Жүз он үй сүріледі

Жүз он үй сүріледі

Тасқын су салдарынан апатты деп танылған қостанайлықтардың үйлері сүріліп жатыр. Қазіргі күні “Колесные ряды” ауданыда жеті үй толық бұзылған. Техникалық сараптама қорытындысына сүйенсек, қалада 110 үй апатты деп танылған.

Үй иелері жаңа үйлерге көшкен. Үйлер толық сүрілген соң, жер телімі заң аясында жылжымайтын мүлікпен бірге иелерінің жазбаша келісімімем мемлекет меншігіне өтеді. Қала әкімі Марат Жүндібаев жұмыстын қалай атқарылып жатқанын БАҚ өкілдерімен бірге көріп қайтты.

Меншік иелеріне үйлерінен жарамды дүниелерін алуға уақыт берілген. Әр үйді бұзған соң аумақта дезинфекциялау және дератизациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Үйлері тұруға жарамды дегендерге қосымша жөндеу жұмыстарына қаржы берілген. Олардың дені жөндеу жұмыстарын аяқтаған. Арнайы комиссия қала тұрғындарының 222 өтінішін қараған.

“Барлығы мемлекеттен көмек алды. Үйлері тұруға жарамсыздары баспанаға қол жеткізді. Яғни, оларға таңдау берілді, бірі пәтерге, бірі жер үйге қоныстанды. Қонайдан 14 үй салынды, 96 пәтер сатып алынды. Аудандағы 104 үй қалыпқа келтірілуді. Төрт үйге мердігерлер көмектесіп жатыр, қалғандары өз күштерімен мемлекеттен берілген ақшаға жөндеу жүргізуде. Заң бойынша алты ай уақыттары бар. Атқарылған жұмыс пен жұмсалған ақша үшін есеп береді”, – деді қала әкімі.

Бұл ауданда барлығы 110 үй сүріледі. Баспананы бұзумен үш мердігер ұйым айналысып жатыр. Жұмысты осы жылдың 1 қазанына дейін аяқтау көзделген.

“Картада қызыл түспен белгіленгендер сүрілетін үйлер. Ал көк түспен белгіленгендер қалатын үйлер. Бірақ қалған 46 үйді біз мемлекет меншігіне өткізіп, рекреациялық аймақ етіп жасаймыз. Жергілікті тұрғындарға үйі мен жері үшін өтемақы ұсынамыз. Ұсынысымызды қабыл алу, алмай өздерінің құқы. Егер тұрғын “Жоқ, ешқайда кетпеймін, қалам десе” мәжбүрлей алмаймыз. Ондай жағдайда заңды құжат әзірлейміз. Яғни, су тасқыны тағы қайталанып, үйін су алса бізге шағым айтпауы керек және жалғыз қалдырып кетті деп арызданбауы қажет. Бұл құжат меншік иесінің су тасқыны қаупі бар аумақта тұруға шешім қабылдағанының дәлелі болады”, – деді шаһар басшысы.

Қала әкімінің айтуынша, сүрілген үйлердің орнына баспана салынбайды. Ол рекреациялық аймақ болады. Саяжай, болмаса тағы басқа әлеуметтік нысан салынады. Егер жергілікті тұрғын көшуден бас тартса, ол ісі жоспарға кедергі емес дейді. Қалған үйлердің саны ескеріліп, саябақ бәрібір салынады.

Біз барғанда Ольга Конысбаева ескі үйінің ауласында жүр екен. Сөзінше жарамды заттарды алып кетуге келіпті. Ол қазір Қонай ауданындағы жаңадан салынған жер үйде тұрады.

“Үйді су басқанда далада қалмаймыз ба деген қорқыныш болды. Бірақ мемлекет көмектесті. Өз басым ештеңеден ұтылған жоқпын. Жаңа үйім мен жер телімі ескісіне қарағанда едәуір үлкен әрі кең. Бұрыңғы үйім 50 шаршы метрден сәл көп еді, жаңасы 80 шаршы метр. Қонайдағы жаңа үй ұнады. Мектеп пен балабақша жақын орналасқан. Ешқандай шағымым жоқ”, – дейді Ольга Конысбаева.

Бір үйді сүріп, орынын залалсыздандыруға шамамен 1.7 млн теңгенің айналасында қаржы кетеді. Бұзылған үйлердің үйіндісі полигонға шығарылады.

 Азамат Тілеумурзин отбасымен су басқан үйінде тұрып жатыр. Бір жағынан жөндеу жұмыстарын атқаруда. Іргетасы мен еденін толығымен ауыстырып жатыр. Қабырға әлі де ылғал толғандықтан, түс қағаз жабыстыра алмай отырған көрінеді. Тұрғын қала әкімінен су басқан моншасының неліктен сметаға енгізілмегенін сұрады. Марат Жүндібаев неге бұлай болғанын және бұл сұраққа дәл қазір жауап бере алмайтынын жеткізді. Комиссия ең бірінші тұрғын үйді, кейін қалғандарын қарастырады деді. Бұл үйде 6 адам тұрады. Азамат үйді екі жыл бұрын сатып алған. Су басқанға дейін де жөндеу жұмысына біраз қаржы жұмсапты.

“Қазір үйімді сата алмайтыным анық. Су басқан үйді ешкім алғысы келмейді. Әкімдік өтемақы төлеп үйді аламыз деп отыр. Бірақ нарық құнынан төмен бағаға бермеймін. Бастапқы құны мен өзім жұмсаған қаржыны есептеймін. Егер ұсынған бағалары көңілімнен шықса, мемлекет меншігіне өткізуге әзірмін”, – дейді Азамат Тілеумурзин.

 

Үйлері тұруға жарамдылары жөндеу жұмыстарына 7 млн теңге көлемінде әрқайсы өтемақы алған. Өйткені, саябақ салу жобасы алдағы екі, үш жылда жүргізілмейді. Бірақ түптін-түбінде іске асатыны анық. Сол уақытқа дейін, өздерінің жайлылығы үшін, жөнделген үйде тұрулары қажет екенін жеткізді қала әкімі. Бірақ, үйлерді мемлекет меншігіне алу ісі келер жылдан бастап жүргізіле бастайды. Марат Жүндібаев бұл аудандағы тұрғындардың дені үйлерін өткізуге дайын деп отыр.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген –  Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу