіп берейін» дедім. Осылайша, Торғай музейіне табыс еттім», – дейді Ерлан аға.

Құпия белгінің нендей материалдан жасалғаны белгісіз. Бір шетіне жіңішке жібектен жіп байланғандықтан, бір қарағанда тұмарға ұқсайды. Бірақ тұмар дейін десең, оған адамның басы сыймайды. Музей директоры Гүлбану Сәрсекейдің айтуынша, хабар жеткізуші бақылауы күшті жерлерден осы жіпті тісіне байлап, құпия белгіні жұтқыншағына жасырып, жанын шүберекке түйіп өтеді екен.

Жәдігермен бірге бір парақ қағазды көзіміз шалып қалды. Кәдімгі жұқа дәптерден жыртылып алынған торкөз парақта: «Асқарұлы Хайдардың жасырын белгісі. Асқар Дулатов – Міржақып Дулатовтың ағасы» деп жазылған.

Мұның мән-жайын Ерлан Сатыбалдиевтен сұрап көріп едік, ол кісі:

«Бір жақ бетіне арабша «Қайрат» деген сөз жазылған. Тағы бір сөз бар, бірақ ол оқылмайды. Бір әрпі өшіп қалған болу керек. Жалпы, мен төте жазуды танып, оқи аламын. Бірақ белгідегі екінші сөзді ажыратып оқу маған қиынға соқты. Бұл құпия бір хабарды жеткізу керек болғанда пайдаланылған. Ол кезде жеткізетін адамға құпия хабар ауызша айтылады. Ал ол кісі, мәселен, Міржақып атамыздан келгенін дәлелдеу үшін хабар алушыға осы құпия белгіні көрсеткен», – деді.

– Мұны «Алаш паролі» деуге келе ме?

– Бұл өзі зерттелмеген нәрсе және оның құпиясын ашу қиынға соғады. Сондықтан сіз айтқандай ұрандатып керегі жоқ. Бірақ бұл – аса құнды көне жәдігер. Музей де нақтылықты қажет ететін ғылымға жақын сала ғой. Мұнда бірізділік керек. Қазір мен сізге бір нәрсе айтсам, келесі адам оны басқаша топшылауы, тіпті жоққа шығаруы мүмкін. Осылайша, қолдан аңыз туғызамыз. Тарихты ақиқаттан алыстатып, жәдігердің құндылығын жоғалтып алуымыз ғажап емес. Бұл жерде аса ұқыптылық қажет. Өйткені біз оны нақты қалай пайдаланғанын білмейміз. Ол сол кісілердің өздеріне ғана аян.

Ерлан Әбілұлының айтуынша, Алаш қайраткерлері хатқа сенбеген. Сондықтан маңызды хабарларды қажет жерге адам жіберіп жеткізіп отырған. Өздері Германиядан Ғазымбек Бірімжанов алып келген арнайы шифр таңба да ұстапты. Мәселен, Мұстафа Шоқаймен осы шифр арқылы хат алысқан.

Қалай десек те, Торғайда тұрған құнды жәдігер жан-жақты зерттеуді қажет ететіні анық. Олай болмаған жағдайда, алаш жәдігерінің жұмбағы қиын-қыстау заманда ұлт азаттығы үшін күрескен қайраткер аталарымыздың өздерімен бірге кеткен көп құпияның бірі болып қала бермек.

Жанкелдин ауданы

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу